Ж. Жабаев атындағы кітапханада мәдени-ағарту іс-шарасын өткізу туралы

Ж. Жабаев атындағы кітапханада мәдени-ағарту іс-шарасын өткізу туралы

Киев, 2025 жылғы 17 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнін атап өту аясында Киев қаласының Жамбыл Жабаев атындағы кітапханасында В. Максименко атындағы 34-ші лицей оқушыларының қатысуымен мәдени-ағарту іс-шарасы ұйымдастырылды.

Бағдарлама барысында оқушылар көрнекті украин ақыны Тарас Шевченконың Қазақстан аумағында болу кезіндегі өмірі мен шығармашылық мұрасымен, сондай-ақ ұлы қазақ ақыны, ойшыл және ағартушы Абай Құнанбайұлының әдеби мұрасымен танысты.

Қазақстан мен Украина халықтары арасындағы тарихи, мәдени және рухани байланыстарға, екі елдің әдеби мұрасында көрініс тапқан және өзара гуманитарлық алмасу үшін негіз болып қала беретініне ерекше көңіл бөлінді.

Іс-шара соңында қатысушыларға украин тілінде жарияланған – «Ұлы Дала елінің сиқырлы аңыздары» атты қазақ ертегілер жинағы, «Абайдың нақыл сөздері» және «Қазақстан даласындағы Кобзарь» кітаптары табысталды.

Өткізілген іс-шара гуманитарлық және мәдени диалогты дамытуға, сондай-ақ жас ұрпақтың Қазақстан мен Украина тарихы мен әдеби мұрасының ортақ беттеріне қызығушылығын қалыптастыруға үлес қосты.