
Нью-Йорк, 2025 жылғы 18 наурыз – БҰҰ штаб-пәтерінде Наурыз мейрамына арналған салтанатты іс-шара өтті. Іс-шараны Ауғанстан, Әзербайжан, Ирак, Иран, Қазақстан, Қырғызстан, Пәкістан, Тәжікстан, Түрікменстан, Түркия, Үндістан және Өзбекстан елдерінің Тұрақты өкілдіктері ұйымдастырды.
Іс-шараны аша отырып, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары Әмина Мұхаммед Бас хатшының атынан қатысушыларды құттықтап, «Наурыз – табиғаттың қайта жаңғыруын, үміттің жаңаруын бейнелейді және халықтар арасындағы татулық пен ынтымақтастықты нығайтады» деп атап өтті. Ол жанжалдарға толы әлемде Наурыз рухының келіспеушіліктерді еңсеруге және бейбітшілік пен өзара құрметке ұмтылуға шабыттандыратын аса құнды сый екенін баса айтты.
Қазақстанның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Омаров өз сөзінде Наурыздың жаңару, үйлесім мен үміт сияқты мәңгілік құндылықтарды бейнелейтінін және түрлі халықтар мен мәдениеттерді біріктіретінін атап өтті. Сонымен қатар, ол Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы мемлекеттік шекара туралы тарихи келісімге қол қойылуының Наурыздың шынайы рухын айқын көрсеткенін және осы тұрғыда мерекенің ерекше маңызға ие екенін тілге тиек етті.
Іс-шараның мәдени бағдарламасында Қазақстан атынан студент Аманмырза Жүсіпхан өнер көрсетті. Ол Құрманғазы Сағырбайұлының «Балбырауын» және Нұрғиса Тілендиевтің «Әлқисса» күйлерін орындады.
Іс-шара соңында ұйымдастырушы елдер қонақтарды ұлттық тағамдарымен таныстырды. Қазақстан өкілдігі қонақтарды Наурыз мейрамы күндері дастарханның сәніне айналған дәстүрлі мерекелік тағамдармен қуантты.