2025 жылғы 3 маусым, Куала-Лумпур - Қазақстан Республикасының Малайзиядағы Елшісі Болат Сүгірбаев Куала-Лумпур қаласында Малайзия Орта деңгейлі кәсіпорындар консорциумының (Malaysian Consortium of Mid-Tier Companies, MCMTC) басшылығымен және мүше компанияларымен кездесу өткізді.
Кездесу барысында Б. Сүгірбаев Қазақстан экономикасының негізгі көрсеткіштерімен, шетелдік инвесторларды қолдау шараларымен, инфрақұрылымдық даму үдерістерімен, цифрландыру саласындағы жетістіктермен және іскерлік ортаны жетілдіру бағытындағы жұмыстармен таныстырды. Сонымен қатар, ол шетелдік серіктестермен ашық диалог принциптеріне берік екендігін атап өтті.
Іс-шара аясында Қазақстан мен Малайзия арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланып, екі елдің іскерлік топтары арасында тікелей байланыс орнату перспективалары қарастырылды.
Малайзиялық компаниялардың өкілдері Қазақстанның инвестициялық әлеуетіне, сондай-ақ еліміздің өңірлік хаб ретіндегі мүмкіндіктеріне жоғары қызығушылық білдірді.
Кездесу қорытындысы бойынша, Малайзия Орта деңгейлі кәсіпорындар консорциумына мүше компаниялардың қатысуымен Қазақстанға іскерлік миссия ұйымдастыру жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді. Миссияның мақсаты – елдің мүмкіндіктерімен танысу және қазақстандық бизнес өкілдерімен тікелей байланыс орнату.