Мәскеуде Ресей мен Ислам әлемі арасындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды

Мәскеуде Ресей мен Ислам әлемі арасындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды

2021 жылғы 9 маусымда Қазақстанның Ресейдегі Елшілігінің делегациясы "Ресей – Ислам әлемі" стратегиялық пайымдау тобының отырысына қатысты.

 

Топ 2006 жылы Ресейдің Ислам Ынтымақтастық Ұйымына (ИЫҰ) бақылаушы ретінде кіргеннен кейін құрылды. Қазіргі уақытта топты Татарстан Республикасының Президенті Рустам Минниханов басқарады. Бүгінде оның алаңында Ресей мен Ислам әлемінің әртүрлі серіктестігін кеңейтуге бағытталған түрлі бастамалар ұсынылып, пысықталуда.

 

Кездесуге қатысушылар өткізілген іс-шаралар туралы ақпаратпен бөлісті және болашаққа арналған жоспарлар мен жобаларды талқылады.

 

2020 жылы пандемияға қарамастан, топ негізінен онлайн форматта оннан астам ірі іс-шаралар өткізді. Талқылаудың басты мәселелері жаһандық күн тәртібі, өркениетаралық және дінаралық диалогты дамыту, дәстүрлі, рухани және отбасылық құндылықтарды қорғау, халықаралық гуманитарлық ынтымақтастықты тереңдету, жастар байланыстары мен алмасуларын дамыту, ақпараттық ағындар мен коммуникацияларды жақсарту болды.

 

"Ресей – Ислам әлемі" стратегиялық пайымдау тобының қатысуымен "Пандемияға қарсы мұсылман әлемі: әлеуметтік алшақтық жағдайындағы бірлік" халықаралық конференциясы, "Ресей – Африка: саясат, экономика, тарих және мәдениет" ғылыми форумы, "Көпмәдениетті әлемдегі Ислам" X Халықаралық Форумы және т. б. өткізілді.

 

Сондай-ақ, 2021 жылы да ауқымды іс-шаралар өтеді деп күтілуде, олардың ең бастысы қазан айына жоспарланған Сауд Арабиясындағы топтың көшпелі отырысы болады. 28-30 шілдеде Қазан қаласында стратегиялық пайымдау тобының қатысуымен "Ресей – Ислам әлемі: KazanSummit" Халықаралық экономикалық саммиті өтеді. 2022 жылы Ресей Еділ бұлғарларының исламды қабылдағанының 1100 жылдығын мемлекеттік деңгейде атап өтеді.