Нью-Йорк, 2025 жылғы 13 мамыр - Қазақстанның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі, Елші Қайрат Омаров Нью-Йорктегі БҰҰ штаб-пәтерінде БҰҰ Бас Ассамблеясының 79-сессиясының төрағасы Ф.Янгтың және Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) басшысы Ж.Унгбоның қатысуымен өткен «Лайықты балалық шақ: балалар еңбегінің барлық түрлерін, соның ішінде қарулы қақтығыстарда балаларды күштеп тарту мен пайдалануды жою» тақырыбындағы жоғары деңгейдегі диалогқа қатысты.
Өз мәлімдемесінде Қ.Омаров Қазақстанның балалар еңбегін және балаларды қарулы қақтығыстарда пайдалануды жоюға деген мызғымас адалдығын растады. Ол Қазақстанның негізгі халықаралық құжаттарды, соның ішінде ХЕҰ-ның Жұмысқа қабылдаудың ең төменгі жасы туралы және Балалар еңбегінің ең нашар түрлері туралы конвенцияларын ратификациялағанын атап өтті, сондай-ақ ұлттық іс-қимыл жоспарларын іске асыруды қоса алғанда, осы саладағы ұлттық заңнама мен құқық қолдану тетіктерін нығайту бойынша елдің тұрақты күш-жігерін атап өтті.
Ол сапалы білім балаларды қанауға қарсы күрестің ең тиімді құралы болып табылатынын атап өтті. Ол Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлттық қордың бір бөлігін әрбір баланың 18 жасқа толғанда білім алуға немесе тұрғын үй сатып алуға қолжетімді шоттарына бағыттайтын «Ұлттық қор – балаларға» сияқты ауқымды бастамалармен шыққанын еске салды. Бұл шара «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесімен қатар барлығына сапалы білім алуға кепілдік беруге арналған. Сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар балалар мен халықтың осал топтарындағы балалар үшін инклюзивті білім беруді кеңейту бойынша күш-жігер жұмсалуда.
Сонымен қатар, қарулы қақтығыстарда балаларды үнемі тарту мен пайдалануға терең алаңдаушылық білдіре отырып, Қазақстан өз азаматтарын, әсіресе әйелдер мен балаларды қақтығыс аймақтарынан репатриациялау және реинтеграциялау бойынша белсенді қадамдар жасады, олардың білім алуына, оңалтылуына және әлеуметтік интеграциясына ерекше назар аударады. Сондай-ақ Қазақстан Женевада БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің әрбір бала, әсіресе қақтығыстардан зардап шеккен балалар үшін, бейбітшілік пен төзімділік үшін сапалы білімнің маңыздылығы туралы қарарын бастамашылық етті.
Қазақстан өкілі әрбір балаға қауіпсіз, салауатты және бақуатты балалық шақты, оқуға, дамуға және бейбіт әрі өркендеген болашаққа үлес қосу мүмкіндігін қамтамасыз ету бойынша жаһандық күш-жігерді жандандыруға шақырды.