Нью-Йорк, 2023 жылғы 29 тамыз – Қазақстанның бастамасымен жыл сайын өтетін БҰҰ Бас Ассамблеясының жоғары деңгейдегі пленарлық отырысын 29 тамызда Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясының Төрағасы
Чаба Кереши шақырды.
Бас Ассамблеяның төрағасы, БҰҰ-ның Қарусыздану істері жөніндегі Жоғары өкілі Изуми Накамицу, Ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу шарты ұйымының (ЯСТШҰ) Атқарушы хатшысы Роберт Флойд, Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (АЭХА) Нью-Йорктегі БҰҰ бөлімшесінің басшысы Вивиан Окекенің мәлімдемелері, азаматтық қоғам және Дүниежүзілік ұйымға мүше мемлекеттердің өкілдерімен толықтырылды.
Баяндамашылар Ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы шартты қабылдауға негіз болатын Қазақстанның Семей ядролық сынақ полигонын кейіннен жаһандық ядролық сынақтарға тыйым салу үшін жабу туралы шешімінің тарихи маңызын атап өтті.
БҰҰ Бас Ассамблеясының төрағасы қарулану жарысының күшеюін және жағдайдың, соның ішінде Украина аумағындағы қақтығыс төңірегінде шиеленісуін атап өтті. Ч. Кереши жаһандық ядролық сынақтарға тыйым салуды жүзеге асыру бойынша бірлескен іс-қимылдардың маңыздылығын атап өтіп, Қазақстанға Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күнін жыл сайынғы шолу жөніндегі бастамасы үшін алғысын білдірді.
БҰҰ Бас хатшысының Жоғары өкілі Изуми Накамицу 29 тамыз күні Қазақстанның ядролық сынақтарға халықаралық тыйым салуға қосқан теңдессіз үлесі екенін, оның жағымсыз салдарын Семей өңірінің тұрғындары әлі де көріп отырғанын атап өтті. И. Накамицу Қазақстан халқы мен үкіметіне ядролық сынақтарға тыйым салудың маңыздылығына назар аудартудағы тынымсыз күш-жігері үшін алғыс білдірді.
ЯСТШҰ Атқарушы хатшысы ядролық қаруы бар мемлекеттерді ядролық сынақтардан бас тарту жөніндегі міндеттемелерін растауға шақырды. Р. Флойд Қазақстанның Семей ядролық сынақ полигонын жабудағы және Ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы шарттың күшіне енуіне ықпал етудегі баға жетпес рөлін ерекше атап өтті.
БҰҰ жанындағы Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік кеңсесінің басшысы Вивиан Океке мүше мемлекеттердің ядролық қаруды таратпау жөніндегі міндеттемелерін орындауын қамтамасыз ету бойынша Агенттіктің қызметі туралы айтып берді. Сондай-ақ, В. Океке Қазақстан Үкіметіне Агенттіктің қолдауы мен Семей полигонындағы қоршаған ортаны қалпына келтіру және жеке жер телімдерін экономикалық айналымға берудегі тиімді ынтымақтастық үшін алғысын білдірді.
Алжирлік жас азаматтық белсендісі Элиас Мерад Таули Францияның өз елінің аумағында жүргізген ядролық сынақтардың апатты экологиялық зардаптарына назар аударды. Оның айтуынша, тағдырдың қалауымен Алжир Қазақстанмен және Тынық мұхитындағы бірқатар аралдық мемлекеттермен бірге ядролық қару сынақтарынан кейін радиациялық ластануға ұшырап, болашақта онымен күресуге және мұндай оқиғалардың қайталанбауы үшін шаралар қабылдауға мәжбүр болды.
Бұған қоса, отырыс барысында мемлекеттердің өкілдері өңірлік және өздерінің халық топтары атынан сөз сөйледі. Биылғы жылы аймақтық деңгейде баяндамашылардың бұрын-соңды болмаған жоғары саны байқалды.
Қазақстанның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі Ақан Рахметуллин ядролық қарусыз әлемге қол жеткізу үшін мемлекеттер және қоғам өкілдерінің, соның ішінде жастардың да күш-жігерін біріктіруге ұмтылуымызды атап өтті. Қазақстандық дипломат БҰҰ-ға мүше мемлекеттерді ядролық қарудан бас тарту үшін тағы да диалог пен нақты әрекеттерге шақырды.
Ядролық сынақтарға тыйым салуды қолдау жөніндегі жаһандық бастамаға назар аудару мақсатында Қазақстанның Тұрақты Өкілдігі БҰҰ-ның Қарусыздану жөніндегі басқармасымен бірлесіп 8,29 км символдық қашықтықты еңсеруді жастар өкілдері үшін акция ұйымдастырды (8 саны тамыз айын, ал 29 – күнді білдіреді). Акция салауатты өмір салтын қалыптастыруға және жастарды Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күнін насихаттау жөніндегі жаһандық қозғалысқа тартуға ықпал етеді.
Бұл акцияға атақты Голливуд актері Майкл Дуглас қосылып, Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күніне және жастар мен БҰҰ-ның осы бағыттағы күш-жігеріне қолдау білдіріп, әлеуметтік желілерде жария етті.