
Нью-Йорк, 2026 жылғы 13 шілде – БҰҰ-ның Орнықты даму жөніндегі жоғары деңгейдегі саяси форумы шеңберінде Қазақстан Республикасының БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілдігінде «Жаһандық су ресурстарын басқаруды нығайту: Біріккен Ұлттар Ұйымының аясында Халықаралық су ұйымын құру?» тақырыбында іс-шара өтті.
Іс-шараны аша отырып, Қазақстан Республикасының БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Омаров халықаралық су архитектурасының сақталып отырған бытыраңқылығы әлемдік қоғамдастықтың өсіп келе жатқан су сын-қатерлеріне тиімді ден қою қабілетін шектейтінін атап өтті. Осыған байланысты, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымын құру жөніндегі бастамасы жаһандық су ресурстарын басқарудың үйлесімділігін, тиімділігі мен есептілігін арттыруға бағытталған инклюзивті диалогқа ашық шақыру ретінде қарастырылуда.
Қатысушылар БҰҰ-ның қазіргі су архитектурасындағы өзекті мәселелер, халықаралық су ресурстарын басқару жүйесіндегі Ұйымның рөлін күшейту мүмкіндіктері, сондай-ақ неғұрлым үйлестірілген, тиімді және мүше мемлекеттер алдында есеп беретін институционалдық тетік қалыптастырудың перспективалары жөнінде пікір алмасты. Су мәселелерін климаттың өзгеруімен, азық-түлік және энергетикалық қауіпсіздікпен, денсаулық сақтаумен, экономикалық дамумен және халықаралық тұрақтылықпен тығыз өзара байланысын ескере отырып, кешенді тұрғыдан қарастыру қажеттілігіне ерекше назар аударылды.
Өткен іс-шара 2026 жылғы 23 сәуірде Астанада Өңірлік экологиялық саммит аясында өткізілген Қазақстан бастамасы жөніндегі халықаралық консультациялардың бірінші раундының жалғасы болды. Нью-Йорктегі пікірталас бастаманы мүше мемлекеттердің, БҰҰ жүйесі ұйымдарының және халықаралық әріптестердің неғұрлым кең тобына таныстыруға мүмкіндік берді. Айтылған ұсыныстар мен сараптамалық бағалар жаһандық су ресурстарын басқаруды институционалдық тұрғыдан нығайтудың ықтимал нысандары мен тетіктерін, оның ішінде БҰҰ-ның 2026 жылғы Су конференциясы және 2030 жылдан кейінгі кезеңге арналған даму күн тәртібін қалыптастыру контекстінде одан әрі талқылауға ықпал ететін болады.
Іс-шара аясында Қазақстан делегациясының БҰҰ Университетінің Су ресурстары, қоршаған орта және денсаулық институтының директоры Кавех Маданимен және Германияның Қоршаған орта, климаттың өзгеруіне қарсы күрес, табиғатты қорғау және ядролық қауіпсіздік жөніндегі федералдық министрлігінің су мәселелері жөніндегі директоры Мириам Харитцпен екіжақты кездесулері де өтті. Тараптар ынтымақтастықтың перспективалы бағыттарын, оның ішінде БҰҰ-ның су архитектурасын институционалдық тұрғыдан нығайту мәселесі бойынша көпжақты диалогты ілгерілету жолдарын талқылады.