Нью-Йоркте Ядролық қаруды таратпау туралы шарт бойынша Шолу конференциясының перспективалары талқыланды

Нью-Йоркте Ядролық қаруды таратпау туралы шарт бойынша Шолу конференциясының перспективалары талқыланды

Нью-Йоркте Ядролық қаруды таратпау туралы шарт бойынша Шолу конференциясының перспективалары талқыланды

 

Нью-Йорк, 2021 жылғы 26 қазан – Ядролық қаруды таратпау перспективалары мен сын-қатерлерін Қазақстанның Нью-Йорктегі БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілдігі БҰҰ Қарусыздану жөніндегі басқармасымен бірлесіп ұйымдастырған Ядролық мәселелерді талқылау жөніндегі форумда халықаралық сарапшылар мен дипломаттар қарастырды. Ядролық қаруды таратпау туралы шарттың (ЯҚТШ) орындалуын шолу жөніндегі оныншы конференцияға арналған іс-шара COVID-19 пандемиясына байланысты бірнеше рет кейінге қалдырылған және 2022 жылғы 4-29 қаңтар аралығында Нью-Йоркте өткізіледі.

БҰҰ Бас хатшысының Қарусыздану мәселелері жөніндегі жоғары өкілі Изуми Накамицу аталған конференция қарсаңында ядролық қаруды таратпау перспективалары мен сын-тегеуріндеріне өз бағаларымен бөлісті. Ол ядролық қаруды қолданбау жөніндегі міндеттемелерді оған ие мемлекеттер тарапынан растау қажеттігін атап өтті.

Форумға қатысушыларды құттықтай отырып, Қазақстанның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі Мағжан Ілиясов ЯҚТШ бойынша шолу конференциясы алдыңғы конференциялардың шешімдерін растап қана қоймай, алдағы кезеңге нақты міндеттер қоюы тиіс екенін атап өтті.

«Халықаралық қоғамдастық Шарттың құндылығын мойындайды, сондықтан біз ядролық қаруды қолданудың қазіргі заманғы тәуекелдерін жою жолдарын табуға тиіспіз», - деп айтты Қазақстан елшісі.

Форумда сондай-ақ ЯҚТШ бойынша шолу конференциясының төрағасы Густаво Злаувинен, Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің БҰҰ жанындағы өкілі Вивиан Океке және Қару-жарақты бақылау қауымдастығының Атқарушы директоры Дарэл Кимбал егжей-тегжейлі баяндама жасады.

Талқылау барысында сарапшылар мен дипломаттар Шолу конференциясына дайындық ядролық державалар арасындағы шиеленістің өсуі мен қару-жарақты бақылаудың жаһандық архитектурасының эрозиясы аясында өтіп жатқанын атап өтті. Дегенмен, Шолу конференциясы қарусызданудың және таратпаудың жаһандық режимін нығайтуға және ядролық қарудан азат әлемді құру мақсатындағы міндеттемелерді растауға мүмкіндік береді.

Форумға қатысушылар ядролық тәуекелдерді азайтудың және қарусызданудың ортақ пайымын жандандырудың жаңа жолдарын, сондай-ақ мемлекеттердің атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану құқығын бұзбай, таратпау элементтерін нығайтудың ықтимал тетіктерін қарастырды.

Ядролық мәселелерді талқылау жөніндегі ұйымдастырылған форум ядролық қарусызданудың өзекті проблемалары бойынша ашық пікір алмасу үшін маңызды алаңға және негізін ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қалаған Қазақстанның осы саладағы сыртқы саяси бағытының жалғасуына айналды.

Ескерту: Ядролық қаруды таратпау туралы шарт (ЯҚТШ) қарусыздану мен таратпаудың жаһандық режимінің негізі болып табылады. Бұл халықаралық құжат өзінің іс жүзінде әмбебап мүшелігімен ядролық қаруды таратпау жөніндегі тексерілуге жататын, қарусыздану саласындағы міндеттемелерді заңды түрде міндеттейтін міндеттемелерді және ядролық технологияларды бейбіт мақсатта пайдалануды дамытуға көмек туралы уағдаластықтарды біріктіреді.