
Нью-Йорк, 2026 жылғы 1 мамыр – Ядролық қаруды таратпау туралы шарттың Он бірінші шолу конференциясы аясында Қазақстан Республикасының БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Омаров Хиросима және Нагасаки қалаларының мэрлерімен кездесу өткізді. Кездесу барысында ядролық қарусыздану, таратпау және ядролық қаруды қолданудың гуманитарлық салдары мәселелері, сондай-ақ қалалардың тарихи жадты сақтау мен бейбітшілік мәдениетін қалыптастырудағы рөлі талқыланды.
Тараптар ағымдағы кезеңнің символдық маңызын атап өтті: Хиросима мен Нагасакиге атом бомбалары тасталғанының 80 жылдығы (2025 ж.) және Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына 35 жыл (2026 ж.). Бұл тарихи тәжірибенің өзектілігі сақталып отырғаны және оның қазіргі ұрпақтарға ұзақ мерзімді әсер ететіні атап өтілді. Хиросима, Нагасаки және Семей ядролық қаруды қолданудың апатты гуманитарлық салдарының символдары ретінде айқындалды.
Қазақстан ядролық қарудан азат әлемге дәйекті бейілділігін растады, сондай-ақ әлемдегі көлемі бойынша төртінші ядролық арсеналдан ерікті түрде бас тартудың жаһандық қарусыздануға қосылған нақты үлес екенін атап өтті. Ядролық қарудан азат аймақтардың маңыздылығы, соның ішінде Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақты нығайту, сондай-ақ теріс қауіпсіздік кепілдіктері туралы хаттамаларды ратификациялау процесін аяқтау қажеттігі атап өтілді. Сонымен қатар, Қазақстан Ядролық қаруға тыйым салу туралы шарт шеңберіндегі жұмысы туралы, оның ішінде зардап шеккендерге көмек көрсету және қоршаған ортаны қалпына келтіру жөніндегі халықаралық қор құру бастамасын ілгерілету жөнінде хабардар етті.
Тараптар 160-тан астам елден 8000-нан астам қаланы біріктіретін Mayors for Peace желісінің қарусыздануға гуманитарлық тәсілді ілгерілетудегі маңызды платформа ретіндегі рөлін атап өтті. Қазақстанның аталған желіде бірқатар қалалар арқылы ұсынылғаны атап өтілді.
Желінің Президенті болып табылатын Хиросима қаласының мэрі Кадзуми Мацуи тарихи жадты сақтаудың маңызын және ұйым қызметінің бейсаяси сипатын атап өтіп, оның бейбітшілік мәдениетін қалыптастыруға бағытталғанын жеткізді. Нагасаки қаласының мэрі Сиро Судзуки ядролық сынақтардың салдарын Хиросима мен Нагасаки тәжірибесімен, соның ішінде Қазақстанның тәжірибесімен салыстыра отырып, қалалар арасындағы ынтымақтастықты кеңейту және ядролық қарудың гуманитарлық салдары туралы білімді кеңінен тарату қажеттігін атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ядролық қауіпсіздік, радиациялық мониторинг, қоғамдық денсаулық сақтау және ғылым сияқты бағыттарда қалалар арасындағы өзара іс-қимылды кеңейтуді қоса алғанда, ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделілігін растады.