Нью-Йорк, 2025 жылғы 5 қыркүйек - БҰҰ-ның 80 жылдығы қарсаңында, сондай-ақ Шанхай ынтымақтастық ұйымы мен Біріккен Ұлттар Ұйымы арасындағы ынтымақтастықтың 20 жылдығына орай БҰҰ Бас Ассамблеясы «БҰҰ мен Шанхай ынтымақтастық ұйымы арасындағы ынтымақтастық» қарарын қабылдап, онда Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті бейбітшілік, келісім және даму үшін жаһандық бірлік туралы» бастамасына қолдау білдірілді.
Қазақстанның ШЫҰ-ға төрағалығы аясында 2024 жылғы 4 шілдеде Астанада өткен «ШЫҰ плюс» саммитінде Мемлекет басшысы ұсынған және Мемлекеттер басшылары кеңесі мақұлдаған бастама, БҰҰ-ның орталық үйлестіруші рөлі жағдайында неғұрлым әділетті, демократиялық және көпполярлы әлемдік тәртіпті қалыптастыруға бағытталған жаһандық күш-жігерге маңызды үлес болып танылды.
БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарды қабылдауы, мемлекеттердің ынтымақтастығын нығайтуға, барлық елдердің тең мүмкіндіктерін қамтамасыз етуге және өзара сенім мен әріптестік қағидаттарын ілгерілетуге бағытталған қазақстандық бастаманың халықаралық қауымдастық тарапынан кең қолдау тапқанының айқын дәлелі болды.
Аталған құжат Қазақстанның әлемдік қауымдастықта сұранысқа ие бастамаларды ұсынатын орта держава ретіндегі өскелең рөлін көрсетіп, ШЫҰ-ның жаһандық аренада белсенді естіліп келе жатқан беделді өңірлік ұйым ретіндегі маңыздылығын айқындайды.