Қазақстанның Малайзиядағы Елшісі Болат Сүгірбаев Селангор штатының Бас Министрі Амирудин бин Шаримен кездесу өткізіп, Қазақстан мен Селангор арасындағы ынтымақтастықты нығайту жолдарын талқылады.
Селангор - Малайзияның ең дамыған және экономикалық тұрғыдан маңызды өңірлерінің бірі ретінде елдің жалпы өсіміне елеулі үлес қосып отыр. Бас министр штаттың инвестиция тарту және инновацияны дамыту бағытындағы басымдықтарын таныстырды.
Кездесу барысында тараптар туризм, академиялық алмасу және цифрлық трансформация салаларындағы ықпалдастық мүмкіндіктерін талқылады. Университеттер мен кітапханалар арасындағы әріптестік, студенттер алмасуы, сондай-ақ жазушылар мен аудармашылардың қатысуымен өтетін әдеби және аударма жобаларына ерекше назар аударылды.
Елші Б. Сүгірбаев Қазақстанның цифрлық үкімет пен смарт-қалаларды дамытудағы жетістіктері туралы айтып, елдің Еуропа мен Азия арасындағы стратегиялық орналасуына тоқталды. Сондай-ақ, Селангордың дамыған порттық және логистикалық инфрақұрылымы Қазақстанның сауда және көлік байланысын кеңейтуге ықпал ете алатынын атап өтті.
Бас министр бұл бастамаларды қолдап, келесі айда Қазақстанға ресми сапармен баруға ниетін білдірді.