Нью-Йорк, 2025 жылғы 25 сәуір – Нью-Йорктегі Біріккен Ұлттар Ұйымының штаб-пәтерінде Сирияның жаңа туын көтеру рәсімі өтті.
Іс-шараға Сирияның Сыртқы істер министрі Асад әл-Шайбани, БҰҰ Бас хатшысының Сирия бойынша арнайы өкілі Гейр Педерсен, БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің Тұрақты өкілдері, АҚШ-тағы сириялық азаматтық қоғам өкілдері және басқа да жоғары мәртебелі қонақтар қатысты.
Ұйымдастырушылардың шақыруымен рәсімге Қазақстан Республикасының БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Омаров қатысты. Қазақстан бейбітсүйгіш, көпвекторлы және прагматикалық сыртқы саясатын дәйекті түрде жүзеге асыра отырып, Сирия Араб Республикасының БҰҰ Жарғысы мен халықаралық құқық нормаларына сәйкес тұрақты бейбітшілікті орнату, егемендігін, аумақтық тұтастығы мен тәуелсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған халықаралық қоғамдастықтың күш-жігерін қолдайды.
Қатысушылардың қошеметі аясында жаңа сириялық революциялық ту көтеріліп, БҰҰ-ның 193 мүше мемлекеті мен 2 байқаушы мемлекетінің тулары арасында өз орнын алды.
БАҚ өкілдеріне арнаған сөзінде Сирияның Сыртқы істер министрі: «Бұл – бүкіл әлемге және барлық еркін адамдарға арналған жолдау. Біз бастан кешіп отырған осы сәт тек сириялықтарға ғана емес, бүкіл әлемге қатысты», – деп атап өтті.
Қазақстан Сирия қақтығысын бейбіт жолмен реттеуге белсенді үлес қосты. Атап айтқанда, 2017 жылдан бері сириялық дағдарыстың негізгі тараптары арасындағы диалогты ілгерілетуге ықпал еткен Астаналық процеске бастамашылық жасап, оны ұйымдастырды. Біздің еліміз алдағы уақытта да Сириядағы әділетті және орнықты бейбітшілікті қамтамасыз етуге және жаһандық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған күш-жігерді қолдауды жалғастырады.