Қазақстан ЯҚТШ нығайту үшін шешуші қадамдарға шақырады

Қазақстан ЯҚТШ нығайту үшін шешуші қадамдарға шақырады

Нью-Йорк, 2025 жылғы 28 сәуір – Бүгін БҰҰ штаб-пәтерінде Ядролық қаруды таратпау туралы шарттың (ЯҚТШ) орындалуын қарастыру жөніндегі 2026 жылғы Шолу конференциясына дайындық аясындағы Үшінші дайындық комитетінің сессиясы өз жұмысын бастады. Сессия барысында, 9 мамырға дейін, шартқа қатысушы мемлекеттер Договордың орындалуына байланысты негізгі мазмұнды және рәсімдік мәселелерді талқылайды.

Сессияның ашылуында БҰҰ Бас хатшысының орынбасары және Қарусыздану мәселелері жөніндегі жоғары өкілі Изуми Накамицу конференцияның табысты өтуі үшін мемлекеттер тарапынан саяси ерік-жігер, икемділік және ымыраға келуге дайындық қажет болатынын атап өтті. Ядролық қатерлердің өсуі жағдайында, оның айтуынша, барлық күш-жігер ЯҚТШ бойынша міндеттемелерді толық және тиімді орындауға бағытталуы тиіс.

Қазақстан Республикасының БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Омаров өз сөзінде еліміздің ЯҚТШ мақсаттары мен қағидаттарына деген берік ұстанымын растады. Қазақстан Шарттың VI бабын орындау бойынша жұмысты шұғыл күшейтуге, ядролық қарудан азат аймақтарды кеңейтуге және барлық мемлекеттер үшін бейбіт ядролық технологияларға тең әрі қауіпсіз қолжетімділікті қамтамасыз етуге шақырды. Сонымен бірге, ЯҚТШ халықаралық қауіпсіздікті нығайтудың құралы болып қалуы және саяси қарама-қайшылықтардың кепіліне айналмауы тиіс екені ерекше атап өтілді.

Сессия аясында Қазақстан делегациясы Шарттың негізгі бағыттары бойынша пікірталастарға қатысады: ядролық қарусыздану, таратпау және бейбіт ядролық энергетиканы пайдалану мәселелері. Еліміз 2026 жылғы Шолу конференциясына дайындыққа және жаһандық ядролық таратпау режимін нығайтуға өзінің конструктивті үлесін қосуға ниетті.