БҰҰ Бас Ассамблеясында Папа Францискті еске алуға арналған арнайы отырыс өтті

БҰҰ Бас Ассамблеясында Папа Францискті еске алуға арналған арнайы отырыс өтті

Нью-Йорк, 2025 жылғы 29 сәуір – БҰҰ Бас Ассамблеясында Оның Қасиеттілігі Папа Францискті еске алуға арналған арнайы отырыс өтті. Отырысқа Қазақстан тарапынан БҰҰ жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілдігі қатысты.

Отырыста қатысушылар заманауи кезеңнің көрнекті рухани көшбасшысы, өз өмірін бейбітшілікке, әділдікке және адам қадір-қасиетін қорғауға арнаған Папа Францисктің жарқын бейнесін құрметпен еске алды. БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш Папа Францискті «қатігездікке толы әлемдегі мейірімділік үні» деп атап, оның әрдайым ең әлсіз жандардың жағында болғанын жеткізді.

Папа Франциск көпжақты ынтымақтастықтың маңызын, қоршаған ортаны қорғау, кедей халықты қолдау және әрбір адамның қадір-қасиетіне деген құрметті әрдайым ерекше атап өтіп жүрген. Папа Францисктің 2025 жылды Үміт жылы деп жариялауы адамзатты жаһандық қиындықтарға қарамастан, ынтымақтастық пен мейірім жолынан таймай алға басуға үндеген терең символдық қадам болды.

Қазақстан үшін Папа Францисктің 2022 жылғы қыркүйекте Астанаға жасаған мемлекеттік сапары ерекше мәнге ие болды. Сапар аясында ол Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезіне қатысты. Бұл тарихи оқиға конфессияаралық диалогтың маңыздылығын және Қазақстанның Шығыс пен Батыс, түрлі мәдениеттер мен діндер арасындағы көпір ретіндегі рөлін айқын көрсетті.

Папа Францискті еске алу – оның моральдық көшбасшылық, бейбітшілікке адалдық және адамзатқа жанқиярлық қызмет жолындағы ұлы мұрасын бағалаудың жарқын белгісі.