Қазақстанның Украинадағы Елшісі Украинаның Болашақ институтының атқарушы директорымен кездесті

Қазақстанның Украинадағы Елшісі Украинаның Болашақ институтының атқарушы директорымен кездесті

2021 жылғы 7 маусымда Қазақстан Республикасының Украинадағы Елшісі Дархан Кәлетаев Украинаның Болашақ институтының атқарушы директоры Вадим Денисенкомен кездесті.

Кездесу барысында Украинаның Болашақ институты (УБИ) мен Қазақстандағы осыған ұқсас құрылымдар арасында серіктестік қатынастарды орнату мәселелері талқыланды. Қазақстандық тарапқа УБИ-дің бірқатар авторлық материалдары, оның ішінде мамыр айындағы Украинаның ішкі саяси жағдайы және саяси элитаның рейтингтері туралы социологиялық зерттеу нәтижелері ұсынылды.

Қазақстан Елшісі Қазақстанның мемлекеттік және мемлекеттік емес ой талдамалық орталықтарын Украинаның Болашақ институтымен ынтымақтастыққа тарту бойынша нақты ұсыныстар берді.

Экономикалық өсудің перспективалық нүктелерін іздеу, сауда-экономикалық байланыстар мен инвестициялық жобаларды кеңейту ынтымақтастықтың басым бағыты ретінде аталды.

Екіжақты және көпжақты күн тәртібінің өзекті мәселелерін талқылауға арналған бірлескен алаңдар ұйымдастыру ұсынылды.

Украинаның болашақ институты өкілдерін Елші осы күзге жоспарланған Қазақстан Республикасы мен Украина Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған конференцияға қатысуға шақырды.