БҰҰ Қарусыздану жөніндегі комиссиясының 2025 жылғы сессиясы ашылды

БҰҰ Қарусыздану жөніндегі комиссиясының 2025 жылғы сессиясы ашылды

Нью-Йорк, 2025 жылғы 7 сәуір — Нью-Йорктегі БҰҰ Штаб-пәтерінде Қарусыздану жөніндегі БҰҰ комиссиясының жыл сайынғы сессиясы өз жұмысын бастады. Халықаралық қауіпсіздік саласындағы өзекті мәселелерді талқылауға арналған әмбебап алаң ретіндегі бұл сессияға биыл Парагвай төрағалық етуде. Күн тәртібінің басты бағыттары — ядролық қарусыздану және таратпау, сондай-ақ жаңа технологияларға байланысты туындайтын сын-қатерлер. Сессия 25 сәуірге дейін жалғасады.

Сессияны аша отырып, БҰҰ Қарусыздану мәселелері жөніндегі Жоғары өкілі Изуми Накамицу ядролық қару қолдану қаупі қырғи-қабақ соғыс кезеңінен бергі ең жоғары деңгейге жеткенін атап өтті. Оның айтуынша, халықаралық тежеу және бақылау тетіктері әлсіреп келеді. Сондай-ақ, ол жасанды интеллект сияқты жылдам дамып келе жатқан технологияларды реттеу бойынша жаһандық нормалар әзірлеудің шұғыл қажеттігін атап өтті, өйткені бұл технологиялар болашақтағы қарулы жанжалдардың сипатына елеулі ықпал етуі мүмкін.

Қазақстан атынан сөз сөйлеген БҰҰ жанындағы Тұрақты өкіл Қайрат Омаров еліміздің ядролық қарусыздануға қатысты ұстанымы тарихи тәжірибеге негізделетінін атап өтті. Бұл саясат Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен жүргізіліп отырған жауапты және жүйелі сыртқы саяси бағыттың бір бөлігі болып табылады және жаһандық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған көпжақты күш-жігерге белсенді қатысуды көздейді. Атап айтқанда, Қазақстан ядролық қаруға тыйым салу туралы шартқа (ЯҚТСШ) қатысушы мемлекеттердің үшінші кездесуіне төрағалық етті және Орталық Азиядағы ядросыз аймақты нығайтуға өз үлесін қосып келеді.

Қазақстан 2026 жылы күшін жоятын Ресей Федерациясы мен Америка Құрама Штаттары арасындағы Стратегиялық шабуылдаушы қаруларды одан әрі қысқарту және шектеу шаралары туралы шарттың тоқтауына алаңдаушылық білдіріп, оның орнына өміршең әрі уақтылы жаңа келісім бойынша келіссөздерді жедел бастауға шақырды. Сонымен қатар, Ядролық қаруды таратпау туралы шарттың (ЯҚТШ) VI бабын толық орындаудың маңыздылығы атап өтілді. Бұл бап барлық қатысушы мемлекеттерге ядролық қару жарысын тоқтату, қарусыздану және жалпыға бірдей әрі толық қарусыздану туралы шарт жасасу жөніндегі тиімді шаралар бойынша адал келіссөздер жүргізу міндетін жүктейді. Қазақстан сондай-ақ Ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы шарттың (ЯСЖТШ) күшіне енуін жеделдетуге шақырды, өйткені ол жаһандық таратпау режимінің негізгі тіректерінің бірі болып табылады.

Сонымен қатар, мәлімдемеде ядролық қаруға қатысты шешімдер қабылдау үдерісіне теріс әсер ету қаупін болдырмау мақсатында автономды жүйелер мен жасанды интеллект саласында халықаралық стандарттар әзірлеу қажеттігі атап өтілді.

Қарусыздану жөніндегі БҰҰ Комиссиясы — БҰҰ Бас Ассамблеясының қосалқы органы ретінде қарусыздану мәселелері бойынша ұсынымдар әзірлеуге және халықаралық қауіпсіздік саласында мемлекеттер арасындағы сенімді нығайтуға арналған әмбебап алаң болып табылады.