
Нью-Йорк, 2026 жылғы 16 сәуір – Нью-Йорк қаласындағы БҰҰ штаб-пәтерінде Таяу Шығыстағы жағдай мен Ормуз бұғазындағы кеме қатынасының қауіпсіздігіне арналған БҰҰ Бас Ассамблеясының отырысы өтті. Пікірталастар барысында Қазақстан Республикасының БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Омаров қазіргі жағдайға қатысты еліміздің ұстанымын жеткізді.
Қазақстан өңірдегі шиеленістің артуына алаңдаушылық білдіріп, теңгерімді және өзара қолайлы шешім табудың маңыздылығын атап өтті. Барлық даулар тек диалог пен дипломатия арқылы, сондай-ақ БҰҰ Жарғысының мақсаттары мен қағидаттарына толық сәйкес шешілуі тиіс екені баса айтылды. Осы тұрғыда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың дипломатия мен сындарлы диалог ұзақ мерзімді бейбітшілік пен тұрақтылыққа жетудің жалғыз сенімді жолы екендігі туралы ұстанымы атап өтілді.
Қазақстан қол жеткізілген атысты тоқтату туралы келісімді құптап, оның сақталуына және одан әрі нығаюына үміт білдірді. Сондай-ақ диалогты ілгерілетуге бағытталған қазіргі делдалдық күш-жігердің, оның ішінде бірқатар мемлекеттердің бастамаларының маңыздылығы атап өтілді.
Бейбітшілік пен ынтымақтастық қағидаттарына бейілділігін растай отырып, Қазақстан тарапы қажет болған жағдайда келіссөздер өткізу үшін алаң ұсынуды қоса алғанда, дипломатиялық үдерісті қолдауға дайын екенін мәлімдеді.