Куала-Лумпур, 2025 жылғы 16 маусым – Қазақстанның Малайзиядағы Елшісі Болат Сүгірбаев Малай сауда палатасының (Dewan Perniagaan Melayu Malaysia, DPMM) басшылығымен кездесу өткізді. Кездесу барысында екі ел арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамыту перспективалары талқыланды.
Палата президенті Норшахрин бин Хамидон қазақстандық тарапқа Алматы қаласында DPMM-нің алғашқы шетелдік кеңсесін ашу жөнінде қабылданған шешім туралы хабарлады. Жаңа кеңсе биыл жұмысын бастап, Қазақстан, Орталық Азия және ТМД елдері нарықтарына шығуға мүдделі малайзиялық компаниялар үшін қолдау алаңына айналмақ. Н. Хамидонның айтуынша, Малайзияның іскер топтары Қазақстанды Еуразиялық кеңістікте бизнесті дамытуға қолайлы перспективалы хаб ретінде қарастырады.
Өз кезегінде, Елші Б. Сүгірбаев Қазақстан Малайзиямен экономикалық байланыстарды нығайтуға айрықша мән беретінін және оны Оңтүстік-Шығыс Азиядағы стратегиялық әріптесі ретінде қарастыратынын атап өтті. Ол шетелдік инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасау «Жаңа Қазақстанды» құру жолындағы негізгі басымдықтардың бірі екенін айтты.
Сондай-ақ, Елші Алматыда DPMM кеңсесінің ашылуы екі елдің іскер топтары арасындағы өзара іс-қимылды жандандыруға, экономикалық әріптестікті тереңдетуге, өзара сауданы кеңейтуге және бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыруға серпін беретініне сенім білдірді.