Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-ші сессиясы аясында кезекті екіжақты кездесулер өткізді

Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-ші сессиясы аясында кезекті екіжақты кездесулер өткізді

Нью-Йорк, 2025 жылғы 23 қыркүйек - Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-ші сессиясы аясында бірқатар екіжақты кездесулер өткізді.

Мемлекет басшысы Люксембург Премьер-министрі Люк Фриденмен келіссөз жүргізді. Кездесу барысында екіжақты ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелері талқыланды. Президент Қазақстан мен Люксембург арасында ежелден достыққа және сындарлы өзара әрекеттестікке негізделген қарым-қатынас қалыптасқанын атап өтті. Әңгімелесу кезінде сауда-инвестициялық ықпалдастықты дамытуға, сондай-ақ цифрландыру мен қаржы технологиялары салаларындағы бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға ерекше көңіл бөлінді. Осы мақсатта тараптар екі елдің бизнес қауымдастығы арасындағы байланыстарды жандандыруға уағдаласты.

Одан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Монако Князі ІІ Альбермен кездесті. Мемлекет басшысы Қазақстан мен Монако арасындағы қарым-қатынастың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтіп, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейтудің зор әлеуеті бар екенін айтты. Президент Князь ІІ Альберді Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды. Сондай-ақ тараптар халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.

Келіссөздердің жалғасында Мемлекет басшысы Финляндия Президенті Александр Стуббпен кездесті. Әңгіме барысында екіжақты ынтымақтастық пен халықаралық күн тәртібіндегі өзекті тақырыптар қарастырылды. Қасым-Жомарт Тоқаев жоғары деңгейдегі жемісті саяси диалогтың елдер арасындағы ынтымақтастықты тереңдетуде маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Осы ретте Президент Финляндия басшысының Қазақстанға жасайтын алдағы сапары сауда-экономикалық, инвестициялық және гуманитарлық өзара іс-қимылды жаңа деңгейге көтеретініне сенім білдірді. Кездесуде қазіргі геосаяси ахуалға да баса мән берілді.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Бельгия Премьер-министрі Барт де Вевермен келіссөз жүргізді. Мемлекет басшысы Қазақстанның Еуропа Одағындағы маңызды серіктестерінің бірі саналатын Бельгиямен ұзақ мерзімді ынтымақтастықты дамытуға ерекше мән беретінін айтты. Ол Бельгия Қазақстанның ең ірі он инвесторының қатарына кіретінін және былтыр екіжақты тауар айналымы жарты миллиард долларға жуықтағанын атап өтті. Әңгімелесу барысында экономикалық байланыстарды одан әрі арттырудың зор әлеуеті бар екені көрсетілді. Әсіресе, аса маңызды минералдарды игеру, мұнай химиясы, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, көлік-логистика, жасанды интеллект, қаржы, туризм және білім беру салаларында кең мүмкіндіктер бар екеніне назар аударылды. Өз кезегінде Барт де Вевер мазмұнды пікір алмасуға мүмкіндік берілгені үшін ризашылығын білдіріп, Король Филипптің ізгі тілегін жеткізді.