
Нью-Йорк, 2026 жылғы 29 маусым – Қазақстан Республикасының БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Омаров «БҰҰ-80» бастамасының «Қоршаған орта» 27-жұмыс пакеті бойынша Бас Ассамблеяға арналған брифингке қатысты. Іс-шара БҰҰ-ның экологиялық архитектурасының үйлесімділігін, тиімділігін және практикалық нәтижелілігін арттыру мәселелеріне арналды.
Қазақстан өкілі өз сөзінде экологиялық сын-қатерлердің орнықты даму, экономикалық тұрақтылық, адам қауіпсіздігі және бейбітшілік мәселелерімен тікелей байланысты екенін атап өтті. Осыған байланысты, БҰҰ жүйесінің жұмысын мандаттардың қайталануы, фрагментация және жаһандық үйлестіру, өңірлік платформалар мен елдік деңгейдегі қызмет арасындағы байланыстың жеткіліксіздігі жағдайында неғұрлым үйлесімді жүргізу қажеттігі айтылды.
Осы тұрғыда жаһандық су күн тәртібіне ерекше назар аударылды. Қазақстан тарапы судың қазіргі заманның ең өзекті экологиялық және даму сын-қатерлерінің бірі екенін, сондай-ақ жаһандық деңгейде неғұрлым тиімді әрі үйлестірілген басқаруды талап ететінін мәлімдеді.
БҰҰ жүйесіндегі су мәселелеріне қатысты мандаттар ондаған құрылым, бағдарлама және қор арасында бөлініп отырғаны атап өтілді. Осыған орай, Қазақстан қайталануды қысқарту, БҰҰ жүйесіндегі үйлестіруді күшейту, институционалдық тиімділікті арттыру және су күн тәртібін лайықты саяси басымдық деңгейіне көтеру қажеттігін көрсетті.
Тұрақты өкіл 27-жұмыс пакетінің тең төрағаларына осы бағыт бойынша қорытынды ұсыныстарда су өлшемін ескеруді ұсынды. Кез келген институционалдық шешім мұқият консультацияларды және мүше мемлекеттердің кең қолдауын талап ететіні атап өтілді. Бұл ретте, «БҰҰ-80» шеңберіндегі қазіргі процесс жаһандық су басқаруының стратегиялық маңызын мойындауға маңызды мүмкіндік береді.
Қазақстан жаһандық су архитектурасын нығайту, Орнықты даму мақсаты 6-ға қол жеткізуді жеделдету және 2030 жылдан кейінгі орнықты дамуды қолдау мақсатында барлық мүдделі тараптармен сындарлы түрде өзара іс-қимыл жасауға дайын екенін растады.