Қазақстандық азат етушілер Харьков облысында еске алынды

Қазақстандық азат етушілер Харьков облысында еске алынды

Ү.ж. 22 маусымда Харьков облысындағы «Маршал И.Коневтің биіктігі» мемориалдық кешенінің аумағында «Украинаны фашистік басқыншылардан азат етудегі және оның ұлттық экономикасын қалпына келтірудегі қазақстандықтардың қосқан үлесі» атты көрме стендінің салтанатты ашылуы өтті.

Іс-шара сол кездегі оқиғалардың тарихи фактілері мен материалдық экспонаттарын көпшілікке ұсыну мақсатында Елшілік пен ҚР Қорғаныс министрлігінің қолдауымен Қазақстан Республикасының Харьковтегі Құрметті консулдығымен ұйымдастырды. Мұның алдында Харьков және Харьков облысы маңындағы ұрыстарда қаза тапқан және жоғалып кеткен Қазақстан сарбаздарын іздестіру бойынша Харьков ұлттық «Бірлік» қоғамдық бірлестігінің ұзақ мерзімді жұмысы өткізілді. Олардың күш-жігерінің арқасында соңғы уақытқа дейін «жоғалған» деп саналған 106-шы Ақмола атты әскер дивизиясына қатысты әділеттілік қалпына келтірілді.

Көрме стендінде Қазақстан мен Украина халықтарының жауынгерлік бауырластығының тарихы ашылып, Қазақстанның Украинаны азат етудегі және елдің халық-шаруашылық кешенін қалпына келтіруге қосқан үлесін көрсетеді. Соғыс жылдарындағы сирек кездесетін архивтік, оның ішінде Украинада өз ерлігін көрсеткен Кеңес Одағының батырлары бейнеленген фотосуреттер орналасқан. Бөлек стенд партизандық қозғалысқа, оның ішінде аты аңызға айналған «Вася» партизаны Қасым Қайсеновке арналған.

Мемориалды кешеннің бас директоры Владимир Гаврюшенко іс-шараны аша отырып, оның Қазақстан мен Украина арасындағы қатынастарды дамытудағы маңыздылығын атап өтті. Ол Украинада фашистік Германиядан азат етуші-жауынгерлерді жоғары бағалап, оларды еске түсіріп құрметтеп тұратынына ерекше назар аударды.  Украина Жоғарғы Радасының халық депутаты Евгений Пивоваров Қазақстан халқына Украинаны азат етуге қосқан орасан зор үлесі және тарихқа, ардагерлер мен тыл еңбеккерлеріне деген құрметі үшін алғысын білдірді.

Қазақстан Елшілігінің кеңесші-уәкілі Тоқтар Игембаев жас буындар соғыс жылдарындағы қайғылы оқиғалардан сабақ алып қана қоймай, сонымен бірге өздерінің батыр бабаларының батылдық пен Отанына деген жанқиярлық сүйіспеншіліктің үлгісінде тәрбиеленуі үшін осындай іс-шараларды өткізудің қажеттілігін атап өтті.

Қазақстан Республикасының Құрметті консулы Эмин Наджафли көрме музей қонақтарының хабардарлығын кеңейтіп, әрі қарайғы бірлескен жобалардың негізіне айналады деген сенімін білдірді. «Өткенді еске алып, оны құрметтейтін әрбір адамның болашағы болатынын ұмытпайық», - деді ол.

Іс-шара аясында қазақстандықтардың Украинаны азат етудегі рөлі туралы деректі хроника көрсетіліп, «соғыс жылдарындағы» әндердің концерттік бағдарламасы орын алды.