
2026 жылғы 29 маусым, Нью-Йорк – Қазақстан делегациясы Нью-Йоркте 26 маусым мен 2 шілде аралығында өтіп жатқан БҰҰ-ның Терроризмге қарсы апталығының жұмысына белсенді қатысуда. Жоғары деңгейдегі конференция аясында Қазақстан Сирия мен Ирактағы қарулы қақтығыс аймақтарынан қайтарылған азаматтарды елге қайтару, оңалту және қоғамға қайта бейімдеу саласындағы ұлттық тәжірибесін халықаралық қауымдастыққа таныстырды.
Конференция қатысушыларының ерекше назарын Қазақстанға репатриацияланған азаматшалардың бірінің сөз сөйлеуі аударды. Ол Жоғары деңгейдегі конференцияның пленарлық отырысына арнайы қонақ ретінде қатысып, елге оралғаннан кейінгі өмірі, қоғамға қайта бейімделуі және мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау туралы жеке тәжірибесімен бөлісті. «Мемлекеттің қолдауының арқасында менің өмірім қалыпты арнаға түсті. Балаларым білім алып жатыр, ал мен өзімнің шағын кәсібіммен айналысуға мүмкіндік алдым», – деп атап өтті ол. Бұл сөз Қазақстанның қақтығыс аймақтарынан оралған азаматтарды қоғамға қайта кіріктіру жөніндегі кешенді тәсілінің нақты нәтижелерін айқын көрсетті.
Терроризмге қарсы апта аясында Қазақстан делегациясы БҰҰ-ның Жаһандық терроризмге қарсы стратегиясына тоғызыншы шолу жасаудың қорытынды құжатын әзірлеу жөніндегі келіссөздерге де қатысуда. Аталған құжат Жоғары деңгейдегі конференцияның қорытындысы бойынша қабылданады деп күтілуде.
Іс-шара аясында Қазақстан Орталық Азия мемлекеттерімен бірлесіп «Қақтығыс аймақтарынан оралған азаматтарды қылмыстық жауапкершілікке тарту, оңалту және қоғамға қайта бейімдеу саласындағы Орталық Азия тәжірибесі» тақырыбында арнайы сайд-ивент өткізеді. Сонымен қатар, БҰҰ құрылымдарының өкілдерімен және терроризмге қарсы іс-қимыл саласындағы халықаралық сарапшылармен бірқатар екіжақты кездесулер жоспарланған.
Қазақстан делегациясы сондай-ақ халықаралық ұйымдар мен серіктес мемлекеттер, оның ішінде Ресей мен Ямайка ұйымдастыратын бірқатар тақырыптық сайд-ивенттерге спикер ретінде қатысуға шақырылды.
Анықтама үшін: Қауіпсіздік мақсатында аты-жөні жарияланбайтын репатриант әйел және оның төрт баласы 2019 жылы Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен жүзеге асырылған «Жусан» гуманитарлық операциясы аясында Қазақстанға қайтарылды.
«Жусан» және «Русафа» гуманитарлық операцияларының нәтижесінде Қазақстанға 700-ден астам азамат қайтарылды. Олардың басым бөлігін әйелдер мен балалар құрады.