
Нью-Йорк, 2026 жылғы 18 маусым - БҰҰ штаб-пәтерінде БҰҰ Экономикалық және Әлеуметтік Кеңесінің (ЭКОСОС) Гуманитарлық мәселелер жөніндегі сегментінің отырысы өтуде. Бұл шара дәстүрлі түрде төтенше гуманитарлық көмекті үйлестіру, жаһандық дағдарыстарға ден қою және қақтығыс аймақтарындағы бейбіт тұрғындарды қорғау жолдарын талқылайтын негізгі халықаралық платформа болып табылады.
Осы іс-шара аясында Қазақстанның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Омаров Халықаралық гуманитарлық құқық жөніндегі жаһандық бастаманың алты негізін қалаушы мемлекеті – Бразилия, Қытай, Франция, Иордания, Қазақстан және Оңтүстік Африканың атынан бірлескен мәлімдеме жасады.
Бастамаға мүше мемлекеттер өз мәлімдемесінде қарулы қақтығыс аймақтарындағы бейбіт тұрғындарды қорғаудың күрделі жағдайына баса назар аударып, барлық тараптарды халықаралық құқық нормаларын қатаң сақтауға шақырды.
«Адамдардың зардап шегуі мен қирау зардаптары көбіне халықаралық гуманитарлық құқық бойынша міндеттемелерге деген адалдық пен жергілікті жердегі шынайы жағдай арасындағы алшақтықтың салдары болып табылады. Бұл алшақтықты еңсеру халықаралық қоғамдастықтан барлық қарулы қақтығыстарда халықаралық гуманитарлық құқықтың жалпыға бірдей, кемсітусіз және әділ қолданылуын талап етеді», – деп атап өтті Қ. Омаров.
Сөз соңында 2026 жылғы 7 желтоқсанда Иордания астанасы Амман қаласында өтетін «Соғыс жағдайындағы адамгершілік» (Humanity in War) атты жоғары деңгейдегі халықаралық конференцияның өткізілетіні жарияланды.
Форумға қатысушылар алты мемлекеттің бірлескен бастамасы үлкен жетістікке жетіп, саяси бағыттары әртүрлі елдерді біріктіруші факторға айналғанын атап өтті. Бүгінгі таңда Халықаралық гуманитарлық құқық жөніндегі жаһандық бастамаға 113 ел ресми түрде қосылды, ал 160-тан астам мемлекеттің өкілдері үкіметаралық консультацияларға белсенді қатысты.
Бұл Жаһандық бастаманың ілгерілетілуі БҰҰ Жарғысы мен халықаралық гуманитарлық құқық нормаларының мүлтіксіз сақталуын дәйекті түрде жақтап келе жатқан Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сыртқы саяси бағытының айқын көрінісі болып табылады. Мемлекет басшысының пікірінше, өсіп келе жатқан әлемдік турбуленттілік жағдайында кез келген жаһандық дағдарысты реттеудің негізі халықаралық құқықтың үстемдігі мен бейбіт тұрғындарды қорғау болуға тиіс.