Наурыз Мейрамы БҰҰ штаб-пәтерінде аталып өтті

Наурыз Мейрамы БҰҰ штаб-пәтерінде аталып өтті

Нью-Йорк, 2026 жылғы 18 наурыз – Біріккен Ұлттар Ұйымының штаб-пәтерінде Наурыз мейрамын атап өтуге арналған ресми іс-шара өтті. Іс-шараны Орталық Азия мемлекеттерінің БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілдіктері ұйымдастырды.

Қазақстан Республикасының БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Омаров өз сөзінде Наурыздың өңір елдерінің мәдени мұрасының ажырамас бөлігі екенін атап өтіп, оның жаңару, тату көршілік және бірлік құндылықтарын бейнелейтінін жеткізді. Қазіргі жаһандық сын-қатерлер жағдайында бұл мерекенің маңызы арта түсіп, диалогты, өзара түсіністікті және халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға ықпал ететіні атап өтілді.

Сонымен қатар, ол ағымдағы жылғы 15 наурызда Қазақстанда өткен республикалық референдумға тоқталып, оның елдің саяси жаңғыруға және демократиялық институттарды нығайтуға бейілділігін айқындайтын маңызды кезең болғанын айтты. Аталған референдум, Наурыз мейрамы секілді, жаңару, ілгерілеу және неғұрлым әділетті әрі инклюзивті қоғам құруға ұмтылыстың символы екені атап өтілді.

Іс-шараның мәдени бағдарламасы аясында еліміз «Әлқисса» балалар фольклорлық ансамблінің «Алтын адам» атты музыкалық-театрландырылған қойылымымен таныстырылды.

Іс-шара барысында Орталық Азия мемлекеттерінің мәдениеті мен ұлттық мұрасын кеңінен таныстырған көрме ұйымдастырылып, онда ұлттық қолөнер бұйымдары мен дәстүрлі музыкалық аспаптар ұсынылды.