
Нью-Йорк, 2025 жылғы 22 қазан – Манхэттеннің қаржы орталығында ҚР Республика күніне арналған Мемлекеттік туды көтеру салтанатты рәсімі өтті.
Іс-шараға Нью-Йорк мэриясының, дипломатиялық корпус өкілдерінің, БҰҰ жанындағы ҚР Тұрақты өкілдігінің, Нью-Йорк қаласындағы ҚР Бас консулдығының, сондай-ақ қазақстандық диаспора мен жастар өкілдерінің қатысуымен өтті.
Биылғы рәсімнің маңызын арттырған оқиға – Нью-Йорк мэриясының ҚР Республика күніне орай «Қазақстан мұрасы күні» (Kazakhstan Heritage Day) деп жариялаған ресми прокламациясының табысталуы болды.
Аталған құжатқа Нью-Йорк мэрі Эрик Адамс атынан қол қойылып, ол Қазақстанға деген құрмет пен қазақстандық қауымдастықтың қаланың мәдени және қоғамдық өміріне қосқан үлесін танудың белгісі ретінде қабылданды.
Прокламация Қазақстан мен Америка Құрама Штаттары арасындағы достық байланыстардың беріктігін айғақтап, Нью-Йорк қаласының өзара құрмет пен халықаралық серіктестік қағидаттарына адалдығын білдірді.
Қала әкімшілігі атынан құттықтау сөз сөйлеген Халықаралық істер жөніндегі арнайы кеңесші Чарльз Даймонд диаспораның мәдениетаралық диалогты дамытуға қосқан үлесін атап өтіп, Нью-Йорк пен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге қолдау білдірді.
Салтанатты шараның ерекше атмосферасын Нью-Йоркте тұратын америкалық музыкант Джефф Герш (Jeff Gersh) қалыптастырды. Ол қазақтың ұлттық аспабы — домбыраны меңгеріп, өзінің орындауында қазақтың дәстүрлі музыкалық туындыларын ұсынды.
Музыкалық бөлімге қазақстандық диаспора өкілі, «Viva Music Carnegie Hall – 2022» байқауының жеңімпазы Гүлзар Габман (Gulzar Gabman) да қатысып, қазақ әндерін орындады. Шара барысында шырқалған әуендер екі ел арасындағы мәдени өзара іс-қимыл мен достықтың көрінісіне айналды.
Өз сөзінде ҚР Нью-Йорк қаласындағы Бас консулы Рауан Тлеулин Нью-Йорк мэриясына ынтымақтастығы мен қолдауы үшін алғыс білдіріп, прокламацияның табысталуы Қазақстан мен АҚШ арасындағы достық пен өзара құрметтің маңызды белгісі екенін атап өтті.