
Нью-Йорк, 2026 жылғы 28 сәуір – БҰҰ штаб-пәтерінде Бахрейн Корольдігінің Сыртқы істер министрінің төрағалығымен Таяу Шығыстағы жағдай, оның ішінде палестиналық мәселе бойынша БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің кезекті ашық пікірталастары өтті. Отырысқа 79 спикер қатысты, олардың қатарында бірқатар мемлекеттердің сыртқы істер министрлері мен орынбасарлары, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың өкілдері, оның ішінде Бейбітшілік кеңесінің Атқарушы комитетінің мүшесі Тони Блэр болды.
Қазақстан аталған іс-шараға БҰҰ жанындағы Тұрақты өкіл Қайрат Омаров деңгейінде қатысып, өңірлік күн тәртібінің негізгі мәселелері бойынша еліміздің ұстанымын жеткізді.
Өз сөзінде қазақ дипломаты Таяу Шығыстағы жағдайдың күрделі әрі тұрақсыз күйде қалып отырғанын атап өтті. Соңғы оқиғалар, оның ішінде Иран төңірегіндегі шиеленіс пен теңіз қауіпсіздігіне қатысты тәуекелдер ұстамдылық таныту және одан әрі эскалацияға жол бермеу қажеттігін айқындайтыны атап өтілді. Сонымен қатар, Газадағы дағдарыс, палестиналық мәселе және өңірдегі жалпы жағдай өзара тығыз байланысты екені көрсетілді.
Қазақстан халықаралық құқық пен БҰҰ қарарларына негізделген екі мемлекет қағидатына берік қолдау білдіріп, Газадағы күрделі гуманитарлық жағдайға ерекше назар аударды. Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын іске асыру аясында палестиналық студенттерге 500-ге дейін білім беру грантын бөлуге, гуманитарлық көмек көрсетуге, сондай-ақ бейбітшілік бастамаларына қатысу үшін медициналық персонал жіберуге дайын екені мәлімделді.
Сонымен қатар, теңіз қауіпсіздігі мәселелеріне, оның ішінде Ормуз бұғазындағы жағдайға ерекше назар аударылды. Қазақстан Парсы шығанағы елдерімен ынтымақтастық білдіріп, шиеленісті төмендету, кеме қатынасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және өңірлік тұрақтылықты сақтау бағытындағы бірлескен күш-жігердің маңыздылығын атап өтті.
Қорытындылай келе, Қазақстан қақтығыстарды саяси-дипломатиялық жолмен реттеуге бейілділігін растады, тараптарды барынша ұстамдылық танытуға және делдалдық күш-жігерді жандандыруға шақырды, сондай-ақ Таяу Шығыста бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған халықаралық күш-жігерге алдағы уақытта да сындарлы үлес қосуға дайын екенін білдірді.