Меню
Страницы
Екіжақты ынтымақтастық
Бас Консулдық туралы
Байланыс ақпарат
Консулдық мәселелер
Все материалы
10 мая 2025
Мемлекет басшысы – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Жоғарғы Бас қолбасшысының Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери парадта сөйлеген сөзі

Құрметті отандастар!

Сардарлар мен сарбаздар!

Аса қадірлі ардагерлер!

Биыл Ұлы Жеңіске – 80 жыл! Баршаңызға Ұлы Жеңіс күні құтты болсын! Бұл мейрам – халқымыздың жауынгерлік рухының символы. Біз елдік үшін күрескен батыр бабаларды ұлықтаймыз. Отан қорғау жолында опат болған боздақтарға тағзым етеміз. Бейбіт күнді қырағы күзетіп тұрған сарбаздарға құрмет көрсетеміз.

Ұлы Отан соғысы бүкіл адамзат үшін өте қиын сынақ болды. Оның зардабы көптеген елге ауыр тиді, солардың ішінде Қазақстан да бар. Қаһарлы күндер соғыстың тек қасірет әкелетінін көрсетті. Бейбітшіліктің баға жетпес байлық екенін ұғындырды.

Ұлы Жеңіс – тарихымыздың ажырамас бөлігі және күллі әлем үшін үлкен сабақ. Біз осы ақиқатты әрдайым есте сақтауымыз керек. Зұлмат кезеңді бастан өткерген майдангерлер қазір ортамызда отыр. Құрметті ардагерлер, барша халықтың атынан Сіздерге шын жүректен алғыс айтамын! Аға буынның өшпес ерлігі – ұрпаққа ұлағат. Отаншылдығы мен жанқиярлығы – үлгі-өнеге. Біз Ұлы Отан соғысының ардагерлерін ешқашан ұмытпаймыз! Баршаңызға бас иеміз! Халқымыз Ұлы Жеңіске өлшеусіз үлес қосты.

Ұлы Отан соғысы жылдарында майданға 1 миллион 200 мыңнан астам қазақстандық аттанды. Олардың тең жартысы ерлікпен қаза тапты. Келер ұрпақтың жарқын әрі бейбіт келешегі үшін өз өмірлерін құрбандыққа шалды.

Даңқты ұл-қыздарымыз ерліктің озық үлгісін көрсетті. Қазақтың жаужүрек ұлт екенін паш етті. 500-ден астам жауынгеріміз Кеңес Одағының Батыры атанды. Талғат Бигелдинов, Сергей Луганский, Сағадат Нұрмағамбетов, Иван Панфилов, Бауыржан Момышұлы, Нүркен Әбдіров, Мәлік Ғабдуллин, Сабыр Рахимов, Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова, Рақымжан Қошқарбаев, Хиуаз Доспанова және басқа да көптеген қаһармандарымыз өшпес із қалдырды.

Тыл еңбеккерлері соғыс жылдары жанкештілік пен табандылық танытты. Қазақстаннан майданға бір жарым мың вагон киім-кешек пен азық-түлік жіберілді. Елімізге жүздеген кәсіпорын көшірілді, көптеген жаңа өндіріс салынды. Олар өте қысқа мерзім ішінде майданға қажет өнімдер шығара бастады. Жұртымыз жұдырықтай жұмылып, күні-түні жұмыс істеп, қару-жарақ пен оқ-дәрі дайындады, әскери киім тікті. Соғыстағы он оқтың тоғызы Қазақстанда жасалды. Ұлы Жеңісті ұлықтау дегеніміз, бұл – ең алдымен, ержүрек батырларымызды жадымызда мәңгі сақтау деген сөз. Олардың ерлігі мен еңбегін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс.

Біз Жеңістің 80 жылдығын атап өтуге баса назар аудардық, еліміз бойынша мыңдаған маңызды, ауқымы кең іс-шара өткізіліп жатыр. 500-ге жуық көшеге Қазақстан қаһармандарының есімі берілетін болды. Елімізде қазақстандық майдангерлерге арналған "Батырларға тағзым" атты шеру өтеді. Адамзат тарихындағы ең сұрапыл соғысқа қатысушылардың ұрпағы аталарының суреттерін көшелермен алып жүреді. Бүгінгідей жаһандық саясатқа агрессия мен қатыгездіктің жегі құрты дендеп енген кезеңде соғыстың қасіретін еліміздің барша азаматына түсіндіру аса маңызды. Ақиқатты танымай бейбітшіліктің қадірін білу мүмкін емес.

Соғыстың тарихи ақиқатын, Ұлы Жеңістің мән-мағынасын қасақана бұрмалауға жол беруге болмайды. Қазіргі құбылмалы заманда Қазақстан үшін ең басты мақсат – ұлт мүддесін қорғау. Сыртқы саясатымыз осы мақсатты қамтамасыз ету үшін жүргізіліп жатыр.

Қазақ халқы – бейбіт халық. "Жаным – арымның садағасы" деген өр намысты, айбарлы ел. Жұртымыздың ерлік дәстүрі ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа мирас болып келеді. Алтын Орда, Қазақ хандығы кезіндегі баһадүр бабаларымыз кең байтақ жерімізді қорғап, кейінгі буынға аманат етті. Олардың бүгінгі ізбасарлары қазақтың мемлекеттілігін қас қақпай күзетіп тұр. Айбынды армия – тәуелсіздігіміздің қорғаны. Сарбаздарымыз елдің бейбіт өмірін, тұтастығы мен тыныштығын қорғауда. Қарулы Күштеріміз әлемдегі тұрақтылық пен келісімді сақтауға үлес қосып келеді. Жауынгерлеріміз Біріккен Ұлттар Ұйымының бітімгерлік миссиясына ойдағыдай қатысуда. Бұл – бүкіл әлемдегі Қазақстан армиясына деген зор сенім. Еліміздің қорғаныс қабілетін арттыру – аса маңызды міндет. Біз Қарулы Күштерімізді жаңғырта бастадық, армиямызды күшейту үшін нақты жұмыс жүргізіп жатырмыз. Осы өте маңызды мәселе бойынша Парламент заң қабылдады. Мемлекет әскери қызметшілерге, арнаулы мекемелер мен азаматтық қорғаныс саласының қызметкерлеріне әрдайым қолдау көрсетеді.

Армиямыздың күш-қуаты жауынгерлік рух пен темірдей тәртіпке тікелей байланысты. Сіздердің мінсіз қызметтеріңіз – елдегі қауіпсіздік пен тыныштық кепілі. Біз озық ойлы ұлт ретінде заң мен тәртіпті бәрінен биік қоятын болдық. Әр азаматтың бойында Отанға деген адалдық пен әділдік болуға тиіс.

Құрметті сарбаздар!

Ел қорғау – абыройлы міндет және зор жауапкершілік. Бұл – әр азаматтың перзенттік парызы. Сіздермен бірге барша азаматтарымыз Әділетті, Қуатты, Қауіпсіз және Таза Қазақстанды құрып жатыр. Осы тарихи жұмысымыз табысты болсын! Рухымыз мықты, мемлекеттілігіміз мәңгі болсын! Көк Туымыз биікте желбіресін!

Қадірлі Отандастар! Ұлы Жеңістің 80 жылдығы құтты болсын!

Екіжақты қарым-қатынастар
Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық
05 мая 2025
Қазанда Жеңіс күнінің 80 жылдығына арналған естелік іс-шаралар өтті

Қазан, 2025 жылғы 5 мамыр – Қазақстан Республикасының Қазандағы Бас консулдығы Қазанда аккредиттелген шет елдердің дипломатиялық өкілдіктерімен бірлесіп, Қазан мэриясының, РФ СІМ-нің Қазандағы өкілдігінің және Жастар дипломатиясы академиясының ұйымдастырушылық қолдауымен Ғылыми қалашығының аумағында ағаш отырғызу рәсіміне және Жеңіс күнінің 80 жылдығына арналған «Добрая Казань» қайырымдылық жобасына қатысты

Бұдан басқа, Қазақстанның Қазандағы Бас консулы Ерлан Ысқақов жетекші шетелдік және ресейлік ғалымдардың, федералдық және өңірлік билік органдары өкілдерінің қатысуымен Татарстан Республикасының Ғылым академиясы мен оның бейінді институттары - Тарих институты, Татар энциклопедиясы және өңіртану институты ұйымдастырған «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы халықтар мен өңірлер тағдырында» атты II Халықаралық ғылыми конференцияға қатысты.

Конференция аясында Екінші дүниежүзілік соғыс кезеңінің негізгі мәселелері, майдандағы ұрыс қимылдарына армия мен флоттың қатысуы, соғыс жылдарындағы еңбек ерлігі және тыл өңірлерінің жеңіске қосқан үлесі, КСРО халықтарының, оның ішінде Қазақстанның соғысқа қатысуы, соғыс жылдарындағы әлеуметтік және мәдени процестер, соғысқа қатысушылар мен оқиғалар туралы есте сақтау және басқа да аспектілер талқыланды.

Сонымен қатар, «Қазақстан» ұлттық-мәдени автономиясының жастар қанаты «Память сердца» әдеби кешін қазақ халқының ерлігі мен Ұлы Жеңіске қосқан үлесіне арнады.

Іс-шараға қатысушылар белгілі қазақ классиктерінің өлеңдері мен музыкалық шығармаларын ұсынды.

Қазақстандық дипломаттар мен диаспора Қазан мэриясы бастамашылық еткен рәсімдер мен гүл шоқтарын қою аясында Екінші дүниежүзілік соғыстың жауынгерлері мен батырларын еске алды.

 

 

02 мая 2025
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқының бірлігі мерекесімен құттықтауы

Құрметті отандастар!

Қазақстан халқының бірлігі мерекесі құтты болсын!

Бұл – мемлекетіміз үшін айрықша мәні бар мейрам.

Жұртымыз ортақ құндылықтарға негізделген жасампаз мақсаттарға жету жолында бар күш-жігерін  жұмылдырып, болашаққа сеніммен қадам басып келеді. Кең байтақ жерімізде түрлі этнос өкілдері өзара келісімде, тату-тәтті өмір сүріп жатыр.

Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толды. Осы бірегей ұйым әуел бастан еліміздегі бейбітшілік пен татулықтың жаршысына айналды. Ассамблея азаматтарымыздың өзара құрметі мен ырысты ынтымағына сүйеніп, ұлтты ұйыстыруға елеулі үлес қосып келеді.    

Халқымыздың ауызбіршілігі мен тілеулeстігінің арқасында мемлекетіміз дамып, қолға алынған ауқымды реформалар табысты жүзеге асырыла береді.

Еліміз теңдікке, өзара сенімге және мәдени әралуандылықтың жасампаз әлеуетіне арқа сүйеп, ел бірлігін одан әрі нығайта түседі.

Біз жұрт болып жұмыла білсек, кез-келген сынақты еңсеріп, биік белестерді бағындырамыз. Ұлтымыздың арман-мұраты – Әділетті әрі Қуатты Қазақстанды бірге құрамыз.

Баршаңызға бақ-береке тілеймін!

Бірлігіміз бекем, аспанымыз ашық болсын!

30 апреля 2025
ҚҰРМЕТТІ АЗАМАТТАР!

Қазақстан Халқының Бірлігі күні, Отан қорғаушылар күні және Жеңіс күні мерекелеріне байланысты, Қазақстан Республикасының Қазан қаласындағы Бас консулдығы 1, 7, 9 мамыр күндері жабық болады.

Осыған байланысты, бұл күні азаматтарды қабылдау, сондай-ақ телефон арқылы кеңестер жүргізілмейді.

Бас консулдыққа келуіңізді алдын ала жоспарлауларыңызды сұраймыз.

Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық
17 апреля 2025
Қазанда қазақстандық студенттермен кездесу өтті

        Қазан, 2025 жылғы 16 сәуір – Қазақстанның Қазандағы Бас консулы Ерлан Ысқақов Қазан федералдық университетінің, Қазан ұлттық зерттеу технологиялық университетінің, Қазан мемлекеттік энергетика университетінің студенттерімен дәстүрлі кездесулер өткізді.

        Қазақстандық дипломат студенттерді Қазақстан мен Татарстан арасындағы инновациялар, ғылым мен технология, сондай-ақ жоғары білім саласындағы Қазақстан-Ресей қарым-қатынастары аясындағы ынтымақтастықтың жай-күйімен таныстырды.

         Келген елдің заңдарын сақтау қажеттілігі, қазақтардың ұлттық-мәдени автономиясы шеңберінде мәдени-спорттық іс-шараларға қатысу мүмкіндігі, бас консулдықпен бірлескен іс-шараларды іске асыру қажеттігі туралы еске салды. Қазіргі уақытта Татарстанда 1400-ден астам қазақстандық студент оқиды.

         Кездесу диалог түрінде өтіп, студенттік жастар өздерін қызықтырған сұрақтарын қоя алды.

11 апреля 2025
"Орталық Азия – Ресей" форматындағы сыртқы істер министрлерінің кездесуі өтті

Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Алматы қаласында өткен "Орталық Азия – Ресей" форматындағы сыртқы істер министрлерінің кезекті кездесуіне қатысты.

Күн тәртібіне сәйкес кездесуге қатысушылар 2022 жылғы қазанда Астана қаласында өткен "Орталық Азия – Ресей" алғашқы саммитінің қорытындылары бойынша мемлекет басшылары берген тапсырмалардың іске асырылу барысын қарастырып, алтыжақты формат аясындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытудың перспективаларын талқылады, сондай-ақ халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.

Өз сөзінде М.Нұртілеу өңір елдері соңғы жылдары мемлекетаралық өзара байланыстардың барлық спектрі бойынша қол жеткізген маңызды нәтижелерді атап өтті. Бұған Орталық Азия елдері мен Ресей арасындағы өзара сауда көлемінің тұрақты өсімі дәлел. Атап айтқанда, 2024 жылы өңірішілік тауар айналымы 44,7 млрд АҚШ долларын құрап, 2023 жылғы көрсеткіштен 11,3%-ға жоғары болды.

ҚР СІМ басшысы табысты ынтымақтастықтың айқын мысалдары ретінде Ресей газының Қазақстан аумағы арқылы Орталық Азия елдеріне транзиті, энергетика нысандарын салу және жаңғырту, халықаралық көлік дәліздерін дамыту, сондай-ақ автожолдар мен теміржол желілерін қайта жаңарту және кеңейту жобаларын атап өтті.

Сонымен қатар ол бар әлеуетті ашу, ынтымақтастық серпінін сақтау, жаңа "өсу жолдарын" іздеу, сондай-ақ өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған күш-жігерді одан әрі шоғырландырудың маңыздылығын атап өтті. "Сенімге, өзара құрметке және ортақ тарихи жақындыққа негізделген серіктестік байланыстардың беріктігін сақтау қажет", – деді М.Нұртілеу.

Іс-шара қорытындысы бойынша 2025-2027 жылдарға арналған Бірлескен іс-қимылдар жоспары жобасын дайындау бойынша бірлескен жұмыстың аяқталғаны жарияланды. Аталған құжатты "ОА-РФ" екінші саммиті барысында мемлекет басшыларының қарауына енгізу жоспарлануда.

Тараптар "Орталық Азия+" форматындағы өңіраралық ынтымақтастықтың орнықты платформасы ретінде Орталық Азия елдері мен Ресей арасындағы өзара іс-қимылды одан әрі нығайтуға бейілділігін растады және сауда-экономикалық, инвестициялық, көлік-логистикалық ынтымақтастықтың стратегиялық маңызды бағыттарына күш-жігерді жұмылдыруға дайындықтарын білдірді.

11 апреля 2025
Алматыда ТМД Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысы өтті

Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Сыртқы істер министрлері кеңесінің кезекті отырысына қатысты.

Кездесу барысында сыртқы саяси ведомстволардың басшылары халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасып, Достастық шеңберіндегі өзара іс-қимылдың жай-күйі мен перспективаларын талқылады.

"Бүгінде Достастық пікір алмасудың, бірлескен күш-жігерді үйлестірудің және елдеріміз арасындағы кешенді байланыстарды біртіндеп тереңдетудің сұранысқа ие алаңы болып отыр. Қазақстан Ұйымды одан әрі дамытуға мүдделі және оның көпқырлы әлеуетін нығайтуға ниетті", – деді Қазақстан СІМ басшысы.

Сондай-ақ М.Нұртілеу қатысушыларды ТМД аясындағы ынтымақтастықтың әртүрлі аспектілері бойынша Қазақстанның ұстанымдары туралы хабардар етіп, Ұйымды одан әрі дамытуға бағытталған бірқатар ұсыныстарды ортаға салды.

Ұйымның институционалдық дамуына, үйлестіру механизмдерін жетілдіруге және Достастық аясында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған бастамаларды іске асыруға ерекше назар аударылды.

Осы тұрғыда Қазақстан бастамаларын жүзеге асыруда Достастық бойынша серіктестердің қолдауы ерекше аталып өтті. "Еліміздің ұсынысы бойынша бүгінгі таңда Волонтёрлер форумы, Достастық жәрмеңкесі, ТМД Академиялық астанасы және басқа да көптеген жобалар сияқты ауқымды іс-шаралар бірлескен күш-жігердің арқасында іске асырылып жатыр немесе жақын болашақта өткізуге жоспарланған", – деп мәлімдеді ҚР Сыртқы істер министрі.

Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында ТМД елдерінің бірқатар қаласына, соның ішінде Астана, Алматы, Қарағанды және басқа да қалаларға "1941-1945 жж. Еңбек даңқы қаласы" құрметті атағын беру туралы шешім келісілді.

Алматыдағы отырыс дәстүрлі достық атмосферада өтті. Тараптар Достастық аясындағы ынтымақтастықты дамытуға және осы Ұйымның көпқырлы әлеуетін одан әрі нығайтуға бейілділігін растады.

Сыртқы істер министрлері кеңесінің келесі отырысы 2025 жылғы қазан айында ТМД Мемлекет басшылары саммиті қарсаңында Душанбе қаласында өтеді.

11 апреля 2025
Қазақстан мен Ресей СІМ басшылары Алматыда келіссөздер өткізді

Қазақстан Республикасының Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Алматы қаласына жұмыс сапарымен келген Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрі Сергей Лавровпен кездесу өткізді.

Келіссөздер барысында тараптар биік және жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтардың орындалу барысын, сондай-ақ саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және өзге де салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін егжей-тегжейлі талқылады.

"Саяси диалогтың жоғары серпінін сақтау және қол жеткізілген уағдаластықтарды дәйекті іске асыру Қазақстан мен Ресей арасындағы өзара іс-қимылдың басты басымдықтарының бірі. Мемлекет басшыларының қойған міндеттері негізінде біз осы бағытта жұмыс істеп келеміз", – деп мәлімдеді М.Нұртілеу

Сауда-экономикалық байланыстарды нығайту мәселесіне айрықша назар аударылды. Стратегиялық маңызы бар салаларда – көлік және логистика, энергетика, металлургия, машина жасау, өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы бағыттарында мемлекетаралық серіктестіктің оң динамикасы аталып өтті.

2024 жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы өзара тауар айналымы 27,8 млрд АҚШ долларын құрап, өткен жылмен салыстырғанда 2,8%-ға өскені тіркелді. Осыған орай тараптар бұл көрсеткішті алдағы уақытта 30 млрд АҚШ долларына дейін жеткізуге мүдделіліктерін растады.

Министрлер сондай-ақ екіжақты стратегиялық серіктестік пен одақтастықты жан-жақты дамытуға өзара бейілділікті атап өтті. Сонымен қатар халықаралық және өңірлік ұйымдар аясындағы үйлестірілген іс-қимылға ерекше маңыз берілді.

"Қазақстан – сенімді одақтасымыз және көршіміз. Мемлекет басшылары айқындаған бағытты негізге ала отырып, біз әрдайым екіжақты және халықаралық алаңдарда бір-бірімізге қолдау көрсетіп келеміз", – деді С.Лавров.

Мемлекеттер арасындағы екіжақты қарым-қатынастарды нығайтуға және дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін Ресей Сыртқы істер министрінің орынбасарлары Михаил Галузин мен Александр Панкин II дәрежелі "Достық" орденімен марапатталды.

Ұлы Жеңістің 80 жылдығын мерекелеу аясында сыртқы саяси ведомстволардың басшылары 28 гвардияшы-панфиловшылар атындағы саябақта орналасқан Даңқ мемориалындағы Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойды.

Ресей Сыртқы істер министрінің сапар бағдарламасы 11 сәуірде жоспарланған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше елдердің Сыртқы істер министрлері кеңесінің кезекті отырысы мен "Орталық Азия – Ресей" форматындағы сыртқы істер министрлерінің кездесуіне қатысуымен жалғасады.

Екіжақты қарым-қатынастар
Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық
03 апреля 2025
Қазанда Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған дөңгелек үстел өтті

Қазан, 2025 жылғы 3 сәуір  Қазандағы Қазақстан Республикасының Бас консулдығы мен Татарстан халықтары Ассамблеясының қолдауымен Халықтар достығы үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толуына арналған «Қазақстан халқы Ассамблеясы: бірлік пен келісімнің 30 жылдығы – Болашаққа бағдар» атты дөңгелек үстел өтті.

Қазақстанның Қазандағы Бас консулы Ерлан Ысқақов, РФ СІМ-нің Қазандағы өкілдігінің басшысы Радик Вахитов, Татарстан Республикасы Мемлекеттік Кеңесінің депутаты, Татарстан халықтары Ассамблеясы Кеңесінің Атқарушы комитетінің басшысы Ренат Валиуллин, «Татарстан халықтары достығы үйінің» директоры Тимур Кадыров, Татарстан Республикасы Ғылым академиясының вице-президенті Айнур Темирханов, қазақтардың ұлттық-мәдени автономиясының жастар қанатының төрайымы Рената Исмурзаева құттықтау сөз сөйледі.

Іс-шараға қатысушылар Қазақстан мен Ресейдегі азаматтық қоғамның даму моделінің ұқсастығын атап өтті, онда Ассамблея барлық этностардың мүдделерін бекіткен жалпыхалықтық бірлік институты болып табылады, қоғамды шоғырландыруға, мәдениетаралық диалогты нығайтуға және дамытуға жәрдемдеседі.

Қазақстанда түрлі этностар мен мәдениеттер өкілдері өмір сүруде және олардың өзара құрметі, ынтымағы мен ортақ игілікке ұмтылуы - республика халқын біріктіретін нағыз құндылық. Өз тарихының отыз жылында Қазақстан халқы Ассамблеясы консультативтік-кеңесші органнан парламенттік өкілдік құқығы бар конституциялық институтқа айналды. Ассамблея қоғамдық келісімнің өзіндік моделін іске асырды, соның арқасында елдегі бейбітшілік пен бірлікті сақтауға қол жеткізілді және елдің табысты болашағы мен мемлекеттілікті нығайтудың берік іргетасы болып табылады.

Мерейтойлық датаға орай қазақтардың ҰМА жастар қанаты жыл бойы жүзеге асырылатын «30 игі іс» челенджін өткізуді ұсынды.

Қонақтарға қазақ ұлттық тағамдары ұсынылып, музыкалық шығармалар орындалды.

Іс-шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері, сондай-ақ дипломатиялық және іскер топтардың, БАҚ және қазақ диаспорасының өкілдері қатысты.

 

Екіжақты қарым-қатынастар
Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық
31 марта 2025
Татарстан Республикасының МДБ басшысы, мүфти Камиль хазрат Самигуллин Астанада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII съезіне қатысады

Қазан,  2025 жылғы 31 наурыз – Қазақстан Республикасының Қазандағы Бас консулы Ерлан Ысқақов Татарстан Республикасы мұсылмандары Діни басқармасының басшысы, Татарстан мүфтиі Камиль хазрат Самигуллинмен кездесті.

Қазақстандық дипломат Камиль хазрат Самигуллинді мерейтойымен және жаңа мерзімге қайта сайлануымен құттықтап,  Татарстан халқының өсіп-өркендеуі мен халықаралық беделінің нығаюына табыс тіледі.

Кездесу барысында этносаралық және конфессияаралық келісімді сақтаудың, барлық этностардың мүдделерін бекіткен азаматтық қоғам институты ретінде Қазақстан халқы Ассамблеясын құрудың отандық тәжірибесі туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Қазақстан мен Татарстан мұсылмандарының діни басқармалары арасындағы өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды. Теологиялық білім беру және рухани-ағартушылық қызмет саласында кадрлар даярлаудың маңыздылығы атап өтілді. Қазіргі таңда 70-тен астам қазақстандық студент Ресей ислам институтында білім алуда.

Камиль хазрат Самигуллин құттықтауы үшін алғыс айтып, ағымдағы жылдың қыркүйегінде Астанада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII съезіне қатысатынын растады. Қазақстанның диалогты, бейбітшілік пен ұлттық бірлікті ілгерілету жөніндегі күш-жігерін жоғары бағалап, түрлі діндер мен конфессиялар өкілдерінің диалогы үшін тұғырнама ұсына отырып, форум өзінің жоғары өзектілігін сақтайтынын атап өтті.

Социальные сети
Меню подвал
Экран дикторы
Терминдер мен қысқартулар
Құпиялылық саясаты
Ашық деректердің интернет-порталында ақпаратты орналастыру қағидалары
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
ҚР Премьер-Министрінің сайты
ҚР Президентінің сайты
ҚР Мемлекеттік рәміздері