Азиядағы сенімді қалай нығайтуға болады: БҰҰ-да Қазақстанның АӨСШК-дегі төрағалығының басымдықтары таныстырылды

Азиядағы сенімді қалай нығайтуға болады: БҰҰ-да Қазақстанның АӨСШК-дегі төрағалығының басымдықтары таныстырылды

Нұр-Cұлтан, 2021 жылдың 2 сәуірі – Қазақстан Сыртқы істер министрінің Бірінші орынбасары Шахрат Нұрышев БҰҰ алаңында Қазақстанның сол ұйым жанындағы Тұрақты өкілдігі мен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесінің (АӨСШК) хатшылығымен бірлесіп ұйымдастырған «Азиядағы сенімді нығайтуға және АӨСШК-ні XXI ғасырдың сын-тегеуріндеріне неғұрлым тұрақты ету жолдары» атты халықаралық онлайн конференцияға қатысты.

Іс-шараға БҰҰ Азия және Тынық мұхиты тобы елдерінің, сондай-ақ АӨСШК мүше және байқаушы мемлекеттерінің делегациялары қатысты.

Өз сөзінде, Ш.Нұрышев АӨСШК-ге қазақстандық төрағалықтың басымдықтары туралы егжей-тегжейлі айтып, «Қазақстан эпидемиологиялық қауіпсіздік, қоғамдық денсаулық сақтау, экология, цифрландыру және т.б. өзекті салаларда тиімді шешімдерді бірлесіп іздеу үшін Сенім шаралары каталогын іс жүзінде іске асыруға және көпжақты ынтымақтастықты дамытуға ерекше мән беретінін» атап өтті. АӨСШК процесіне оған қатысушы елдердің бизнес қоғамдастықтарының, академиялық және сараптамалық топтарының, жастар мен үкіметтік емес ұйымдарының өкілдері белсенді тартылатыны және бұл Азия мемлекеттері арасындағы саяси, экономикалық және мәдениетаралық ынтымақтасты одан әрі нығайтуға ықпал ететіні атап өтілді.

Конференция барысында БҰҰ Бас хатшысының орынбасары – Контртеррористік басқарма басшысы Владимир Воронковтың бейне баяндамасы ұсынылды. Сондай-ақ, Қазақстанның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі Мағжан Ілиясов пен АӨСШК хатшылығының Атқарушы директоры Қайрат Сарыбай сөз сөйледі.

Пікірталас барысында іс-шараға қатысушылар АӨСШК-нің өзектілігін және оның қазіргі геосаяси жағдайдағы қызметінің маңыздылығын ерекше атап өтті.

АӨСШК БҰҰ-да бақылаушы, ал БҰҰ – АӨСШК-де бақылаушы болып табылады.