Қазақстан мен Малайзия сауда, инвестиция және азық-түлік қауіпсіздігі салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуге уағдаласты

Қазақстан мен Малайзия сауда, инвестиция және азық-түлік қауіпсіздігі салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуге уағдаласты

Куала-Лумпур, 2025 жылғы 17-18 қыркүйек - Оңтүстік-Шығыс Азия нарықтарына қазақстандық өнімді экспорттауды кеңейту жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында, Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев бастаған 20 отандық өндірушіден құралған бизнес-делегация Малайзияға жұмыс сапарымен барып, елдің негізгі мемлекеттік органдарымен және іскер топтарымен екіжақты келіссөздер жүргізді.

Малайзияның Инвестициялар, сауда және өнеркәсіп министрі Зафрул Абдул Азизпен өткен кездесуде тараптар сауданы кеңейту, тауар айналымын әртараптандыру және инвестиция тарту перспективаларын талқылады. Қазақстандық тарап металлургия, азық-түлік өнімдері, машина жасау және химия өнеркәсібі салаларындағы экспорттық әлеуеттің жоғары екендігін атап өтті. Министр Қазақстанның MIHAS-2025 көрмесіне ұлттық павильонмен қатысуы өңірлік нарықта отандық халал өнімдерінің үлесін арттыруға мүмкіндік беретінін айтты.

Министрлердің қатысуымен «QazTrade» АҚ мен Малайзияның сыртқы сауданы дамыту корпорациясы «MATRADE» арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Бұл құжат ынтымақтастықты институционализациялау мен іскерлік байланыстарды кеңейтуге арналған маңызды құралға айналмақ.

Сондай-ақ тараптар үкіметаралық комиссия мәртебесіне ие Бірлескен сауда-экономикалық комитеттің алдағы 4-отырысына дайындық мәселелерін талқылады. Министр Зафрул Абдул Азиз 2026 жылдың бірінші тоқсанында Малайзияның мүдделі мемлекеттік органдары мен бизнес өкілдерімен бірге Астанаға келуге ниетті екенін растады.

Малайзияның Ауыл шаруашылығы және азық-түлік қауіпсіздігі министрі Мохамад Сабумен келіссөздер барысында агроөнеркәсіп кешені мен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету салаларындағы ынтымақтастықты нығайтуға баса назар аударылды. Қазақстан Малайзияға сынамалық түрде бидай және басқа да халал өнімдерді жеткізуге дайын екенін білдірді, сондай-ақ ет және сүт өнімдерін экспорттауға рұқсат беру рәсімдерін жеделдету қажеттігін атап өтті. Тараптар агротехнология, тұрақты егіншілік, АӨК-ті цифрландыру және Малайзияның Ислам азық-түлік қауіпсіздігі ұйымының жұмысына қатысуы салаларындағы бірлескен жобаларды талқылады.

Малайзияның Ұлттық сауда-өнеркәсіп палатасының Бас хатшысы С. Гнанасамбантанмен өткен кездесуде екі ел кәсіпкерлерінің тікелей байланысын дамыту мәселелері қаралды. Қазақстан-Малайзия іскерлік кеңесінің жұмысын жандандыру және логистика, цифрлық экономика, жасыл энергетика мен өнеркәсіп салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді. «ASEAN Express» және Орта дәліз сияқты халықаралық көлік бағыттарын пайдалану арқылы бірлескен жеткізу тізбектерін дамыту мүмкіндіктері ерекше атап өтілді.

Сапар қорытындысы бойынша тараптар стратегиялық әріптестікті нығайтуға, сауда мен инвестицияны кеңейтуге, сондай-ақ азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және экономиканы инновациялық шешімдермен дамыту жолында бірлесіп жұмыс істеуге дайын екендіктерін растады.