Бүгін, 16 наурыз – Шежіре күні.
Ежелгі заманнан бері қазақтар өз өткеніне құрметпен қарайтын болған. Сондықтан бала кезінен Жеті ата туралы білімді бойына дарытқан. Халық "Жеті атасын білмеген жетесіз" дейді. Өзін-өзі құрметтейтін әрбір қазақ өзінің шыққан тегін білуге және өз ұрпақтарына жеткізуге міндетті.
Ертеде қазақ шежіресі ата-бабалардың тізімін ғана емес, мінез-құлық ерекшеліктерін, өмірбаянын, тұрғылықты жерін, халық өміріне қатысуын білуді де қамтыған. Бұрындары шежіре атадан балаға ауызша жеткізіліп отырған.
Бұл күні жұртшылық мал сойып, шелпек пісіріп, өткен-кеткен ата-бабаларына құран бағыштайды. Ағайын-туған, көрші-қолаң таяуда ғана жақынынан айырылған отбасылардың үйіне барып, көңіл айтып, дастарханынан дәм татады.
Әр отбасының үлкендері өмірден өткен ата-бабаларының, ағайын-бауырдың жақсы істерін, қуанышты сәттерін кейінгі ұрпаққа әңгімелеп береді. Сонымен қатар, бұл күні отбасының, жеті атаның, ел-жұрттың тарихы айтылып, шежіресі таратылады.