С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде Халықаралық жасанды интеллект мектебі ашылады

С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде Халықаралық жасанды интеллект мектебі ашылады

Куала-Лумпур, 2025 жылғы 26 қыркүйек – С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті (ШҚУ) Малайзияның жетекші жоғары оқу орындарының бірі – Sultan Idris білім университетімен (UPSI) ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды. Құжатқа ШҚУ ректоры, профессор Мұхтар Төлеген және UPSI ректоры, профессор Мд Амин Мд Тафф қол қойды. Іс-шараға Қазақстанның Малайзиядағы Елшісі Булат Сүгірбаев, екі елдің академиялық құрылымдары мен ғалымдары қатысты.

Меморандум аясында Жасанды интеллекттің Халықаралық мектебін (AI School) ашу туралы шешім қабылданды. Сонымен қатар, педагогика, физика, ақпараттық технологиялар, жасанды интеллект және цифрлық шешімдер бағыттары бойынша қос дипломды бірлескен бағдарламалар енгізілетін болады. Студенттер мен оқытушылар арасында академиялық алмасу жүзеге асырылады; ядролық физика, сутек энергетикасы, инклюзивті білім беру және цифрлық трансформация салаларында бірлескен ғылыми жобалар іске асырылады.

ШҚУ ректоры сондай-ақ UPSI базасында Абай атындағы мәдени-білім беру орталығын ашуды ұсынды. Бұл орталық қазақ тілі, мәдениеті, рухани мұрасы мен Абайдың философиялық идеяларын халықаралық деңгейде насихаттауға ықпал етпек.