Алматыда БҰҰ Аймақтық орталығының құрылуы Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесінде оң бағасын алды

Алматыда БҰҰ Аймақтық орталығының құрылуы Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесінде оң бағасын алды

Нью-Йорк, 2024 жылғы 12 желтоқсан – Біріккен Ұлттар Ұйымының штаб-пәтерінде Ауғанстандағы жағдай мен елдегі қиындықтарды шешу жолдарын талқылауға арналған Қауіпсіздік Кеңесінің (ҚК) отырысы өтті. Бұл жиынға ҚК мүшелерімен бірге БҰҰ Бас хатшысының Арнаулы өкілі – БҰҰ-ның Ауғанстанға жәрдемдесу жөніндегі миссиясының (UNAMA) басшысы Роза Отынбаева, сондай-ақ Ауғанстан, Қазақстан, Қырғызстан, Иран, Үндістан, Пәкістан делегациялары және басқа да жоғары лауазымды өкілдер қатысты.

БҰҰ өкілдері ҚК мүшелеріне және отырысқа қатысушыларға Ауғанстандағы ағымдағы жағдай туралы егжей-тегжейлі мәлімет берді. Оның ішінде, елдегі ауыр гуманитарлық жағдай, адам құқықтарының, әсіресе әйелдер мен қыздардың құқықтарының бұзылуы, терроризм қаупі сияқты мәселелерге баса назар аударылды.

Қазақстанның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Омаров еліміздің БҰҰ Жарғысы мен гуманитарлық қағидаттарға бейілділігін растап, Ауғанстанды тұрақтандырудың маңыздылығын атап өтті. Ол «Біріңғай БҰҰ» тұжырымдамасы аясында БҰҰ агенттіктерінің күш-жігерін үйлестіру және өңір елдерінің белсенді өзара іс-қимылы ауған халқына көмектің тиімділігін арттыратынын атап өтті. Орталық Азияның экономикалық орнықтылығы өз кезегінде Ауғанстандағы тұрақтылықтың негізгі факторына айналады.

Осы бағытта Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Орнықты даму мақсаттары (ОДМ) бойынша БҰҰ Аймақтық орталығын құру туралы бастамасы ұсынылды.

«Бір апта бұрын, ағымдағы жылдың 4 наурызында БҰҰ Бас Ассамблеясы бірауыздан Орталық Азия мен Ауғанстан үшін ОДМ бойынша БҰҰ орталығын құру туралы қарарын қабылдады. 152 ел бастаманың жоғары маңыздылығын және кең халықаралық консенсусты көрсететін қарардың тең авторларының бірі болды. Бастама өңір елдерінің экономикасын нығайтуға, жұмыс орындарын құруға, көші-қон ағынын тежеуге және елдерді өңірлік сауда желілеріне біріктіруге бағытталған. Уақыт өте келе экономикалық тұрақтылық Ауғанстанның біртіндеп саяси трансформациясына, оның ішінде әйелдер құқықтары саласындағы прогреске жол ашатынына сенімдіміз», – деді қазақстандық дипломат.

БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүше елдер, атап айтқанда Гайана, Алжир, Сомали және Сьерра-Леоне атынан сөйлеген сөзінде Қазақстанның бастамасын қолдады. «Біз Орталық Азия мен Ауғанстан үшін ОДМ бойынша БҰҰ Аймақтық орталығын құру туралы қарардың қабылданғанын және қолдауға мұқтаж миллиондаған ауғандықтардың өмірін жеңілдету үшін қолжетімді құралдарды пайдалана отырып, өңірлік ынтымақтастықты дамытуды қолдаймыз», – деді Гайана өкілі.