Қазақстан БҰҰ Әйелдер мәртебесі жөніндегі комиссиясының 67-сессиясына қатысуда

Қазақстан БҰҰ Әйелдер мәртебесі жөніндегі комиссиясының 67-сессиясына қатысуда

Нью-Йорк, 2023 ж. 8 наурыз - ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин бастаған Қазақстан делегациясы БҰҰ Әйелдер мәртебесі жөніндегі комиссиясының 67-сессиясына қатысуда.

Комиссия гендерлік теңдік пен әйелдердің мүмкіндіктерін кеңейту бойынша прогресті бағалау, жаһандық стандарттарды белгілеу және нақты стратегияларды әзірлеу үшін жыл сайын өткізілетін басты халықаралық форум болып табылады.

2023 жылғы 6-17 наурыз аралығында БҰҰ-ның Нью-Йорктегі штаб-пәтерінде өтіп жатқан Комиссияның жыл сайынғы сессиясының жұмысына 190-нан астам елдің делегаттары, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, сарапшылар қауымдастығы қатысуда.

Ағымдағы сессияның басым тақырыбы - цифрлық технологиялар мен инновацияларды қолдану арқылы әйелдер мен қыздардың жағдайын жақсарту.

Сессияның ашылуында сөз сөйлеген БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш соңғы онжылдықтарда гендерлік теңдік саласында қол жеткізілген жетістіктер «көз алдымызда әлсіреп бара жатқанын» атап өтті. Әйелдер зорлық-зомбылық пен кемсітушілікті бастан кешіруде. Осыған байланысты БҰҰ басшысы әлемдік қауымдастықты гендерлік теңдікке қол жеткізу саласындағы үш негізгі мәселені шешуге шақырды: әйелдерге білім беру және жұмыспен қамту саласында жаңа мүмкіндіктер жасау; әйелдердің ғылым мен технологиялық дамуға қатысуын ынталандыру; әйелдер мен қыздар үшін қауіпсіз цифрлық кеңістік құру.

Сессия барысында Бағдат Мусин Орталық Азия елдері атынан бірлескен мәлімдеме жасады. Ол өз сөзінде әйелдердің технологиялар мен инновациялар саласына толыққанды қатысуына жәрдемдесу, сондай-ақ әйелдер мен қыздарды онлайн кеңістікте қорғау өңір мемлекеттері үшін басымдық болып табылатынын атап өтті және олардың осы салада атқарып жатқан шараларына тоқталды.

Ү.ж. 7 наурызда сессияның басым тақырыбына арналған дөңгелек үстелде Қазақстан делегациясының басшысы еліміз цифрлық трансформацияда, халықтың Интернетке, онлайн мемлекеттік қызметтерге және электронды төлемдерге қолжетімділікті қамтамасыз етуде айтарлықтай жетістіктерге жеткенін атап өтті. Соның арқасында 2022 жылы Қазақстан БҰҰ-ға мүше 193 елдің арасында Электронды үкіметтің даму индексінде 28-ші орынға және БҰҰ-ның Электронды қатысу индексінде 15-ші орынға ие болды.

Ол сондай-ақ адами капиталға инвестицияның негізгі рөлін атап өтті. Сондықтан да Қазақстанда жас және дарынды ІТ мамандарды, соның ішінде әйелдерді тарту және технологиялық компаниялардың дамуына қолайлы жағдай жасау үшін аймақтағы ең ірі халықаралық стартаптар технопаркі – Astana Hub құрылды.

Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күреске арналған «Есіктің ар жағында» атты көрме делегаттар мен БҰҰ штаб-пәтерінің қонақтарының ерекше қызығушылығын тудырды. Көрменің ерекшелігі – экспонаттарды цифрлық NFT форматында сатып алуға болады, ал оларды сатудан түскен қаражат зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдерді қолдау орталықтарына жолданатын болады.

Сапар барысында Қазақстан делегациясы БҰҰ мамандандырылған мекемелерінің басшыларымен және технологиялық компаниялардың өкілдерімен бірқатар кездесулер өткізіп, цифрландыру саласындағы ынтымақтастықтың одан әрі перспективаларын талқылады.

Сондай-ақ қазақстандық делегация бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі әйелдердің рөліне арналған БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында баяндама жасады және сессия аясындағы түрлі тақырыптық іс-шараларға белсенді қатысады.

Осындай іc-шаралардың бірі 9 наурызда өтеді және ол Қазақстан әйелдерінің жағдайын жақсартудағы цифрлық технологиялардың рөліне арналады. Шара барысында қатысушылар назарына әйелдердің жағдайын жақсартуға арналған жаңа технологияларды енгізу бойынша еліміздің озық тәжірибесі, оның ішінде «Цифрлық отбасы картасы» жобасы мен республика өңірлеріндегі Кәсіпкерлерді қолдау орталықтары ұсынылатын болады.