
Нью-Йорк, 2026 жылғы 22 маусым - ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жарияланған Жасанды интеллект жылы аясында БҰҰ-ның Нью-Йорктегі штаб-пәтерінде Қазақстанның мемлекеттік басқаруды цифрлық трансформациялау және жасанды интеллектті дамыту саласындағы жетістіктері таныстырылған жоғары деңгейдегі іс-шара өтті.
Іс-шараға БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің, халықаралық ұйымдардың, жеке сектордың, академиялық орта мен сарапшылық қоғамдастықтың өкілдері қатысты. Іс-шараны ҚР-дың БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Омаров ашып, кіріспе сөз сөйледі.
Іс-шараның негізгі баяндамашылары ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Бақытжан Мұхаметқалиев және БҰҰ Бас хатшысының орынбасары - Бас хатшысының цифрлық және жаңа технологиялар жөніндегі арнайы өкілі Амандип Сингх Гилл болды.
Сонымен қатар, пікірталасқа БҰҰ Бас хатшысының саясатты үйлестіру жөніндегі көмекшісі Бьёрг Сандкьер, БҰҰ жанындағы Сальвадор Республикасының Тұрақты өкілі - Жасанды интеллектті басқару жөніндегі жаһандық диалогтың тең төрағасы Эгрисельда Лопес, сондай-ақ Халықаралық электр байланысы одағының (ХЭБО) өкілі қатысты. Бұл цифрлық трансформация мен жасанды интеллектті дамыту мәселелеріне кең ауқымды халықаралық және салааралық көзқарас қалыптастыруға мүмкіндік берді.
Іс-шара барысында цифрлық қоғамдық инфрақұрылымды дамыту, мемлекеттік секторда жасанды интеллектті қолдану, цифрлық технологияларға деген сенімді нығайту, сондай-ақ цифрлық трансформация және жасанды интеллектті басқару салаларындағы халықаралық ынтымақтастық мәселелері талқыланды.
Вице-министр Б.Мұхаметқалиев Қазақстанның мемлекеттік басқаруды цифрлық трансформациялау және AI-Native Government моделіне көшу бағытындағы жетістіктерін таныстырды. Ұлттық цифрлық инфрақұрылымды дамытуға, оның ішінде Smart Data Ukimet платформасына, eGov.GPT жүйесіне, проактивті мемлекеттік қызметтерге, Цифрлық отбасы картасына және электрондық үкіметтің бірыңғай интеграциялық платформасына ерекше назар аударылды.
Институционалдық негізді, заманауи есептеу инфрақұрылымын және адами капиталды дамытуға негізделген Қазақстанның ұлттық жасанды интеллект экожүйесі таныстырылды. Қатысушылар Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан бастамалармен, оның ішінде «Жасанды интеллект туралы» ҚР заңнамасымен, ҚР Президентінің жанындағы Жасанды интеллектті дамыту жөніндегі кеңестің қызметімен, ұлттық суперкомпьютерлік қуаттарды дамытумен, отандық үлкен тілдік модельдерді әзірлеумен және еліміздегі алғашқы Data Center Valley жобасымен танысты.
Астанада ашылған AlemAI халықаралық жасанды интеллектті дамыту орталығына ерекше назар аударылды. Орталық TUMO Astana, Tomorrow School, Халықаралық жасанды интеллект университеті, стартап-экожүйе бағдарламалары мен зерттеу зертханаларын қоса алғанда, жасанды интеллект саласындағы білім беру, ғылыми-зерттеу және инновациялық бастамаларды біріктіріп, кадрларды даярлау мен жасанды интеллект технологияларын енгізудің кешенді платформасын қалыптастыруда.
Өз сөздерінде халықаралық қатысушылар Қазақстанның мемлекеттік басқаруды цифрландыру және жасанды интеллектті дамыту саласындағы жетістіктеріне жоғары баға берді. Қазақстанның цифрлық қоғамдық инфрақұрылымды дамыту, проактивті мемлекеттік қызметтерді енгізу және ұлттық жасанды интеллект экожүйесін қалыптастыру тәжірибесі басқа мемлекеттер үшін үлкен қызығушылық тудыратыны және мемлекеттік басқарудың тиімділігі мен көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруда цифрлық технологияларды пайдаланудың практикалық үлгісі бола алатыны атап өтілді.
Қатысушылар инклюзивті, қауіпсіз және адамға бағдарланған жасанды интеллектті дамыту үшін халықаралық ынтымақтастықты нығайтудың маңыздылығын атап өтті. Цифрлық қоғамдық инфрақұрылымды дамыту, мемлекеттердің әлеуетін арттыру және цифрлық трансформация саласындағы озық тәжірибемен алмасу мәселелеріне ерекше назар аударылды. Сондай-ақ Қазақстанның халықаралық цифрлық күн тәртібін ілгерілетудегі және цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастықтың жаңа платформаларын қалыптастырудағы белсенді рөлі атап өтілді.
Іс-шара Қазақстанның халықаралық ынтымақтастықты дамытуға, озық тәжірибе алмасуға және тұрақты даму мен БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу мүддесінде инновациялық цифрлық шешімдерді ілгерілетуге бейілділігін растады.