Қазақстан 2026 жылғы Ядролық қаруды таратпау туралы шартты Шолу конференциясында таратпау мәселелері жөніндегі комитеттің жұмысына төрағалық етуде

Қазақстан 2026 жылғы Ядролық қаруды таратпау туралы шартты Шолу конференциясында таратпау мәселелері жөніндегі комитеттің жұмысына төрағалық етуде

Нью-Йорк, 2026 жылғы 15 мамыр – Нью-Йорктегі Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) штаб-пәтерінде халықаралық қауіпсіздік саласындағы сақталып отырған шиеленіс, тереңдеп келе жатқан геосаяси поляризация және қару-жарақты бақылау мен атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану мәселелері бойынша келіспеушіліктердің күшеюі жағдайында өтіп жатқан Ядролық қаруды таратпау туралы шарттың (ЯҚТШ) қолданылуын қарау жөніндегі 2026 жылғы Шолу конференциясының жұмысы жалғасуда.

Конференцияның негізгі келіссөз бағыттарының бірі Атом энергиясы халықаралық агенттігінің (АЭХА) кепілдіктері, экспорттық бақылау және ядролық қауіпсіздік мәселелерін, сондай-ақ ЯҚТШ режимінің өңірлік аспектілерін қарайтын таратпау мәселелері жөніндегі Екінші бас комитеттің жұмысы болып қала береді. Комитет жұмысына Қазақстан Республикасының БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Омаров төрағалық етеді.

4-15 мамыр аралығында өткен отырыстар барысында қатысушы мемлекеттер Ядролық қаруды таратпау туралы шарттың жаһандық қауіпсіздіктің халықаралық архитектурасының негізі ретіндегі орталық рөлін растады және шолу процесінің саясаттандырылмаған сипатын сақтаудың маңыздылығын атап өтті. Қазақстан комитет төрағасы ретінде инклюзивті, транспарентті және теңгерімді келіссөз процесін дәйекті түрде қолдап, халықаралық ынтымақтастықты, сенімді және көпжақты дипломатияны нығайтуға негізделген тәсілдерді ілгерілетті. Жұмыс қатысушы мемлекеттер арасындағы сенімді сақтауға басымдық бере отырып, прагматикалық әрі консенсусқа бағдарланған форматта жүргізілді.

Сонымен қатар Қазақстан ұлттық деңгейде ядролық қаруды таратпау режимін және халықаралық қауіпсіздікті нығайту саласындағы практикалық бастамаларды ілгерілетуді жалғастыруда. Қазақстан тарапы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың стратегиялық тұрақтылық пен ядролық тәуекелдерді төмендету мәселелері бойынша ядролық державалар арасындағы диалогты қайта жандандыру бастамасының өзектілігін атап өтуде.

Қазақстан басымдықтарының қатарында Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ туралы шартқа Хаттаманы жедел ратификациялауға жәрдемдесу де сақталуда. Аталған Хаттама өңір мемлекеттеріне ядролық державалар тарапынан заңды түрде міндеттейтін теріс қауіпсіздік кепілдіктерін беруді көздейді.

Мемлекеттердің бейбіт ядролық технологияларға қауіпсіз қолжетімділігін қамтамасыз етудің практикалық тетіктерін дамытуға ерекше назар аударылуда. Осы тұрғыда Қазақстанда орналасқан АЭХА Төмен байытылған уран банкі ядролық қауіпсіздік пен сенімнің халықаралық архитектурасының маңызды элементі ретінде атап өтіледі.