Молдова Конституциялық сотының төрайымы Домника Манолеге Қазақстан Республикасының наградасын табыстау

Молдова Конституциялық сотының төрайымы Домника Манолеге Қазақстан Республикасының наградасын табыстау

Кишинев, 2025 жылғы 4 қараша – ҚР Молдова Республикасындағы Елшілігінде Молдова Республикасы Конституциялық сотының төрайымы Домника Манолеге «Қазақстан Республикасы Конституциясына 30 жыл» медалін салтанатты түрде тапсыру рәсімі өтті.

Медаль Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың  Жарлығына сәйкес Маноле ханымға табыс етілді. Бұл марапат оның Қазақстан мен Молдова арасындағы екіжақты қарым-қатынастарды дамытуға, конституционализм мен заң үстемдігі қағидаттарын нығайтуға қосқан елеулі жеке үлесін, сондай-ақ екі ел арасындағы институтаралық ынтымақтастықты ілгерілетудегі еңбегін мойындау ретінде берілді.

Салтанатты шара барысында Қазақстан Республикасының Елшісі Алмат Айдарбеков құқықтық диалог пен институционалдық байланыстарды нығайту ісінде Молдова Республикасының Конституциялық соты тарапынан көрсетіліп келе жатқан тұрақты қолдауға алғысын білдіріп, өзара құрмет пен достыққа негізделген ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті..

Өз кезегінде, Маноле ханым Қазақстан Республикасының басшылығына өзіне көрсетілген құрмет пен оның екіжақты қарым-қатынастарды дамытуға қосқан үлесін бағалағаны үшін шын жүректен алғысын білдірді. Ол Қазақстан мен Молдова Конституциялық соттарының арасында кәсіби ынтымақтастық пен конституциялық сот төрелігінің ортақ құндылықтарына негізделген берік әрі сенімді қарым-қатынас қалыптасқанын атап өтті.

Конституциялық Сот Төрайымы 2025 жылғы 30 қазанда Конституциялық сот Төрелігі жөніндегі Дүниежүзілік конференцияның VI Конгресі (Мадрид қ.) аясында Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының Төрайымы Эльвира Азимовамен кездесу өткенін, оның барысында тараптар конституциялық бақылау саласындағы ынтымақтастықты дамыту және тәжірибе алмасу перспективаларын талқылағанын еске салды. Келіссөздер қорытындысы бойынша Молдова Республикасының Конституциялық соты мен Қазақстан Республикасының Конституциялық соты арасындағы өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойылды, ол бірлескен конференциялар, ғылыми алмасулар мен судьялар мен сарапшылардың өзара сапарларын өткізуге жаңа мүмкіндіктер ашты.

Маноле ханым Қазақстанға бірнеше рет келгенін және бұл сапарлар қазақстандық әріптестерінің қонақжайлылығы, ашықтығы мен кәсібилігі арқасында ең жылы әсер қалдырғанын атап өтті. Ол екі елдің сот институттары арасындағы қазіргі диалог бұдан былай да заң үстемдігін, демократия мен адам құқықтарын нығайтуға қызмет ететініне сенім білдірді.

Сонымен қатар, Молдова Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Бас хатшысы Серджиу Михов Қазақстан Республикасы мен Молдова Республикасы арасындағы ынтымақтастықты дамыту ортақ демократиялық құндылықтар мен құқық үстемдігі қағидаттарына өзара сенімге, құрмет пен адалдыққа негізделетініне тоқталды. С.Михов бұл рәсім Маноле ханымның жеке еңбегін мойындауды ғана емес, сонымен қатар саяси диалог, құқықтық өзара іс-қимыл және мәдени алмасу арқылы кеңейіп келе жатқан екі ел арасындағы достық пен стратегиялық әріптестікті нығайтуды бейнелейтініне назар аударды.

Мемлекеттік мекемелер, дипломатиялық корпус және академиялық орта өкілдерінің қатысуымен іс-шара салтанатты әрі жылы ахуалда өтті.