Киевте Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты қабылдау өтті

Киевте Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты қабылдау өтті

2021 жылғы 16 желтоқсанда Киевте «Парковый» конгресс-көрме орталығында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған салтанатты қабылдау өтті.

Қазақстанның Украинадағы Елшілігі өткізген іс-шараға Украина билігінің өкілдері, елдің көрнекті саяси және қоғам қайраткерлері, қазақ және украин бизнесінің, қазақ диаспорасының, БАҚ өкілдері және т.б. қатысты.

Қабылдау украиндық балалар хорының Қазақстан мен Украина әнұрандарын жанды дауыста орындауымен басталды.

Қазақстанның Украинадағы Елшісі Дархан Кәлетаев өз сөзінде қазақ халқының маңызды тарихи аспектілері, қазақы болмысы, көпұлтты Қазақстанның бірлігі, экономикадағы жетістіктері, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 30-жылдық жолындағы елеулі рөлі, еліміздің тәуелсіздік алған жылдары, Қазақстанды халықаралық аренадағы маңызды ойыншы ретінде тануы, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздің саяси, әлеуметтік-экономикалық бағытын жалғастыруы туралы атап өтті.

Дипломатиялық миссия басшысы Қазақстан мен Украина арасындағы бауырластық байланыстарды, халықтарымыздың ортақ тарихы мен мәдени байланысын ерекше атап өтті.

Сөзін қорытындылай келе, Елші: «Бүгінгі Қазақстан – саяси ұстанымы айқын, экономикасы тұрақты, халқының әл-ауқаты күн сайын өсіп келе жатқан, эволюциялық даму жолын таңдаған көшбасшы ел.

Қазақстан өзінің сыртқы саяси міндеттемелері мен мақсаттарына берік. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында еліміз бекіткен «көпвекторлы саясат» қағидасын ішкі және сыртқы тараптар да кеңінен түсініп, қолдап отыр», - деп айтты.

Украинаның Аграрлық саясат және азық-түлік министрі Роман Лещенко Қазақстанмен ынтымақтастықтың маңыздылығы және оның болашақ перспективалары туралы айтып өтті.

Сондай-ақ іс-шараға Қазақстанның танымал достары – Киев қаласының мэрі Виталий Кличко, атақты боксшы Владимир Кличко, Украина Жоғарғы Радасының депутаты Иван Кириленко және т.б. келді.

Виталий Кличко өз сөзінде Қазақстанды өзінің балалық шағы өткен шағын Отаны деп атады. Владимир Кличко да туған жері туралы сүйіспеншілікпен айтты.

Салтанатты іс-шара аясында «Украинадағы Қазақстанның дауыстары» атты концерт өтті, онда украиндық «Ел дауысы» шоуының қазақстандық қатысушылары - Индира Еділбаева, Ерлан Байбазаров, Сәуле Жұмабекова, Диляра Дидарқызы, Нұрсұлтан Шатырханұлы, сондай-ақ украиналық «Дауыс. Балалар» - Данэлия Төлешова өз әндерін орындады.