2025 жылғы 13-17 қазан аралығында Куала-Лумпурда ҚР Малайзиядағы Елшілігінің қолдауымен Алматы Менеджмент Университетінің (AlmaU) делегациясы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитетінің «Қазақстанның жеделдетілген технологиялық әртараптандыру стратегиясы мен жаңа индустриялық саясатын әзірлеу» атты гранттық жобасы аясында іссапармен болды. Делегация құрамына қазақстандық ғалымдар мен оқытушылар кірді.
Сапардың мақсаты – Малайзияның технологиялық жаңғырту, инновациялық кәсіпкерлік және технологиялар трансфері саласындағы тәжірибесін зерделеу, сондай-ақ елдің жетекші ғылыми, білім беру және өнеркәсіптік орталықтарымен серіктестік байланыстарды кеңейту болды.
Іссапар барысында делегация университеттер, ғылыми-зерттеу орталықтары және технологиялық компаниялардың өкілдерімен кездесулер мен келіссөздер өткізді. «Asia Pacific University» университетінде ғылыми-білім беру бағдарламалары таныстырылып, ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Ал «MIMOS» ұлттық инновациялық орталығына сапар кезінде делегация жасанды интеллект, цифрлық шешімдер және өнеркәсіптік технологиялар саласындағы әзірлемелермен танысты.
Бұдан бөлек, делегация «Cyberjaya Tech Hub» технологиялық кластерінде болып, инновациялық экожүйелер мен цифрлық хабтарды дамыту перспективаларын талқылады. Сондай-ақ «Proton Manufacturing» өндірістік кешеніне барып, машина жасау мен автоматтандыру саласындағы заманауи шешімдер мен өндірістік мүмкіндіктермен танысты.
Қазақстандық ғалымдар «T-Robot Malaysia» компаниясына да барып, озық технологияларды енгізу және университеттердің өндірістік құрылымдармен өзара іс-қимылы мәселелері бойынша мазмұнды пікірталас жүргізді.
Аталған сапар Қазақстан мен Малайзия арасындағы ғылыми-техникалық және білім беру ынтымақтастығын тереңдетудегі маңызды қадам болды. Оның нәтижелері тараптардың бірлескен зерттеу алаңдарын құруға, өнеркәсіптік саясат саласында тәжірибе алмасуға және инновацияларды экономикаға енгізуге өзара мүдделі екенін растады.