Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің ашық пікірталастарында «Әйелдер, бейбітшілік және қауіпсіздік» күн тәртібіне бейілділігін растады

Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің ашық пікірталастарында «Әйелдер, бейбітшілік және қауіпсіздік» күн тәртібіне бейілділігін растады

Нью-Йорк, 2026 жылғы 17 маусым - БҰҰ штаб-пәтерінде Колумбияның Сыртқы істер министрінің төрағалығымен «Әйелдер, бейбітшілік және қауіпсіздік» тақырыбында Қауіпсіздік Кеңесінің ашық пікірталастары өтті. Отырысқа жүзге жуық спикер, оның ішінде «БҰҰ-әйелдер» құрылымының Атқарушы директоры Сима Бахус, мүше мемлекеттер мен азаматтық қоғам өкілдері қатысты.

Қазақстанның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Омаров өз сөзінде әлемдік қоғамдастық, орнықты жаһандық болашақ үшін инклюзивті бейбіт процестердің маңызды рөліне қарамастан, әйелдерді бейбіт келіссөздер мен шешім қабылдау процестеріне толыққанды тарту жөніндегі өз міндеттемелерін орындаудан әлі де алыс екенін атап өтті.

Әйелдердің құқықтарын қорғау және олардың бейбіт процестердегі рөлін ілгерілету үшін жаһандық негіз болған БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тарихи № 1325 қарарын іске асыру жөніндегі алғашқы Ұлттық іс-қимыл жоспарын табысты орындауды қамтитын осы бағыттағы Қазақстанның жүйелі жұмысына ерекше назар аударылды. Сонымен қатар әйелдердің тұрақтылықты нығайту мүмкіндіктерін одан әрі кеңейтуге арналған екінші ведомствоаралық іс-қимыл жоспарын әзірлеудің басталғаны туралы айтылды.

Бұған қоса, қазақстандық дипломат Мемлекет басшысының бастамасымен әйелдер құқығын қорғау және тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету саласындағы еліміздің негізгі жетістіктерін, соның ішінде Адам құқықтары мен заңның үстемдігі саласындағы іс-қимыл жоспарын, сондай-ақ әйелдердің құқықтарын қорғауды күшейтуге және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жаңа заңның маңыздылығын атап өтті.

Қазақстандық әскери қызметші әйелдердің БҰҰ-ның Ливандағы, Батыс Сахарадағы және Голан биіктеріндегі бітімгершілік операцияларына табысты қатысуы арқылы Қазақстанның халықаралық тұрақтылыққа қосқан іс жүзіндегі үлесі бөлек атап өтілді.