Ресей Федерациясында оқып жүрген қазақстандық студенттердің назарына!

Ресей Федерациясында оқып жүрген қазақстандық студенттердің назарына!

Қазақстан Республикасының «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Заңының (бұдан әрі–МӘМС туралы Заң) талаптарының сақталуын қамтамасыз ету, сондай-ақ шетелдік білім беру ұйымдарында білім алуына байланысты елден тыс жерге шығатын және шетелде жүрген Қазақстан Республикасы азаматтарының міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға жарналары бойынша берешегінің қалыптасуына жол бермеу мақсатында, келесіні хабарлаймыз.

            МӘМС туралы Заңның 26-бабы 1-тармағының 13) тармақшасына сәйкес «орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары білім беру, сондай-ақ жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысанында білім алып жатқан адамдар» үшін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға жарналарды мемлекет төлейді.

            Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 29 желтоқсандағы № ҚР ДСМ-333/2020 бұйрығымен бекітілген «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық қызметтерді тұтынушыларды есепке алуды жүргізу және медициналық көмек алуға құқық беру» Қағидаларының 48-тармағына сәйкес, студенттердің тізімі (шетелдік, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары білім беру, сондай-ақ жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысанында білім алып жатқан) Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараттық жүйесінде Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің (бұдан әрі – ҚР ҒЖБМ) ақпараттық жүйесінен алынатын мәліметтер негізінде қалыптастырылады.

            Сонымен қатар, КЕАҚ «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры, сақтандырылған мәртебені ақпараттық жүйеде уәкілетті мемлекеттік органдардан келіп түсетін жеңілдікті санаттағы азаматтар туралы мәліметтер негізінде автоматты түрде береді. Тәжірибе көрсеткендей, шетелдік білім беру ұйымдарында оқитын көптеген студенттердің ақпараттық жүйеде «студенттер» жеңілдікті санаты бойынша тіркелмейтіндігі анықталды. Соның салдарынан олар МӘМС жүйесі шеңберінде медициналық көмек алу мүмкіндігінен айырылады.

            Қазақстан Республикасына келгеннен кейін аталған азаматтар шетелдік білім беру ұйымдарында оқитын студент ретінде тіркелу жөніндегі мемлекеттік қызметті алу үшін жүгінеді. Мемлекеттік қызметті көрсетудің белгіленген мерзімін ескере отырып (15 жұмыс күніне дейін) МӘМС жүйесінде медициналық көмекке қол жеткізу Қазақстан Республикасының аумағында болған кезеңде іс жүзінде мәліметтерді өзектендіру рәсімі аяқталғанға дейін кейінге қалдырылады.

            Осыған байланысты, шетелдік жоғары оқу орнында білім алатын студент ретінде оқу ұйымының анықтамасын қоса бере отырып, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі медициналық қызметтерге қол жеткізу үшін (Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі көрсететін мемлекеттік қызмет болып табылады) электрондық үкіметтің egov.kz порталында алдын ала тіркелу керектігін хабарлаймыз. Студент Қазақстан Республикасына келген кезде сақтандырылған болуы үшін мұндай хабарлауды (1-курста оқып жүрген кезінде) жүзеге асыру орынды деп санаймыз.

            Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтау және МӘМС бойынша жарналар жөніндегі ықтимал берешектің қалыптасуының алдын алу мақсатында, сонымен қатар, студенттердің жеңілдікті мәртебесін уақтылы өзектендіру үшін жоғарыда аталған мемлекеттік қызметті алу қажеттігін хабарлаймыз.