Қазанда «Яссауи мұрасы және ежелгі Түркістан» халықаралық көрмесі ашылды

Қазанда «Яссауи мұрасы және ежелгі Түркістан» халықаралық көрмесі ашылды

Қазан, 2024 жылғы 20 наурыз  –  «Қазан Кремлі» мемлекеттік тарихи-сәулет және өнер мұражай-қорығында «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени мұражай-қорығы ұйымдастырған «Яссауи мұрасы және ежелгі Түркістан» халықаралық көрмесі ашылды.

Көрме экспозициясында мұражай қорынан археологиялық, нумизматикалық және этнографиялық құнды экспонаттардың ауқымды түрлері ұсынылды. Олардың қатарында Ахмет Яссауидің өмірі мен мұрасы туралы қолжазбалар мен суреттер, оның ілімін жалғастырушылардың еңбектері, сондай-ақ, бүкіләлемдік мұра - Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесімен байланысты тарихи жәдігерлер бар.

Қазақстан Республикасының Қазан қаласындағы Бас консулы Ерлан Ысқақов ашылу салтанатында көрменің «Наурыз» мерекесі қарсаңында және Қазанда қаласында өтуі ерекше назарға ие екенін атап өтті. Себебі, Ахмет Яссауи шығармалары ғасырлар бойы Еділ мен Орал мұсылмандарының сүйікті кітаптары болған. ХІХ ғасырдың ортасында оның кітаптары алғаш рет Қазан баспаханаларында басылып, бүкіл әлемге таралды. Көрмені тамашалау мүмкіндігін ұсынған жетекші археологтардың қажырлы еңбегіне алғысын білдіріп, жобаны жүзеге асырғаны үшін Қазақстан мен Татарстан Үкіметтеріне алғысын білдірді.

Өз кезегінде Татарстан Республикасы Мәдениет министрінің бірінші орынбасары Юлия Адгамова Қазақстанның бірегей мұрасын тамашалауға берілген мүмкіндік үшін ризашылығын білдірді. Яссауи және қасиетті Түркістанның тарихымен, қазақ даласының ғасырлар бойғы мәдениетімен, оның әлемдік өркениеттегі өзіндік мәнімен танысу ерекше шабыттандыратынын жеткізді. Түркі мұрасын дәріптеу, бауырлас татар және қазақ халықтары арасындағы мәдени ынтымақтастықты одан әрі нығайту ата-бабаларымыздың жолын жалғастыруға мүмкіндік береді.

«Әзірет Сұлтан» мұражай-қорығының директоры Мәулен Садықбеков жобаның мақсаты мұражайдың көркемөнер жинағын, Ұлы Жібек жолындағы ежелгі оазис-қаланың бірегей артефактілерін, сондай-ақ, бүкіл түркі халықтарының мәдениеті үшін ортақ тұлға болып табылатын Қожа Ахмет Яссауидің XII ғасырда туынды көрген философиялық жауһарларын көрсету екенін атап өтті. Көрме өз сапарын Татарстанда бастады, ал жалғасы Өзбекстан мен Түркияда жоспарлануда. Шара соңында Мәулен Садықбеков Қазан Кремлінің Ислам мәдениеті мұражайына суретші Ермек Мәмбетаевтың «Медреседе қыздар мен ұлдарды оқыту» суретін сыйға тартты.

Қазан Кремліндегі көрме 3 бөлімнен тұрады: 1. «Рухани аманат»; 2. «Яссауи Мұрасы»; 3. «Түркістан - Түркі әлемінің астанасы» және 2024 жылдың 20 сәуіріне дейін жалғасады. Халықаралық көрме көрнекті ақын, түркі-мұсылман әлемінің ойшылы Қожа Ахмет Яссауидің 930 жылдығына және Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесін ЮНЕСКО - ның Бүкіләлемдік Мәдени мұра тізіміне енгізудің 20 жылдығына орайластырылған.