
Қазан, 2026 жылғы 16 сәуір – Татарстан Республикасының Мемлекеттік бейнелеу өнері мұражайында Қазақстан Республикасының Қазандағы Бас консулдығы мен Татарстан Республикасының Мәдениет министрлігінің қолдауымен қазақстандық суретші Батухан Байменнің Қазақстанның Тәуелсіздігінің 35 жылдығына арналған «Көшпенділер: ақ пен қара» атты көрмесі ашылды.
Татарстан Республикасы Мәдениет министрінің орынбасары Дамир Натфуллин, Қазақстанның Қазандағы Бас консулы Ерлан Ысқақов және Татарстан мемлекеттік бейнелеу өнері мұражайының директоры Розалия Нұрғалеева құттықтау сөз сөйледі.
Қатысушылардың сөздерінде Қазақстан туралы өтіп жатқан фотокөрме екі халықты жақындастыруға елеулі үлес қосатыны және халықаралық ынтымақтастық саласында маңызды қадам болатыны атап өтілді. Автордың туындылары қызығушылық тудырады және қазақ графикасының дамуына зор үлес қосқан жаңашылдығы ерекше атап өтілді. Қазіргі бейнелеу өнеріндегі жаңа тенденцияларды ұстана отырып, суретші ата-бабаларының көшпелі мәдениетінің баға жетпес мұрасынан шабыт алады. Шебер тарихқа үңіліп, Абай поэзиясы мен Чингиз Айтматов прозасына жүгініп, көшпенділер тағдырын философиялық тұрғыда пайымдайды. Батухан Баймен өз туындыларында ұрпақтар сабақтастығын зерттеп, заманауи жағдайда өмір сүре отырып, адамдар ата-баба рухын сақтайтынын атап өтеді.
Көрме бір ай бойы жалғасып, «Түркілер», «Ұлы дала», «Абылай ханның түсі» және тағы басқа туындыларды қоса алғанда, 55 экспонатты көрсетеді.
Батухан Баймен – Қазақстан Республикасы Суретшілер одағы мен француздық Mondial Art Academia-ның мүшесі. Қазақстанның заманауи ірі суретші-графиктерінің бірі, ол соңғы жылдары үлкен форматта жұмыс істеп, қағаз парағының орнына матаны пайдаланады және линогравюра техникасын сақтайды. Туындылары Түркия, Германия, Кипр, Әзірбайжан және басқа да елдерде сәтті көрсетілген.
Шараға Қазанда аккредиттелген шетелдік бас және құрметті консулдықтардың басшылары, мемлекеттік және қоғам қайраткерлері, сондай-ақ іскер топтар, БАҚ және қазақ диаспорасының өкілдері қатысты.