Жамбыл облысы Малайзия іскерлік топтарымен ынтымақтастықты нығайтуда

Жамбыл облысы Малайзия іскерлік топтарымен ынтымақтастықты нығайтуда

2025 жылғы 15-16 қазанда Куала-Лумпурда Жамбыл облысы әкімдігінің делегациясы облыс әкімінің орынбасары Әбілқайыр Тамабектің жетекшілігімен іссапармен болып, Қазақстан мен Малайзия арасындағы бірлескен жобаларды жүзеге асырудың жаңа мүмкіндіктерін айқындау, өңірдің инвестициялық әлеуетін ілгерілету және экономикалық байланыстарды нығайту мақсатында бірқатар кездесулер өткізді.

Сапар барысында делегация Малайзия халықаралық сауда-өнеркәсіп палатасының (MICCI) басшылығымен кездесу өткізіп, сондай-ақ Перак және Селангор сияқты Малайзияның экономикалық тұрғыдан ең дамыған штаттарының компанияларымен келіссөздер жүргізді. Кездесулерде жаңартылатын энергетика, су ресурстарын басқару, қалдықтарды қайта өңдеу, құрылыс және өнеркәсіп салалары қамтылды.

Ә.Тамабектің айтуынша, Жамбыл облысы – шетелдік инвестиция тартуға қолайлы жағдайы бар, инфрақұрылымы дамыған және табиғи ресурстарға бай, Қазақстанның серпінді дамып келе жатқан өңірлерінің бірі. Кездесулер барысында малайзиялық тарапқа өңірдің басым жобалары және оларға малайзиялық компаниялардың қатысу мүмкіндіктері туралы ақпарат ұсынылды.

Сапар өзара қызығушылық пен сындарлы диалог рухында өтті. Тараптар өңірлік әріптестікті нығайтуға және инвестициялық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған практикалық қадамдарға дайын екендіктерін білдірді. Қол жеткізілген уағдаластықтар болашақта іскер байланыстарды кеңейтіп, өңір экономикасының негізгі секторларына инвестиция тартуға берік негіз қалайды деп күтілуде.