Қасым-Жомарт Тоқаев Франция Президентімен кездесу өткізді

Қасым-Жомарт Тоқаев Франция Президентімен кездесу өткізді

Нью-Йорк, 2025 жылғы 23 қыркүйек – БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-ші сессиясы алаңында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Франция Президенті Эмманюэль Макронмен кездесу өткізді.

Келіссөз барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықтың жай-күйін талқылады. Мемлекет басшысы Францияның Қазақстан үшін Еуропа Одағындағы басты әрі сенімді серіктес екенін атап өтті.

Әңгімелесу кезінде осыған дейін жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтардың нәтижесінде энергетика, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы және денсаулық сақтау салаларында нақты жетістіктерге қол жеткізілгені айтылды.

Сонымен қатар мәдени-гуманитарлық байланыстардың қарқынды дамып келе жатқаны атап өтілді.

Қазақстан мен Франция Президенттері халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті геосаяси мәселелер жөнінде де пікір алмасты.