Украиналық тараптың бастамасымен Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Украина Президенті Владимир Зеленскиймен телефон арқылы сөйлесуі өтті.
Әңгімелесу барысында тараптар Украина айналасындағы қақтығысты бейбіт реттеу болашағын талқылады және екіжақты ынтымақтастықты нығайту мәселелері бойынша пікір алмасты.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ елі украин халқына, оның тарихына, мәдениеті мен тіліне терең құрметпен қарайтынын атап өтті. Ол халықаралық құқықтың нормалары мен қағидаттарына, оның ішінде БҰҰ Жарғысының ережелеріне, шекаралардың мызғымастығы мен мемлекеттердің аумақтық тұтастығына негізделген Украинадағы тұрақты және әділ бейбітшілікті қолдаудағы Қазақстанның берік ұстанымын білдірді.
Қазақстан басшысы дағдарыстың алғашқы күндерінен бастап Астана барлық тараптардың мүдделерін ескеретін және Украинаның ұзақ мерзімді қауіпсіздігін қамтамасыз ететін бейбітшілік формуласын бірлесіп іздеуді жақтап келе жатқанын атап өтті. Қазіргі қиын жағдайда «Жақсы даудан жаман бітім артық» деген байырғы даналықты басшылыққа ала отырып, салмақты және парасатты әрекет ету ерекше маңызды екенін атап өтті.
Президент Тоқаев украиналық мемлекеттікті сақтау мен қорғау басты басымдық болып қалуы керек екенін баса айтты. Сонымен бірге ол бейбіт келісімдер жасау мен тіпті уақытша бітімге келуге жиі маңызды кедергі болатын аумақтық мәселелердің күрделілігін түсінетінін білдірді.
Тараптар сондай-ақ сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық, білім беру және басқа да салалардағы ынтымақтастықты дамытуға дайындығын растап, казақстандық-украиналық қатынастардың елеулі әлеуетін атап өтті.