БҰҰ Жарғысының 80 жылдығы: Қазақстан Ұйымның мақсаттары мен қағидаттарына адалдығын растады

БҰҰ Жарғысының 80 жылдығы: Қазақстан Ұйымның мақсаттары мен қағидаттарына адалдығын растады

Нью-Йорк, 2025 жылғы 24 қазан – Халықаралық қауымдастық қазіргі заманғы халықаралық қатынастар жүйесінің негізін қалаған және жаһандық бірліктің символына айналған Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының күшіне енгеніне 80 жыл толуын атап өтуде.

Осы күні БҰҰ штаб-пәтерінде Қауіпсіздік Кеңесінің «БҰҰ: болашаққа көзқарас» тақырыбындағы ашық пікірталастары өтті. Бұл отырыс Ұйымның жаңа сын-қатерлерге тиімді жауап беріп, неғұрлым әділетті әрі орнықты халықаралық тәртіпті қалыптастырудағы орталық рөлін сақтау жолдарын талқылауға маңызды алаң болды. Отырысты ашқан БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш Жарғы қағидаттарына қайшы келетін әрекеттер БҰҰ жүйесіне деген сенімді әлсіретіп, халықаралық қауіпсіздікке қатер төндіріп қана қоймай, қауіпті прецеденттер туғызып, сенім дағдарысын тереңдететінін атап өтті.

Қазақстан атынан сөз сөйлеген БҰҰ жанындағы Тұрақты өкіл Қайрат Омаров БҰҰ Жарғысының 80 жылдығы – бұл тарихи мұраны дәріптеу ғана емес, мүше мемлекеттердің ұжымдық жауапкершілігін жаңартуға айқын үндеу екенін атап өтті. Ол сенім дағдарысы мен Жарғы қағидаттарының таңдамалы түрде қолданылып отырған қазіргі жағдайда Жарғының іргелі рөліне балама жоқ екенін және оның ережелері толық әрі адал орындалуға тиіс екенін айтты.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзін келтіре отырып, Тұрақты өкіл былай деді: «XXI ғасырда БҰҰ беделін көтеру үшін Ұйымға мүше мемлекеттер бейбітшілік пен қауіпсіздіктің іргесін бекемдейтін нақты қадамдар жасауға тиіс. Әйтпесе, БҰҰ үнемі мәселенің салдарымен күресуден көз ашпайды. Ал проблеманың түпкі себептері үсті-үстіне көбейе береді».

Ол атап өткендей, халықаралық жүйеге деген сенімді қалпына келтіру нақты істермен қамтамасыз етілуі керек. Бұл – Қауіпсіздік Кеңесін неғұрлым өкілетті және тиімді ету үшін реформалау, дамушы елдер мен жауапты орта державалардың рөлін күшейту, сондай-ақ барлық мүше мемлекеттердің тең қатысуын қамтамасыз ететін ең инклюзивті орган ретінде Бас Ассамблеяны жандандыру шараларын қамтиды. Қазақстан БҰҰ Бас хатшысының «UN80» бастамасына айрықша назар аударады. Аталған бастама Ұйымды реформалауға, жаңғыртуға және нығайтуға, сондай-ақ заманауи сын-қатерлерге жедел әрекет ету қабілетін арттыруға бағытталған.

Қазақстан Республикасының күні қарсаңында сөйлеген Қайрат Омаров еліміздің жауапты орта держава және әртүрлі күш орталықтары арасындағы дәнекер рөлін одан әрі атқаруға, БҰҰ-ның орталық рөлін нығайтуға және көпжақты дипломатияны бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етудің баламасыз тетігі ретінде дамытуға дайын екенін растады.