Қазақстан мен БҰҰ Ауғанстан бағыты бойынша ынтымақтастықты нығайтуда

Қазақстан мен БҰҰ Ауғанстан бағыты бойынша ынтымақтастықты нығайтуда

Нью-Йорк, 2026 жылғы 9 наурыз – Нью-Йорк қаласындағы Біріккен Ұлттар Ұйымының штаб-пәтерінде Қазақстан Республикасы Президентінің Ауғанстан жөніндегі арнайы өкілі, ҚР Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Еркін Тұқымов БҰҰ Бас хатшысының саяси мәселелер және бейбітшілікті нығайту жөніндегі орынбасары Розмари ДиКарломен кездесу өткізді.

Кездесу барысында тараптар Ауғанстандағы қазіргі ахуалды, соның ішінде гуманитарлық және әлеуметтік-экономикалық мәселелерді талқылап, елдегі тұрақтылық пен орнықты дамуды қамтамасыз етудегі халықаралық қоғамдастық пен өңір мемлекеттерінің рөлі жөнінде пікір алмасты.

Е. Тұқымов Қазақстанның ауған бағыты бойынша ұстанымдары туралы айтып, Ауғанстанның іс жүзіндегі билік құрылымдарымен прагматикалық және кезең-кезеңімен өзара іс-қимылды дамыту, гуманитарлық қолдауды жалғастыру және ауған азаматтарына арналған білім беру бағдарламаларын жүзеге асырудың маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар ауған мамандарын даярлау және білім беру бастамаларын дамыту елдің ұзақ мерзімді әлеуметтік-экономикалық қалпына келуі үшін ерекше маңызды екеніне назар аударды.

Өз кезегінде Р. ДиКарло БҰҰ-ның Ауғанстандағы қазіргі қызметі және ұйымның елдегі іс жүзіндегі билік өкілдерімен өзара іс-қимылы туралы ақпарат берді. Ол ауған тарапымен диалогты сақтаудың маңыздылығын атап өтіп, БҰҰ-ның адам құқықтарын сақтау, соның ішінде әйелдер мен қыздардың білім алу құқығын қамтамасыз ету мәселелері бойынша ұстанымы өзгермейтінін айтты.

Кездесу барысында БҰҰ-ның Ауғанстанға жәрдемдесу миссиясының қызметі, сондай-ақ гуманитарлық көмек көрсету мен орнықты дамуды қолдау бағытындағы халықаралық күш-жігерді үйлестіру мәселелері де қарастырылды.

Сұхбаттастар сондай-ақ Орталық Азия мемлекеттерінің өңірлік тұрақтылықты қамтамасыз етудегі рөлін талқылап, өңірлік ынтымақтастықты нығайту, көлік-логистикалық байланыстарды дамыту және практикалық өзара іс-қимылды кеңейтудің Ауғанстандағы ұзақ мерзімді тұрақтылықты қамтамасыз етудегі маңызын атап өтті.

БҰҰ Бас хатшысының орынбасары ауған халқына көрсетіліп жатқан гуманитарлық және білім беру бастамаларын қоса алғанда, Қазақстанның қолдауын жоғары бағалап, елдің және өңір мемлекеттерінің Ауғанстандағы тұрақтылық пен дамуға жәрдемдесудегі сындарлы рөлін атап өтті. Сондай-ақ ол Алматы қаласында Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған Орнықты даму мақсаттары жөніндегі БҰҰ Өңірлік орталығын құру бастамасын қолдап, оның өңірлік ынтымақтастықты нығайту мен халықаралық күш-жігерді үйлестіру үшін маңызды алаң бола алатынын айтты.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан мен БҰҰ арасындағы ауған бағыты бойынша ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға өзара мүдделілігін растады.