
Нью-Йорк, 2026 жылғы 19 наурыз – Қазақстан Республикасының БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Омаров 2026 жылғы Дүниежүзілік су күніне арналған «Су және гендерлік теңдік» тақырыбындағы іс-шараға қатысты.
Өз сөзінде ол судың қоғамдық денсаулық сақтаудың, азық-түлік қауіпсіздігінің және орнықты дамудың негізі екенін, ал су ресурстарына тең қолжетімділікті қамтамасыз ету әділеттілік пен инклюзивтілік мәселелерімен тікелей байланысты екенін атап өтті. Көптеген елдерде әйелдер мен қыздар су тапшылығының салдарын қатты сезінуіне ерекше назар аударылды, ал олардың су ресурстарын басқару процестеріне қатысуы жеткіліксіз болып қалады.
Қазақстан тарапы климаттың өзгеруі, экожүйелердің тозуы, орнықсыз тұтыну және гидрологиялық циклдің бұзылуы салдарынан жаһандық су ресурстарына түсетін қысымның артып келе жатқанын атап өтті. Қауіпсіз ауыз су мен санитарияға қолжетімділіктің тапшылығы сақталып отырған жағдайда, халықаралық ынтымақтастықты нығайту және су саласындағы жаһандық басқаруды жетілдірудің айрықша маңызға ие екені баса айтылды.
Осыған байланысты, іс-шараға қатысушылар Қазақстан Республикасы Президенті Қ.К. Тоқаевтың БҰҰ-80 реформасы процесінің шеңберінде БҰҰ қамқорлығымен мамандандырылған халықаралық су ұйымын құру жөніндегі бастамасымен таныстырылды. Бұл бастама институционалдық тиімділікті арттыруға, функциялардың қайталануын қысқартуға және су күн тәртібіне тиісті саяси мән беруге бағытталған.
Сондай-ақ, аталған мәселе бойынша алғашқы халықаралық консультацияларды ү.ж. сәуір айында Астанада Өңірлік экологиялық саммит аясында өткізу жоспарланып отырғаны жария етілді. Қазақстан БҰҰ-ға мүше мемлекеттер мен серіктестерді су күн тәртібі бойынша одан әрі диалогқа белсенді қатысуға шақырды.