Меню
Страницы
Байланыс ақпараты
Консулдық мәселелер
Елшілік туралы
Екіжақты ынтымақтастық
Все материалы
23 января 2020
СІМ-де Ведомствоаралық комиссияның екінші отырысы өтті

НҰР-СҰЛТАН, 2020 жылғы 23 қаңтар — Сыртқы істер министрінің Бірінші орынбасары Шахрат Нұрышевтің төрағалығымен Шет елдермен Ынтымақтастық жөніндегі бірлескен үкіметаралық комиссиялардың (комитеттердің, кеңестердің) және олардың кіші комиссияларының (кіші комитеттердің, жұмыс топтарының) қазақстандық бөлігінің тиімділігін арттыру мәселелері жөніндегі Ведомствоаралық комиссияның екінші отырысы өтті.

Мүдделі қазақстандық мемлекеттік органдар өкілдері мен ҚР СІМ құрылымдық бөлімшелерінің басшылары отырыс жұмысына қатысты. 

Іс-шара барысында Қазақстанның қатысуымен үкіметаралық комиссиялардың ағымдағы қызметі, сондай-ақ халықаралық сауда-экономикалық ынтымақтастықты жетілдіру жөніндегі жаңа мүмкіндіктерді толық талдауды қоса алғанда, олардың жұмысының тиімділігін арттыру жөніндегі шаралар қаралды. Отырысқа қатысушылар ВАК-тың тиісті хаттамасында көрсетілген өз ұсыныстары мен ұсынымдарын ұсынды.

Үкіметаралық комиссиялар (ҮАК) халықаралық тәжәрибеде елдер арасындағы екіжақты экономикалық ынтымақтастықты үйлестірудің танылған құралы болып табылады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап Қазақстан басқа мемлекеттермен өзара тиімді байланысын ҮАК тетігін белсенді пайдалана отырып дамытуда.

Қазіргі уақытта Қазақстан ҮАК шеңберінде шет елдердің үкіметтерімен бірлесіп, 62 үкіметаралық комиссия мен комитет, 22 кіші комиссия және кіші комитетті, сондай-ақ бірқатар салалық бағыттар бойынша 52 жұмыс тобын қоса алғанда, 136 құрылым құрды. Еліміздің сыртқы экономикалық саясат саласында қол жеткізген табыстарында ҮАК-тардың еңбегі зор.

ҚР ҰЭМ Статистика комитетінің мәліметінше, 2019 жылдың қаңтар-қараша аралығында Қазақстанның сыртқы сауда көлемі 86,7 млрд. долларды құрап,. 2018 ж. ұқсас мерзімімен салыстырғанда 1,45%-ға көбейген болатын. Өткен жылдың 10 айында негізгі капиталға тікелей шетелдік инвестициялар 8,2%-ға өсіп, 9,7 трлн. теңгені құрды.

Шет елдермен ынтымақтастық жөніндегі ҮАК қазақстандық бөлігінің тиімділігін арттыру мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның бірінші отырысы 2018 ж. 12 желтоқсанында Нұр-Сұлтанда өтті. 

Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық
22 января 2020
АБАЙ ЖӘНЕ XXI ҒАСЫРДАҒЫ ҚАЗАҚСТАН

Биыл Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толады. Халқымыздың ұлы перзентінің мерейтойын лайықты атап өту үшін арнайы құрылған комиссия дайындық жұмыстарын бастап кетті. Мемлекет көлемінде және халықаралық деңгейде ауқымды іс-шаралар ұйымдастыру жоспарланып отыр. Бірақ мұның бәрі той тойлау үшін емес, ой-өрісімізді кеңейтіп, рухани тұрғыдан дамуымыз үшін өткізілмек.

Абай Құнанбайұлы ғұлама, ойшыл, ақын, ағартушы, ұлттың жаңа әдебиетінің негізін қалаушы, аудармашы, композитор ретінде ел тарихында өшпес із қалдырғаны сөзсіз. Оның өлеңдері мен қара сөздерінде ұлт болмысы, бітімі, тұрмысы, тіршілігі, дүниетанымы, мінезі, жаны, діні, ділі, тілі, рухы көрініс тауып, кейін Абай әлемі деген бірегей құбылыс ретінде бағаланды.

Өткен жылы Абайдың шығармаларынан үзінді оқу эстафетасы өтті. Ләйлім атты оқушы қыз ұсынған бұл елдік шараға мен де қатысып, қолдау көрсеттім. Мектеп оқушыларынан ел азаматтарына, тіпті әлемдік деңгейдегі танымал тұлғаларға дейін зор қызығушылық танытып, лезде іліп әкеткен бұл бастама бірнеше айға ұласты.

Соның арқасында бүкіл Қазақстан Абай мұрасын тағы бір зерделеп шықты. Бұл – Абайға деген құрмет әрі ұрпақты тәрбиелеудің тиімді тәсілі. Абай жырларын оқу челленджі биыл, ақын мерейтойы тұсында жаңаша жанданады деп сенемін.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында қоғамдық сананы қайта түлетудің маңыздылығы туралы айтты. Ұлттық сананы сақтау және оны заман талабына бейімдеу мемлекеттік маңызы бар мәселеге айналды. Өйткені сананы жаңғырту арқылы ХХІ ғасырда еліміздің тың серпінмен дамуына жол ашамыз.

Осы орайда Абай мұрасының тигізер пайдасы зор деп есептеймін. Ұлы ақынның шығармалары бүгін де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Абайдың ой-тұжырымдары баршамызға қашанда рухани азық бола алады.

Сондықтан ұлтымызды жаңғырту ісінде оның еңбектерін басшылыққа алып, ұтымды пайдалану жайын тағы бір мәрте ой елегінен өткізген жөн.

Мен бұл мақалада Абай сөзінің бүгінгі заманымыз үшін көкейкестілігі, ақын шығармаларынан халқымыз қандай тағылым алуға тиіс екендігі жөнінде жұртшылықпен ой бөліскім келеді.

 

Ұлттық болмыстың үлгісі

Жаңғыру – өткеннен қол үзіп, тек жаңа құндылықтарға жол ашу деген сөз емес.

Шын мәнінде, бұл – ұлттық мұраларымызды бүгінгі оң үрдістермен үйлестіре дамытуды көздейтін құбылыс. Бұл ретте, біз Абайды айналып өте алмаймыз. Себебі ұлы ойшыл осыдан бір ғасырдан астам уақыт бұрын ұлтты жаңғыруға, жаңаруға, жаңа өмірге бейім болуға шақырған.

Елбасымыздың: «Заманалар ауысып, дүние дидары өзгерсе де, халқымыздың Абайға көңілі айнымайды, қайта уақыт өткен сайын оның ұлылығының тың қырларын ашып, жаңа сырларына қаныға түседі.

Абай өзінің туған халқымен мәңгі-бақи бірге жасайды, ғасырлар бойы Қазақ елін, қазағын биіктерге, асқар асуларға шақыра береді», – деген өнегелі сөзі ақын мұрасының мәңгілік өсиет ретінде бағаланатынын айқын аңғартады.

Абайдың шығармаларына зер салсақ, оның үнемі елдің алға жылжуына, өсіп-өркендеуіне шын ниетімен тілеулес болғанын, осы идеяны барынша дәріптегенін байқаймыз. Ал ілгерілеудің негізі білім мен ғылымда екенін анық білеміз. Абай қазақтың дамылсыз оқып-үйренгенін бар жан-тәнімен қалады. «Ғылым таппай мақтанба» деп, білімді игермейінше, биіктердің бағына қоймайтынын айтты. Ол «Біз ғылымды сатып мал іздемек емеспіз», – деп тұжырымдап, керісінше, ел дәулетті болуы үшін ғылымды игеру керектігіне назар аударды. Ұлы Абайдың «Пайда ойлама, ар ойла, Талап қыл артық білуге» деген өнегелі өсиетін де осы тұрғыдан ұғынуымыз қажет.

Бұл тұжырымдар қазір де аса өзекті. Тіпті бұрынғыдан да зор маңызға ие болып отыр. Себебі ХХІ ғасырдағы ғылымның мақсаты биікке ұмтылу, алысқа құлаш сермеу екенін көріп отырмыз.

Ал біздің міндетіміз – осы ілгері көшке ілесіп қана қоймай, алдыңғы қатардан орын алу.

Ол үшін ең алдымен, білім беру саласын заманға сай дамытуымыз керек. Сол мақсатта ауқымды жұмыстар атқарылғанымен, отандық білім беру ісінде әлі де олқы тұстар бар. Оны жетілдіру жолдарын сайлау алдындағы бағдарламамда және өткен жылғы тамыз конференциясында нақты атап көрсеттім.

«Педагог мәртебесі туралы» заңның қабылдануы – осы бағыттағы игі бастамалардың бірі. Бұл – сапалы білім беру ісін жетілдіруге арналған қадам. Жалпы кез келген қоғамда ұстаздың орны бөлек. Мұғалімдер білімді әрі саналы ұрпақ тәрбиелеу ісінде аса маңызды рөл атқарады. Ұстазға құрмет көрсетіп, қадірлеу – бәріміздің міндетіміз. Сондықтан мемлекет мұғалім мамандығының мәртебесін көтеріп, алаңсыз жұмыс істеуіне жағдай жасауы керек.

Абай айрықша дәріптеген игілікті істің бірі – тіл үйрену. Ақын жиырма бесінші қара сөзінде өзге тілдің адамға не беретініне тоқталып: «Әрбіреудің тілін, өнерін білген кісі оныменен бірдейлік дағуасына кіреді, аса арсыздана жалынбайды», – дейді.

Демек, өзімізден озық тұрған жұртпен деңгейлес болу үшін де оның тілін меңгерудің маңызы зор.

Ал қазіргідей жаңа тарихи жағдайда бәріміз ана тіліміздің дамуы мен дәріптелуіне назар аударып, оның мәртебесін арттыруымыз керек. Сонымен қатар ағылшын тілін үйренуге де басымдық беру қажет. Жастарымыз неғұрлым көп тілді меңгерсе, соғұрлым мүмкіндігі кеңейеді. Бірақ олардың ана тілін білуіне баса мән берген жөн. Өскелең ұрпақ, Абай айтқандай, ғылымды толық игерсе, өз тілін құрметтесе әрі шын мәнінде полиглот болса, ұлтымызға тек игілік әкелері сөзсіз.

Қазір әлем күн сайын емес, сағат сайын өзгеруде. Барлық салада жаңа міндеттер мен тың талаптар қойылуда. Ғылымдағы жаңалықтар адамды алға жетелейді. Ақыл-оймен ғана озатын кезең келді. Заман көшіне ілесіп, ілгері жылжу үшін біз сананың ашықтығын қамтамасыз етуіміз керек. Бұл қадам өркениеттің озық тұстарын ұлттық мүддемен үйлестіре білуді талап етеді. Мұндай кезде өзіміздің таптаурын, жадағай әдеттерімізден бас тартуымыз қажет.

Абайдың кейбір қарекеттерге көңілі толмай, «Терең ой, терең ғылым іздемейді, Өтірік пен өсекті жүндей сабап» деп үнемі сыни көзбен қарауының себебі осында.

Ақын ел-жұртын түрлі өнерді игеруге үгіттеді. Соның бәрі уақыттың талабы екенін ол анық аңғарып, ұлтына ертерек үн қатты. Тіпті қазір айтып жүрген интеллектуалды ұлт қалыптастыру идеясы Абайдан бастау алды деуге болады. Ұлы ойшыл әр сөзімен ұлттың өресін өсіруді көздеді.

Сондықтан Абайды терең тануға баса мән бергеніміз жөн. Абайды тану – адамның өзін-өзі тануы. Адамның өзін-өзі тануы және үнемі дамып отыруы, ғылымға, білімге басымдық беруі – кемелдіктің көрінісі. Интеллектуалды ұлт дегеніміз де – осы. Осыған орай, Абай сөзі ұрпақтың бағыт алатын темірқазығына айналуы қажет.

Абай қазақтың әр баласын ұлт­жанды азамат етіп тәрбиелеуге шақырды. Оның мұрасы – парасатты патриотизмнің мектебі, елдікті қадірлеудің негізі. Сондықтан азаматтарымыздың көзі ашық болсын десек, Абайды оқудан, ақын өлеңін жаттаудан жалықпаған жөн.

Біз елді, ұлтты Абайша сүюді үйренуіміз керек. Ұлы ақын ұлтының кемшілігін қатты сынаса да, тек бір ғана ойды – қазағын, халқын төрге жетелеуді мақсат тұтты.

Абайдың мол мұрасы қазақ ұлтының жаңа сапасын қалыптастыруға қызмет етеді. Оның шығармаларындағы ой-тұжырымдар әрбір жастың бойында халқына, елі мен жеріне деген патриоттық сезімді орнықтырады. Сондықтан хакім Абай еңбектерінің нәрін өскелең ұрпақтың санасына сіңіру және өмірлік азығына айналдыру – ұлтты жаңғыртуға жол ашатын маңызды қадамның бірі.

 

Мемлекет ісінің мүдделесі

Біз егемен ел ретінде өсіп-өркендеуіміз үшін мемлекеттілігімізді нығайтуымыз керек.

Заң үстемдігін және қоғамдық тәртіпті сақтау баршаға ортақ міндет екенін ұғынған жөн. Халықтың билікке деген құрметі болмаса – елдігімізге сын. Сондықтан азаматтарға, әсіресе, жастарға мемлекетті сыйлаудың мән-маңызын түсіндіру қажет. Осы ретте тағы да Абайдың мұрасына зейін қойған абзал.

Ұлы ақын өзінің шығармаларында елдік мұратты асқақтатып, ұлт бірлігін биіктетті.

Ол әділетті қоғам құру идеясын көтерген. Демек, Абайдың көзқарастары ХХІ ғасырдағы Қазақстан қоғамы және оның береке-бірлігі үшін аса құнды. Хакім Абайдың ұстанымдары өркениетті мемлекет қағидаларымен үндеседі. Заң үстемдігі, биліктің ашықтығы мен халық алдында есеп беруі жоғары деңгейде болып, мемлекет ісіне азаматтық қоғам өкілдері белсене араласқан жағдайда ғана әділеттілік берік орнығады.

Менің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» атты тұжырымдамам дәл осы әділетті қоғам идеясын дамыту мақсатымен ұсынылды. Билік пен қоғам арасындағы сындарлы диалог мемлекетке деген сенімді нығайта түседі. Үкімет мүшелері, соның ішінде министрлер мен әкімдер мемлекеттік және қоғамдық маңызы бар мәселелерге қатысты шешім қабылдаған кезде азаматтардың ұсыныстары мен тілектерін ескеруі керек. Мұны Абай меңзеген әділетті қоғам қалыптастырудың бірден-бір шарты деп білемін.

Ұлы ақын «Келелі кеңес жоғалды, Ел сыбырды қолға алды» дегенді бекер айтқан жоқ. Елге билік жүргізетіндерге жұрттың көңілі толмайтынын да аңғартады.

«Сыбырдан басқа сыры жоқ, Шаруаға қыры жоқ» замандастарымыз көбеймес үшін билік халыққа әрдайым құлақ түріп отырғаны жөн. Мемлекет пен қоғам өкілдері түйткілді мәселелерді бірге талқылап, шешімін табу мақсатында Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құрдық. Кеңес формальды сипат алып кетпеуі үшін оның мүшелерімен арнайы кездесіп, жұмысын жіті қадағалап отырмын.

Абай шығармаларында меритократия мәселесіне де айрықша мән берілген. Ол адамды мәртебесіне қарай емес, талабы мен еңбегіне қарап бағалаған. Ұлы ақын қазақ жастарына жөн-жоба көрсетіп, бағыт-бағдар берген.

Қазір Қазақстанда саяси жаңғыру үдерісі жүріп жатыр. Елбасының қолдауымен билікке басшылардың жаңа буыны келе бастады. Соған қарамастан, елімізде түбегейлі саяси өзгеріс керек деген ойлар да жиі айтылып жатады. Бірақ бұл мәселе бойынша ұлттық мәмілеге келудің, мемлекет мүмкіндіктерін шынайы бағалаудың және жүктелген міндетке жауапкершілікпен қараудың маңызы зор.

Өзгеріс деп байбалам салатындар еліміздің болашағын байыптамайды, жай ғана популистік идеяларға табан тірейді.

Популизм теріс тенденция ретінде дүниежүзілік сипат алды. Әлемнің түкпір-түкпірінде нақты стратегиясы жоқ, тек жалаң ұрандар арқылы билікке жеткісі келетін топтардың дауысы жиі естілуде. Осындай даңғазаға құмар адамдар туралы Абай: «Қу тілменен құтыртып, Кетер бір күн отыртып», – дейді. Расында, бұл – кез келген елдің дамуын кенже қалдыратын, ұлттың бірегейлігін әлсірететін қауіпті үрдіс.

Бізге, Абай айтқандай, артық мақтанға салыну, өзгені қор, өзімізді зор санау, дау қуу әсте жараспайды. Әр қадамымызды анық басып, әлемде және елімізде болып жатқан оқиғаларды байыппен сараптай білуіміз қажет. Тұрақтылық пен дамуымыздың кепілі болған татулық пен бірлікті бәрінен жоғары қойған абзал. Мемлекет мүддесін көздесек, әуелі сабақтастық сақталып, төгілген тер мен атқарған еңбектің далаға кетпеуін ойлайық.

Осындай саясат жүргізген кезде ғана барлық стратегиялық мақсаттарымызға қол жеткізіп, Қазақстанды озық дамыған мемлекеттердің қатарына қоса аламыз.

 

Жаңа қоғамның жанашыры

Жаңа Қазақстанның өзегін жаңа қоғам құрайтыны анық. Бұл ретте, ең алдымен, ұлтымыздың қадір-қасиетін арттырып, халқымыздың бәсекеге қабілеттілігін жетілдіруге баса мән беруіміз керек. Сондай-ақ қоғамның дамуына кедергі келтіретін, береке-бірлігімізге іріткі салатын жағымсыз қасиеттерден арылу қажет.

Бүгінде дүние жүзінің бірқатар интеллектуалдары классикалық капитализм дағдарысқа тап болғанын ескертіп, оның болашағына күмәнмен қарайды.

Себебі әлемде бай мен кедейдің, білімді мен білімсіздің, қала мен ауылдың арасы алшақтап кетті. Бұл үдерістің қарқыны барған сайын күшейіп келеді. Бизнес тек пайда көздесе, білімділер бөлек орта қалыптастырды, әрқайсысы өздері үшін ғана жауапкершілік арқалайтын болды.

Қалалар тез өсіп-өркендеп, шағын елді мекендердің дамуы тұралады.

Ғалымдар мұның барлығы әлеуметтік жауапкершіліктің әлсірегенінен деп есептейді.

Әлеуметтік жауапкершілік қайткенде орнына келеді? Әрине, бұл – оңай шаруа емес. Осы күрделі мәселенің шешімін Абайдың «Толық адам» формуласынан іздеген жөн. «Толық адам» деген сөз ағылшын тіліндегі «A man of integrity» түсінігіне сай келеді. Бұл – тек өте ілкімді, өзіне сенімді, ізгілік пен жақсылыққа ұмтылатын адамдарға ғана тән сипаттама. Қазір тарап жатқан осы ұғымды Абай сонау он тоғызыншы ғасырдың өзінде-ақ түсіндіріп айтты.

Адам өмірі тұтасымен түрлі қарым-қатынастардан құралады. Онсыз адам қоғамнан бөлініп қалмақ. Ал қарым-қатынас міндетті түрде өзара жауапкершілікті туғызады. Бұл жауапкершілік қара басының қамын биік қоятын өзімшілдік араласқан кезде бұзылады. Сондықтан Абай: «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, Сонда толық боласың елден бөлек», деп адамға нұрлы ақыл мен ыстық қайраттан бөлек, жылы жүрек керек екенін айтады.

Осы үш ұғымды ол үнемі бірлікте қарастырады, бірақ алдыңғы екеуі жүрекке бағынуы керек деп есептейді. Бұл – қазақ халқының өмірлік философиясы.

Осындай таным-түсінікпен өмір сүрген халқымыз өзі қиын жағдайда отырып, өзге ұлттарды бауырына басқан. Өзі асқа жарымай қиналса да, бір тілім нанын бөлісіп жеуді парыз санаған. Үнемі үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіп, сүрінгенге сүйеу, жығылғанға демеу бола білген. Осы құндылықтарды дәріптеп, бүгінге жеткізу арқылы халқымыз өзінің ұлт ретінде сақталуы үшін барын салған.

Біз Абайдың «толық адам» тұжырымын қайта зерделеуіміз керек. Бұл бағытта ғалымдарымыз тың зерттеулерді қолға алуы қажет. «Толық адам» концепциясы, шындап келгенде, өміріміздің кез келген саласының, мемлекетті басқару мен білім жүйесінің, бизнес пен отбасы институттарының негізгі тұғырына айналуы керек деп есептеймін.

Абай шығармашылығына арқау болған тақырыптың бірі – масылдықпен күрес. Ақын үнемі уайымсыз салғырттыққа, ойын-күлкіге салынбай, сергек болуға үндейді. Оны ұдайы еңбек арқылы шыңдап отыруды құп көреді. Сонымен қатар орынды әрекеттің уайым-қайғыны жеңетінін дәлелдеп, масылдықпен күрестің психологиялық қырларына терең бойлайды. Қазір біз көп айтып жүрген эмоционалды интеллектіге де сол тұста назар аударды. Мақтан мен масылдық психологиядан арылып, қайраттанып еңбек етуді, талаптанып білім іздеуді насихаттаған.

Абай өлеңдеріндегі «Еңбек етсең ерінбей, Тояды қарның тіленбей», «Тамағы тоқтық, Жұмысы жоқтық, Аздырар адам баласын», «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Еңбегің мен ақылың екі жақтап» – деген қазыналы ойлар бәрімізге жақсы таныс. Әр адам осы түйінді тұжырымдарды санасына берік тоқып, өзінің тынымсыз, адал еңбегімен айналасына үлгі болуы керек.

Халқымыз еңбектің қадірін біледі. Біз ата-аналарымыздың тылдағы ауыр еңбегі жеңіске жетелеген орасан күшке айналғанын ұмытқан жоқпыз. Қазір де қарапайым еңбек адамдарының үлгілі істері жетерлік. Жақында солардың біразы мемлекеттік наградалармен марапатталды.

Ең бастысы, бүгінгідей бейбіт кезеңде әр азамат өзінің еселі еңбегі еліміздің экономикасын ілгерілетуге тікелей ықпал ететінін түсінуі қажет.

Абайды өз заманындағы іскерліктің ұйытқысы, еңбекқорлықтың мотиваторы деуге болады. Ұлы ойшыл шығармаларында кәсіптен нә­сіп тапқандарды, шаруақорлыққа үйрену дағдыларын үлгі етеді. Ол тұрмыс сапасын жақсарту үшін еңбек етудің жаңа тәсілдерін меңгеруге шақырады. Сонымен қатар ақын бастамашылдықты, кәсіптегі адалдықты жоғары қояды. Мысалы, өзінің оныншы қара сөзінде «Ерінбей еңбек қылса, түңілмей іздесе, орнын тауып істесе, кім бай болмайды?», деп тұжырым жасайды.

Абайдың ойынша, табыс табу үшін қолөнер үйрену керек. Себебі «мал жұтайды, өнер жұтамайды» (отыз үшінші қара сөз). Ұлы ақынның бұл ойлары бүгінгі Қазақстан қоғамы үшін де өзекті деп санаймын. Сондықтан біз бүгінгі таңда шикізатқа тәуелділік психологиясынан арылуды, шағын және орта бизнесті барынша өркендетуді негізгі басымдықтың бірі ретінде белгілеп отырмыз.

 

Әлемдік мәдениеттің тұлғасы

Қазіргі өркениетті мемлекеттердің барлығы дерлік шоқтығы биік тарихи тұлғаларымен мақтана алады. Олардың қатарында саясаткерлер, мемлекет және қоғам қайраткерлері, қолбасшылар, ақын-жазушылар, өнер және мәдениет майталмандары бар. Қазақ жұрты да біртуар перзенттерден кенде емес. Солардың ішінде Абайдың орны ерекше. Бірақ біз ұлы ойшылымызды жаһан жұртына лайықты деңгейде таныта алмай келеміз.

Мен көп жылғы дипломатиялық қызметімде басқа елдердің саясаткерлерімен, түрлі сала мамандарымен жиі кездестім. Шетелдіктермен адамзатқа ортақ көптеген түйткілді мәселе туралы пікір алмасып, ой бөлістім. Жалпы, олар Қазақстанның саяси және экономикалық жетістіктері жөнінде жақсы біледі. Ал рухани және мәдени құндылықтарымызбен жете таныс емес. Осы орайда «Неге қазақтың бітім-болмысын, мәдениетін Абай арқылы танытпаймыз?», деген сұрақ туындайды.

Ғұлама Абай – қазақ топырағынан шыққан әлемдік деңгейдегі кемеңгер. Ол күллі адамзат баласына ақыл-ойдың жемісін сыйлады.

Абайдың ақындық қуатының терең тамырына үңілген зерттеушілеріміз оның қазақ фольклорынан, Шығыс пен Батыстың сөз өнерінен, орыс әдебиетінен, тарихи еңбектерден сарқылмас нәр алғанын айтады.

Абайдың асқан ойшылдығы оның діни талғам-танымынан да айқын көрінеді. «Алланың өзі де рас, сөзі де рас, Рас сөз ешуақытта жалған болмас», дейді. Бұл ой-тұжырымға Шығыс пен Батыс философтарының еңбектерін терең біліп, зерттеп, зерделеп барып жеткені анық. Ал отыз сегізінші қара сөзінде Аллаға деген көзқарасын толық білдіреді.

Абайдың рухани өресіне баға берген дінтанушы философ ғалымдар оның «кәміл мұсылман» ұғымына ерекше назар аударады. «Кәміл мұсылман» ұғымы тек қазаққа ғана емес, бүкіл мұсылман әлеміне қатысты айтылса керек. Міне, біздің ойшыл Абай, хакім Абай – әлемдік деңгейде осы діни көзқарасы арқылы да биіктей беретін тұлға.

Елордада барлық діннің басын қосып, дәстүрлі жиын өткізіп келе жатқанымызды білесіздер. Мұндай іс-шаралардың мақсаты мен ұлы Абай ұстанымының арасында өзара үйлесімділік бар.

Ақынның барша адамзат баласының жан дүниесінің тазалығын сақтауға деген ниеті бәрімізге ой салады.

М.Әуезовтің «Абай жолы» романы арқылы Абай бейнесі көркем образ ретінде әлем әдебиетінде жоғары бағаланғаны белгілі. Бірақ бұл – Абайды танудың бір қыры ғана. Нағыз Абайды, ақын Абайды тану үшін оның өлеңдері мен қара сөздерінде айтылған ой-тұжырымдардың мән-маңызы ашылуы керек. Ол әлемнің кең таралған негізгі тілдеріне барлық бояуын сақтай отырып аударылуы тиіс. Бұған біз толық қол жеткізе алдық деп айту қиын. Нағыз ұлт ақындарын өзге тілдерге аудару – оңай шаруа емес. Аудармашы да сол ойшылдың деңгейіндегі талант болуы керек. Біздің абайтанушы ғалымдарымыз, тіл мамандары мен жанашыр азаматтар осы мәселеге ерекше мән бергені жөн.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Абай – қазақ халқының рухани қазынасына өлшеусіз үлес қосқан ғұлама ғана емес, сонымен қатар ол қазақ халқының ел болуы жолында ұлан-ғайыр еңбек еткен данагер.

Абай – әлемдік деңгейдегі ойшылдардың қатарындағы ғажайып тұлға», деген болатын. Шынында да, дана ақын шығармалары тек қазақтың ғана емес, бүкіл адамзат баласының рухани өмірін жан-жақты байыта алады. Өйткені Абай туындыларының мазмұны жалпыадамзаттық құндылықтарға толы. Оның қара сөздері – әлем халықтарының ортақ қазынасы. Бұл – классикалық үлгідегі өнегелі ойлар шоғыры. Нақыл сөз, ғибратты сөз, ғақлия сөздер деп әрқилы аталғанымен, бұл – ерекше жанр.

Абай өзінің қара сөздерінде адамзат баласына ортақ мұраларды дәріптей отырып, рухани биікке құлаш сермеп, алысқа қанат қаққанын көрсетеді. Оның қара сөздерінің арқауы – кісілік, мәдениет, ізгілік. Хакім Абайдың қара сөздеріне балама еңбек іздесек, француз ойшылы Монтеньнің жазбалары ойға оралады. Десек те, Монтень өз болмысы мен адам тұлғасы жөнінде көбірек ой толғаса, Абай қара сөздерінің басты миссиясы – ойлану, өзгеге ой салу, мақсатты ұстанымға айналдыру. Демек, ұлы ойшылдың қара сөздері – аса құнды еңбек.

Әлемдік мәдениетте Абайды қаншалықты жоғары дәрежеде таныта алсақ, ұлтымыздың да мерейін соншалықты асқақтата түсеміз. Бүгінгі жаһандану дәуірінде, ақпараттық технологиялар заманында Абай сөзі баршаға ой салуы тиіс.

Дүние жүзінде ғылым мен білімнің түрлі салаларын дамытуға зор үлес қосып, бүкіл адамзатқа ортақ ойшыл ретінде танылған тұлғалар баршылық. Мысалы, Қытай дегенде Лао-цзы мен Конфуций, Ресей дегенде Достоевский мен Толстой, Франция дегенде Вольтер мен Руссо бірден ойға келеді. Сол сияқты шетелдіктердің бәрі бірдей Қазақстан дегенде бірден Абайдың есімін атайтындай дәрежеге жетуіміз керек. Өзге жұрт «Қазақ халқы – Абайдың халқы» деп бізге ілтипат білдіріп отырса, зор мәртебе болары анық.

Абайды қалай дәріптесек те жарасады. Оның ғибратты ғұмыры мен шынайы шығармашылығы – қазақ халқына ғана емес, жаһан жұртына да үлгі-өнеге. Абайдың адам мен қоғам, білім мен ғылым, дін мен дәстүр, табиғат пен қоршаған орта, мемлекет пен билік, тіл мен қарым-қатынас туралы айтқан ой-тұжырымдары ғасырлар өтсе де маңызын жоғалтпайды. Өйткені ақынның мұрасы – бүкіл адамзат баласының рухани азығы.

Қазақ елі барда Абай есімі асқақтай береді. Оның асыл сөздерін рухани байлығымыз ретінде жоғары ұстасақ, туған еліміздің әлем алдындағы абыройы арта берері сөзсіз.

Ең алдымен Абайды ұлтымыздың мәдени капиталы ретінде насихаттауымыз керек. Өркениетті елдер қазақтың болмыс-бітімін, мәдениеті мен әдебиетін, рухани өресін әлемдік деңгейдегі біртуар перзенттерінің дәрежесімен, танымалдығымен бағалайтынын ұмытпайық. Сондықтан Абайды жаңа Қазақстанның бренді ретінде әлем жұртшылығына кеңінен таныстыру қажет. Бұл – бүгінгі ұрпақтың қастерлі борышы.

 

 

 

Торқалы тойдың тағылымы

Біз ұлттық сананы жаңғыртамыз және бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастырамыз десек, Абайдың шығармаларын мұқият оқуымыз керек. Оның қоғамдағы түрлі үдерістерге қатысты көзқарасы бүгінгі Қазақстан үшін аса пайдалы. Өз заманының ғана емес, қазіргі қоғамның да бейнесін танытқан Абай – елдік мұраттың айнымас темірқазығы.

Әр қазақтың төрінде домбыра тұрсын деген ұғым қалыптасқанын бәріміз жақсы білеміз. Сол сияқты әр шаңырақта Абайдың кітабы мен Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романы тұруы керек деп санаймын.

Келер ұрпақ Абайдың сара жолын жалғауы тиіс. Бұл – ұлы ақын арманының орындалуы. Сондықтан біз Абайдың ойынан да, тойынан да тағылым алуға тиіспіз.

Биыл Абайдың 175 жылдығына орай халықаралық, республикалық және аймақтық деңгейде 500-ден астам іс-шара ұйымдастырылады. Тамыз айында Семей қаласында ЮНЕСКО-мен бірлесіп өткізілетін «Абай мұрасы және әлемдік руханият» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция ең басты шараға айналады. Сондай-ақ қазан айында Нұр-Сұлтан қаласында «Абай және рухани жаңғыру мәселелері» деген тақырыпта халықаралық конференция өтеді. Бұл жиындарда Абайдың тұлғасы мен мұрасы жан-жақты зерделеніп, оның шығармашылығын ХХІ ғасырдағы жаңа Қазақстанның игілігіне пайдалануға жол ашылады.

Маңызды жобаның бірі – ұлы ақынның шығармаларын он тілге аударып, басып шығару. Атап айтқанда, Абай еңбектері ағылшын, араб, жапон, испан, итальян, қытай, неміс, орыс, түрік, француз тілдеріне тәржімаланады. Ақынның өмірі, мұрасы, қазақ мәдениетін дамытудағы рөлі туралы бірнеше деректі фильм және «Абай» телесериалы түсіріледі.

Ақын тойынан өнер саласы да тыс қалмайды. Республикалық және халықаралық деңгейде театр және музыка фестивальдары өтеді. Биылғы бәйгелер Абай шығармашылығына арналады. Әдебиет және өнер саласындағы үздік шығармаларға берілетін мемлекеттік сыйлық енді Абай атындағы мемлекеттік сыйлық деп аталатын болады.

Абайдың тұлғасы мен мұрасын ұлықтау шетелдерде де жалғасады. Ресейдегі, Франциядағы, Ұлыбританиядағы және басқа да мемлекеттердегі Қазақстанның елшіліктері жанынан «Абай орталықтарын» құру жоспарланып отыр. Бұл мәдени іс-шараларды ысырапшылдыққа жол бермей ұйымдастыру қажет.

Шығыс Қазақстан облысының Ақшоқы елді мекеніндегі Құнанбай Өскенбайұлы әулетінің қорымы абаттандырылады.

Сонымен қатар Абай тұлғасын жоғары дәрежеде дәріптеу үшін Үкімет мынадай шараларды қолға алуы керек деп есептеймін:

Семей өңірі – қазақ тарихындағы киелі өлкенің бірі. Сондықтан елдің рухани дамуында ерекше орны бар Семей қаласын тарихи орталық ретінде белгілеген жөн. Ұлы Абай мен Шәкәрімнің, Мұхтар Әуезовтің кіндік қаны тамған өңір айрықша құрметке лайық. Осыған орай шаһарды әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан кешенді түрде дамытып, ондағы тарихи-мәдени нысандарды жаңа талапқа сай жаңғыртамыз. Үкіметке бұл мәселеге байланысты тиісті шаралар қабылдауды тапсырамын.

Мерейтой жылы аясында Абайдың қастерлі мекені – әйгілі Жидебайды абаттандырып, ұлы ақынның рухына тағзым етуге келетін жұртшылыққа қолайлы жағдай жасау қажет.

Сонымен қатар Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейіне ерекше көңіл бөліп, ғылыми-танымдық жұмыстармен айналысатын орталыққа айналдыру керек.

Жидебайда музейге арнайы лайықталған «Абай мұрасы» атты жаңа ғимарат салу қажет.

1918 жылы Семей қаласында Мұхтар Әуезов пен Жүсіпбек Аймауытов негізін қалаған, 1992 жылдан бері қайта шыға бастаған «Абай» журналына мемлекет тарапынан қолдау көрсету керек.

Осы және басқа да ауқымды шаралар ұлы Абайдың рухына тағзым етіп, оның мол мұрасын дәріптеу үшін өткізілмек. Ендеше, бүкіл Қазақстан халқын осы игі бастамаға белсене атсалысуға шақырамын.

 

* * *

Біз Абайдың 175 жылдық мерейтойына қоғамдық сананы жаңғыртатын, бір ел, тұтас ұлт болып дамуымызға серпін беретін іс-шара ретінде зор мән беріп отырмыз.

Бұл тойдың тұсындағы басты мақсатымыз бүкіл халықтың ұлт ұстазы алдындағы өзіндік бір есеп беруі іспеттес болуы тиіс деп білемін. Абай сыны – ауыр сын, сындарлы сын.

Елбасы бастап, ел қостап, биік белестерді бағындырдық. Озық елулікке кіреміз деп мақсат қойдық, ол мақсатқа мерзімінен бұрын жеттік.

Озық отыздыққа қосылуды межеледік. Ол межеге де жетеміз. Сол межеге жетуге де бізге Абай мұрасы көмек бере алады. Ендігі мәселе – біз Абайдың көмегін түсіне алдық па, зерделей аламыз ба?

Ұлылықтың тойы ұлт алдындағы ұлы міндеттің үдесінен шығудың жолын іздеуге ұмтылдыруы тиіс. Әр азамат осы тойдың алдында еліміз, елдігіміз жөнінде терең ойланса дейміз. Абай бізге нені аманаттады? Абай бізден нені талап етті? Абай бізден нені күтіп еді? Абай елдің қай ісіне сүйініп еді? Сол сүйінген ісінен үйрене алдық па? Абай қазақтың қай ісіне күйініп еді? Сол күйінген ісінен жирене алдық па? Басқасын былай қойғанда, ақын айтқан бес асыл істі жүзеге асырып, бес дұшпанды бойдан қашырып жатырмыз ба деген ойдың төңірегінде толғансақ та талай жайға қаныға аламыз.

Абай мұрасы – біздің ұлт болып бірлесуімізге, ел болып дамуымызға жол ашатын қастерлі құндылық.

Жалпы, өмірдің қай саласында да Абайдың ақылын алсақ, айтқанын істесек, ел ретінде еңселенеміз, мемлекет ретінде мұратқа жетеміз.

Абай арманы – халық арманы. Халық арманы мен аманатын орындау жолында аянбағанымыз абзал. Абайдың өсиет-өнегесі ХХІ ғасырдағы жаңа Қазақстанды осындай биіктерге жетелейді.

 

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ,

Қазақстан Республикасының Президенті

21 января 2020
Қазақстанның АҚШ-тағы Елшісінің Юта штатына аймақтық сапары

2020 жылғы 15-17 қаңтарда Қазақстан Республикасының АҚШ-тағы Елшісі Ержан Қазыханов Юта штатына жұмыс сапарымен барып, оның барысында штат Губернаторы Г.Херберт, Бригам Янг университетінің Президенті К.Вортен, Ютадағы Дүниежүзілік сауда орталығының директоры М.Хансен, сондай-ақ жергілікті американдық компаниялардың өкілдерімен кездесті.

Юта штатының Губернаторы Г.Хербертпен кездесуде екіжақты қатынастарды дамыту, сондай-ақ Юта штатымен ынтымақтастықтың перспективалық бағыттары талқыланды.

Сондай-ақ, Иса Мәсіхтің Соңғы Қасиетті Әулиелер шіркеуіннің бірінші Президенттігімен* кездесулер өткізіліп, оның барысында Елші Е.Қазыханов Қазақстанның дінаралық және конфессияаралық диалогты нығайту, бітімгершілікке, гуманитарлық жобаларды жүзеге асырудағы, аймақтық және халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі Қазақстанның жасаған жұмыстары туралы ақпаратпен бөлісті. 

ҚР Тұңғыш Президенті — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін өткізу туралы бастамасы мормондық қоғамдастық өкілдерін ерекше қызықтырды. Атап айтқанда, американдық тарап шіркеу өкілдерінің 2021 жылы алдағы VII конгреске қатысу мүмкіндігін қарастыруға дайын екендігін білдірді.

АҚШ мемлекеттік компанияларымен байланыс орнату мақсатында Ютадағы Дүниежүзілік сауда орталығының директоры М. Хансенмен кездесуде туризм индустриясын дамыту және отандық тауарлардың американдық нарыққа экспортын ілгерілету саласындағы ынтымақтастықтың болашағы талқыланды. 

Қазақстандық дипломат Бригам Янг Университетіне барып, студенттерге «Қазақстан мен Америка Құрама Штаттары 2020: серіктестіктің жаңа онжылдығы» тақырыбында дәріс оқыды және тыңдаушыларды қызықтырған сұрақтарға жауап берді.

Екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық қатынастарды дамыту аясында, сондай-ақ Абай Құнанбаевтың 175-жылдығы мен әл-Фарабидің 1150-жылдығын мерекелеуге байланысты Елші Е.Қазыханов Университет Президенті К.Уортенге қазақ әдебиетінің екі томдық антологиясын және әл-Фарабидің ескерткіш монеталарын сыйлады.

Бригам Янг Университеті — құрамында 32000 студент оқитын АҚШ-тағы ең ірі діни университеттердің бірі. 2019 жылы аталған университет білім сапасы мен бағасы бойынша Forbes және The Wall Street Journal рейтингтерінде бірінші орынға ие болды. 

Мормондар — ХІХ ғасырдың 20-шы жылдары Нью-Йорк штатының солтүстік бөлігінде діни қайраткер Джозеф Смит құрған соңғы заманғы әулиелерді қалпына келтіру христиандық қозғалысының негізгі саласы - мормонизммен байланысты діни және мәдени топ. 

21 января 2020
Қазақстанның Еуропалық Одақпен ынтымақтастығы кеңейіп келеді

БРЮССЕЛЬ, 2020 жылғы 20 қаңтар — Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді «Қазақстан Республикасы — Еуропалық Одақ» Ынтымақтастық Кеңесінің 17-ші отырысына қатысты. Келіссөздерде Еуропалық тарапты ЕО Кеңесінде төрағалық етуші Хорватия Сыртқы және еуропалық істер министрі Гордан Грлич Радман таныстырды.

Осы күні ЕО Кеңесі 2020 жылғы наурызда күшіне енетін Қазақстан Республикасымен Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімді (КӘЫК) ратификациялауды аяқтау туралы шешім қабылдады.

Ынтымақтастық кеңесі негізгі фокусты ҚР — ЕО ынтымақтастығының саяси және сауда-экономикалық перспективаларын талқылауға бағыттады. Сондай-ақ, тараптар әлемдегі ағымдағы ахуал туралы пікір алмасты.

ЕО-ның Орталық Азия бойынша және Еуропа мен Азияны өзара байланыстыру жаңа стратегияларын іске асыру жолдары мен бірлескен күш-жігер талқыланды.

ЕО Кеңесінің өкілдері халықаралық және өңірлік қауіпсіздік, сауда, инвестиция, инфрақұрылымды дамыту, сондай-ақ инновациялар, мәдениет, спорт және туризм мәселелерін қамтитын ынтымақтастықтың 29 перспективалық бағытында Келісім ережелерін іске асыру бойынша Қазақстанмен пәндік жұмысқа дайын екендігін білдірді.

Тараптар сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту өзара іс-қимылдың басым бағыты ретінде қарастырылатынына келісті. Энергетика, көлік, қоршаған орта, білім және ғылым саласындағы өзара тиімді әріптестікті тереңдетуге ерекше қызығушылық расталды.

Келіссөздер барысында тараптар ҚР Президенті Қ. Тоқаевтың Брюссельге ағымдағы жылы жоспарланған сапарының дайындығын талқылады, сондай-ақ осы жылы өтетін ҚР — ЕО және ЕО — Орталық Азия ынтымақтастық құрылымдары желісі бойынша іс-шаралардың кестесін келісті.

Ынтымақтастық кеңесінің отырысы аяқталғаннан кейін Қазақстанның сыртқы саяси ведомствосының басшысы еуропалық БАҚ үшін баспасөз конференциясын өткізді.

Еуропалық Одақ ҚР негізгі сауда және инвестициялық әріптесі болып табылады, оның үлесіне еліміздің экономикасына сыртқы сауда айналымы мен инвестицияның шамамен жартысы тиесілі.

2019 жылғы қаңтар-қарашада Қазақстанның ЕО елдерімен сыртқы сауда айналымы 28,7 млрд. АҚШ долл. құрады (экспорт — 22,7 млрд. долл., импорт - 6 млрд. долл.). 2018 жылы тауар айналымы 37,7 млрд. долл. (экспорт — 31 млрд. долл., импорт — 6,7 млрд. долл.), 2017 жылы — 30 млрд. долл., 2016 жылы — 24,1 млрд. долл. құрады.

2019 жылдың І жартыжылдығының қорытындысы бойынша 5,4 млрд. АҚШ долл. тікелей шетелдік инвестициялар (ТШИ) тартылды. 2018 жылы ТШИ көлемі 11,6 млрд. АҚШ құрады.

Қазақстан 2015 жылы ЕО-мен Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойған Орталық Азия аймағындағы алғашқы ел болды.

21 января 2020
Еуропалық Парламент депутаттары Қазақстандағы жаңа демократиялық реформалардың айтарлықтай әлеуетін қолдады

БРЮССЕЛЬ, 2020 жылғы 20 қаңтар — Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді «Қазақстан Республикасы — Еуропалық Одақ» Ынтымақтастық Кеңесінің 17-ші отырысына қатысу шеңберінде Еуропалық Комиссияның Вице-президенті — ЕО-ның Сыртқы істер және қауіпсіздік мәселелері жөніндегі Жоғарғы өкілі Жозеп Боррелл, сондай-ақ Еуропалық Парламент депутаттары тобымен, оның ішінде ҚР-ЕО Достық тобы және Орталық Азия мен Моңғолия бойынша Еуропарламент делегациясының мүшелерімен кездесті.

Еуропалық Парламент депутаттары Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен ҚР-дің жаңа демократиялық реформаларының әлеуетін жоғары бағалады. Депутаттар ҚР Президентінің елдегі өлім жазасын жоюға бағытталған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің екінші Факультативтік хаттамасына қосылу туралы шешімін, сондай-ақ бейбіт жиналыстар, жала жабуды декриминализациялау, саяси партиялар құру үшін шегін төмендету жөніндегі заң жобаларын дайындау бастамаларын және т. б. қолдады.

17 января 2020
Сыртқы істер министрлігінде Қазақстан – Түркия қарым қатынасы талқыланды

ҚР Сыртқы істер министрінің Бірінші орынбасары Шахрат Нұрышев Түркияның жаңадан тағайындалған Елшісі Уфук Екиджиді қабылдады.

Кездесу барысында тараптар екіжақты саяси-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды талқылады.

Түркия Елшісі сенім громатасының көшірмесін тапсырды. 

 

Қазақстан мен Түркия арасындағы тауар айналымы 2019 ж. қаңтар-қараша айларында 2,8 млрд. АҚШ долл. құрады, бұл 2018 жылдың осы кезеңіне қарағанда 67%-ға өсті (1,5 млрд. долл.). Экспорт көлемі 2 млрд. долл., ал Түркиядан Қазақстанға импорт 0,8 млн. долл. құрады. 

16 января 2020
Президенттік жастар кадр резервінің өкілдері ҚР Сыртқы істер министрімен кездесті

НҰР-СҰЛТАН, 2020 жылғы 15 қаңтар — Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Президенттік жастар кадр резервінің мүшелерімен кездесті.

Кездесуге Министрдің орынбасарлары, Жауапты хатшы, Инвестиция комитетінің және «KazakhInvest» ҰК» АҚ төрағалары қатысты.

Сыртқы саяси ведомствоның басшысы кездесуге қатысушыларды Мемлекет басшысының бастамасымен құрылған Президенттік жастар кадр резервіне өтуімен құттықтады.

М. Тілеуберді Министрліктің Президенттік жастар кадр резервіне енгізілген тұлғаларды басқарушы лауазымдарға тағайындауға қызығушылық танытатынын атап өтті.

Басшылық қызметке резервшілердің алғашқысы болып Министрліктің Жауапты хатшысы Әркен Өтенов тағайындалғанына назар аударды. Бұл тәжірибе ҚР СІМ аппаратында жаңа бос басшылық қызметтердің пайда болуына қарай жалғасатынын атап өтті. 

Кездесуге қатысқандар Қазақстан Республикасының сыртқы және инвестициялық саясатына қатысты сұрақтарды қозғады. Резервшілер Қазақстанның сыртқы саяси және экономикалық мүдделерін одан әрі ілгерілету бойынша өз ұсыныстары мен көзқарастарымен бөлісті.

Іс-шарадан кейін ведомствоның басшылығы резервшілермен түрлі бағыттар бойынша жеке кездесулер өткізді.

15 января 2020
Қазақстан-португалдық сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық Лиссабонда талқыланды

ЛИССАБОН, 2020 жылғы 15 қаңтар — Қазақстанның Португалиядағы Елшісі Дәулет Батырашев Португалияның Сауда-өнеркәсіп палатасының (CCIP) Президенті Бруно Бобонемен кездесті.

Кездесу барысында екіжақты экономикалық ынтымақтастықты дамыту келешегі, Қазақстанның экономикасына инвестицияларды тарту бойынша нақты жобаларды іске асыру және португалдық іскерлік делегациялардың сапарларын ұйымдастыру мәселелері талқыланды.

Қазақстандық дипломат шетелдік инвесторларды қорғау бойынша қабылданған шаралары - инвестициялық омбудсмен институтын енгізу, еркін экономикалық аймақтар мен инвестициялық преференциялар жүйесін енгізу, «Kazakh Invest» ҰК» АҚ, «Астана» Халықаралық қаржы орталығы, Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы, «Astana Hub» халықаралық IT-стартаптар технопаркі және басқа да алаңдардың қызметі туралы хабарлады.  Еліміздің транзиттік-көліктік әлеуетіне және логистика мен жүктерді тасымалдау саласында серіктестік қатынастарды құру мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды.

Сұхбаттасушылар екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың әлеуетін оң бағалады. Қазіргі таңда Қазақстанда португалдық капиталы бар 25 кәсіпорын жұмыс істеуде. Энергетика және жаңартылатын энергия көздері, ақпараттық коммуникациялық технологиялар, көлік, құрылыс және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы компаниялармен бірқатар жобалар пысықталуда.

Кездесу нәтижесінде ақпанның екінші жартысында Алматы қаласына Португалияның Сауда-өнеркәсіп палатасының қамқорлығымен португалдық компаниялардың іскерлік миссиясын өткізу жөніндегі келісім қайта расталды. Сонымен қатар, 2020 жылдың 2-ші жартысында Лиссабон қаласында Қазақстан-португалдық сауда-инвестициялық форумын өткізу жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді.

 

1834 жылы құрылған CCIP Португалиядағы бизнесті қолдаудың ең көне бірлестігі. 1 мыңға жуық компания CCIP мүшесі. Жыл сайын палата 5 мың кәсіпорынның қатысуымен 120-дан астам іс-шара ұйымдастырады.

 

14 января 2020
Нұр-Сұлтан және Братислава: саяси, экономикалық және мәдени ынтымақтастықты нығайту бағытында

БРАТИСЛАВА, 2020 жылғы 14 қаңтар — Словак Республикасының Сыртқы және еуропалық істер министрі Мирослав Лайчак бүгін жаңадан тағайындалған Қазақстан Республикасының Словакиядағы Елшісі Роман Василенконы қабылдады.

Словакия сыртқы саяси ведомствосының басшысы 2019 жылы Қазақстанның Словакиядағы дербес Елшілігінің ашылғаны мен резиденциясы Братиславада орналасқан Елшінің тағайындалуының зор маңыздылығын атап өтті. Осыған орай, Р.Василенко Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Елшілік ашу туралы шешім қабылдау кезінде екіжақты ынтымақтастықтың қомақты келешегімен қатар, Словакияның тұрақты өсіп келе жатқан халықаралық беделін де ескергенін ерекше атап өтті. Бұған Словакияның ЕО Кеңесіне (2016 ж.), «Вышеград тобына» (2018-2019 жж.), ЕҚЫҰ-ға (2019 ж.) сәтті төрағалық етуі, еуропалық интеграциялық жобаларға белсенді қатысуы, бірқатар халықаралық мәселелерді реттеуге қосқан үлесі және т.б. ықпал етті.

Сұхбаттасушылар Қазақстанның Словакиядағы Елшілігінің ашылуы саяси диалогтың дамуына септігін тигізіп, сонымен қатар өзара тиімді сауда-экономикалық және мәдени ынтымақтастықтың одан әрі кеңеюіне жағдай туғызатынына сенім білдірді. Словак компанияларында Қазақстан экономикасын дамыту индустриялық-инновациялық бағдарламаларын одан әрі іске асыру барысында өзара тиімді пайдаланыла алатын және оны жаңғырту мақсаттарын шешуге себепкер бола алатын тиісті технологиялардың, ноу-хаудың, идеялар мен бастамалардың бар екендігі атап өтілді.

М. Лайчак және Р. Василенко ү.ж. 21-22 қаңтарда Нұр-Сұлтан қ. өтетін Қазақстандық-словак экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясының (ҮАК) алдағы 8-отырысының маңыздылығын атап өтті. Іс-шара барысында тараптар түрлі саладағы, соның ішінде энергетика, инвестициялар, ауыл шаруашылығы, су ресурстары, қоршаған ортаны қорғау, білім, ғылым, денсаулық сақтау және туризм салаларындағы өзара іс-қимылдың ахуалы мен келешегін қарастырмақ.

Сұхбаттасушылар сондай-ақ ынтымақтастықты дамыту үшін «KAZAKH INVEST» ҰК АҚ мен «SARIO» Словак инвестициялар және сауданы дамыту агенттігінің ҮАК шеңберінде ү.ж. 21 қаңтарда ҚР СІМ ғимаратында 20-дан астам словак компанияларының қатысуымен ұйымдастыратын қазақстандық-словак «дөңгелек үстелдің» маңызына тоқталып өтті.

Кездесу барысында М. Лайчак Қазақстан жаңа Елшісінің сенім грамоталары көшірмелерін қабылдап, 2020 жылға арналған екіжақты байланыстар кестесін талқылады. Тараптар ынтымақтастықты барынша кеңейтуге және нығайтуға деген өзара ниеттерін растады.

Сұхбаттасушылар сонымен қатар жуық арада Кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімнің толық күшіне енетінін және өткен жылы ЕО-ның Орталық Азия бойынша жаңа Стратегиясының қабылдағанын ескеріп, екі елдің Қазақстан мен Еуропалық Одақ өзара іс-қимылы мәнмәтініндегі қолайлы ынтымақтастығының келешегін атап өтті.

Қазақстанда 40-тан астам словак компаниясы жұмыс істеуде. Екі ел арасындағы тауар айналымы 2018 жылы 61 млн. АҚШ долларын құрады. Қазақстанда Словакия азаматтары үшін визасыз тәртіп орнатылған.

13 января 2020
СІМ-де Мемлекет басшысының Берлинге жасаған сапарынан кейінгі келісімдердің орындалу барысы талқыланды

НҰР-СҰЛТАН 2020 жылғы 13 қаңтар — Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Марғұлан Баймұхан Германия үкіметінің Ресеймен, Орталық Азиямен және «Шығыс серіктестігі» елдерімен ынтымақтастық жөніндегі үйлестірушісі, Германия Бундестагының депутаты Дирк Виземен келіссөздер өткізді.

Тараптар 2019 жылғы 5 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Германия канцлері Ангела Меркельмен кездесуі барысында қол жеткізілген уағдаластықтардың іске асырылу барысын, сондай-ақ өңіраралық деңгейдегі ынтымақтастық перспективаларын талқылады. Қазақстан мен Германия арасындағы сауда-саттық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтуге өзара дайын екендігі атап өтілді.

М.Баймұхан Мемлекет басшысының алғашқы еуропалық сапары жалпы құны 2,4 млрд. АҚШ долларын құрайтын коммерциялық келісімдер жасауға мүмкіндік бергенін атап өтті. Қазақстандық дипломат неміс тарапын ЕО мемлекеттері деңгейінде Қазақстанға визалық режимді жеңілдету мәселесін қолдауға шақырып, бұл экономикалық, білім беру және мәдени салалардағы екіжақты қарым-қатынастарды одан әрі жандандыра түсуге өзара ықпал ететінін атап өтті.

Өз кезегінде Д.Визе ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың ресми сапары қазақстандық-неміс әріптестігін тереңдетуге өзара қызығушылықтың бар екенін көрсеткенін хабарлады. Неміс дипломаты «Біз қазіргі таңда Қазақстанда іске асып жатқан реформаларды қолдаймыз және оларды жүзеге асыруға қолғабыс жасауғы дайынбыз», — деді.

Талқылау барысында екіжақты қатынастардағы маңызды сұрақтардың арасында гуманитарлық мәселелер де болды. Тараптар екі ел арасындағы «достық көпірі» болып табылатын Қазақстандағы неміс диаспорасы және ГФР-дағы бұрынғы қазақстандықтардың үлкен қауымы болуына орай қазақстандық-неміс әріптестігі аса маңызға ие екендігін растады. Екі елдің үкіметтері өз азаматтарына мүмкіндігінше қолайлы жағдай жасау бойынша жұмыстар жасауда.

Тараптар көпқырлы әріптестікті дамытуды жалғастыру мақсатында қалыптасқан байланыстар динамикасын ілгері жылжытуға келісті.

 

Социальные сети
Telegram
Twitter
Facebook
Instagram
Меню подвал
Экран дикторы
Терминдер мен қысқартулар
Құпиялылық саясаты
Ашық деректердің интернет-порталында ақпаратты орналастыру қағидалары
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
ҚР Премьер-Министрінің сайты
ҚР Президентінің сайты
ҚР Мемлекеттік рәміздері