Киевте Қазақстан мен Украина арасындағы іскерлік ынтымақтастықтың мүмкіндіктері талқыланды

Киевте Қазақстан мен Украина арасындағы іскерлік ынтымақтастықтың мүмкіндіктері талқыланды

Киев, 2025 жылғы 4 желтоқсан – «Украина машина жасау және жұмыс берушілер лигасы» (Укрмашбуд) мен Қазақстан Республикасы Елшілігінің ұйымдастыруымен және жетекші украиналық компаниялары басшылары мен ауыл шаруашылығы саласындағы сарапшылардың қатысуымен «Қазақстан мен Украина арасындағы агроөнеркәсіп кешені саласындағы ынтымақтастықтың мүмкіндіктері» атты дөңгелек үстел өтті. 

Іс-шараны аша отырып Елші Толежан Барлыбаев агроөнеркәсіп кешені саласындағы ынтымақтастықтың елеулі әлеуетін атап өтті. Мемлекет Басшысының қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында ауыл шаруашылығы саласын дамыту басым міндеттер қатарында белгіленді, бұл украиналық серіктестерімен өзара әрекеттесудің кең мүмкіндіктерін ашатыны баса айтылды. Жаһандық азық-түлік қауіпсіздігі рейтингінде (Global Food Security Index) 32-ші орындағы тұрған Қазақстанда ауыл шаруашылығы саласына шетелдік инвестициялар үшін қолайлы жағдайлар жасалған.

Укрмашбуд Қауымдастығының төрағасы Владимир Саченко құрамына елдің 240 жетекші кәсіпорны кіретін Украинаның машина жасау және жұмыс берушілер лигасының қызметі туралы айтты. Украиналық кәсіпкерлердің Қазақстанмен бизнесті дамытуға, өндірісті локализациялауға және ауыл шаруашылығы машина жасау, агроөнеркәсіп кешеніне арналған жабдықтар мен қосалқы бөлшектер өндіру саласында бірлескен кәсіпорындар құруға елеулі қызығушылығы атап өтілді.

«Агро-Симо-Машбуд», «Лубнимаш», «Брацлав», «Тисер», «Аісс Груп», «Хорольский механічний завод», «Wichlacz» және басқа да компаниялардың басшылары қазақстандық нарықта бірлескен жобаларды жүзеге асыру бойынша нақты ұсыныстарды ұсынды. Украиналық бизнестің қазақстандық серіктестермен іскерлік байланыстарды дамытуда өзара сенімнің жоғары деңгейін қамтамасыз ететін ынтымақтастықтың көп жылдық оң тәжірибесі атап өтілді. Украиналық кәсіпкерлер Қазақстанмен экономикалық ынтымақтастықты қалпына келтіруге және кеңейтуге қызығушылық танытты. «Аісс Груп» компаниясының техникалық директоры Александр Редька Қазақстанда энергияны көп қажет ететін кәсіпорындар үшін қатты отынмен жұмыс істейтін өнеркәсіптік қазандар мен бу генераторларын шығаратын зауыт салуды ұсынды.

 Дөңгелек үстелдің қорытындысы бойынша 2026 жылы қазақстандық-украиналық Ауыл шаруашылығы-өнеркәсіптік форумын бірлесіп ұйымдастыру, украиналық компаниялардың Қазақстан Республикасындағы ауыл шаруашылығы көрмелеріне қатысуы, кәсіпкерлер арасындағы тікелей байланыстарды дамыту туралы уағдаластықтарға қол жеткізілді. Іс-шараның барлық қатысушыларына Қазақстан Республикасының жетекші компаниялары туралы өзекті ақпаратпен «QazTrade» электронды каталогы жіберілді.